Бүгін «Ауыл» партиясы Ақмола облысы Біржан сал ауданы Үлгі ауылының тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Ауыл» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл кездесуге «Ауыл» партиясы Төрағасы Қ.Қ.Айтуғанов Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидаттар Ә.Е. Қажібекова, А.А. Разинков, С.Р. Абдуразақова, А.Н. Қуатбай және А.А.Үстемірова қатысты.
Ауылдың басты күнкөріс көзі - егіншілік пен мал шаруашылығы екені белгілі. Осыған байланысты мәселелерді талқылау барысында партия мүшелері өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Онда ауылдық аумақтар мен агроөнеркәсіпті дамыту, фермерлерді қолдау және заманауи технологиялар мен жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау бастамалары болды.
Сонымен қатар, ол жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, отбасылардың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған «Ауладан – дастарқанға» жобасының табысты нәтижелеріне тоқталды.
Депутаттыққа кандидаттар да өз бастамаларын ұсынып, тұрғындар тарапынан қойылған мемлекеттік қолдау, әлеуметтік инфрақұрылым, жолдардың сапасы мен жастарды жұмыспен қамту сияқты өзекті сұрақтарға жауап берді.