«Байтақ» партиясы Екібастұз теміржолшыларымен кездесті

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының Екібастұз қалалық филиалының өкілдері «МАК Екібастұз» серіктестігі ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырды.

Кездесуде экологиялық қауіпсіздік, өндірістік өңірлердегі қоршаған ортаны қорғау, еңбек адамдарының денсаулығы және тұрақты даму мәселелері талқыланды. Теміржол саласының қызметкерлері өз ұсынысы мен пікірлерін ортаға салды.

«Экологиялық қауіпсіздік – халықтың денсаулығы мен өңірдің тұрақты дамуының негізі. Сондықтан біз табиғатты қорғаумен қатар, еңбек адамдарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдаймыз», – деді қалалық филиал төрағасы Нұрсұлтан Ақжігітов.

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер сайлаушылармен ашық диалог орнатуға, өңір тұрғындарының нақты ұсыныстарын тыңдап, оларды сайлауалды бағдарламаны іске асыру барысында ескеруге мүмкіндік береді.