Павлодар қаласында сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан (ЖСДП) Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидаттар Ажар Сағандықова мен Роза Жүсіпова «Ерекше балалардың ата-аналар одағы» РҚБ Павлодар филиалының өкілдерімен ашық кездесу өткізді, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ЖСДП сайлауалды штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашық диалог форматында өткен кездесу барысында партия өкілдері мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен олардың күнделікті өміріндегі өзекті мәселелерді талқылап, «Прогреске бастар 20 белес!» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Соның ішінде әлеуметтік саланы дамыту шаралары назарға алынды. Атап айтқанда, инклюзивті қоғамды қолдау, медициналық сақтандыру жүйесін қайта қарау (жою), тұрғын үй бағдарламаларын тиімді ету және зейнетақы заңнамасын әділ реформалау мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.
«Мына мәселені ашық айту керек: біз ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың зейнетке шығу жасын 55 жасқа дейін төмендету мәселесін күн тәртібінен түсірмейміз. Бұдан бөлек, біз аналарға жәрдемақы төлеуді тоқтатып, оларды өз балаларының әлеуметтік қызметкері ретінде ресімдеуді ұсынамыз. Осылайша олар толыққанды жалақы алып, одан әлеуметтік және зейнетақы аударымдары жүріп отырады. Тағы бір үлкен проблема – МӘМС. Біздің партия бұл жүйені мүлдем жойып, төсек-орын үшін күресетін медициналық мекемелерге емес, пациенттің мүддесіне бағытталған тікелей мемлекеттік қаржыландыру моделіне көшуді талап етеді», – деді партия өкілі Ажар Сағандықова.
Кездесу барысында айтылған ата-аналардың ұсыныстары мен бастамалары ресми түрде хатталып, заңнамалық тұрғыдан одан әрі пысықталуы үшін ЖСДП сайлауалды штабының тізіліміне енгізілді.