Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ-тың Иранға қарсы ықтимал әскери әрекеттеріне қолдау көрсететін немесе жәрдемдесетін Таяу Шығыс елдері оның салдары үшін жауап беретінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Аракчидің сөзінше, АҚШ пен Израиль тарапынан Иранға қарсы шабуыл жасалып, оған өңір елдері қатысса, Иран қарулы күштері «батыл әрі барабар жауап» қайтарады.
Сондай-ақ, Иран армиясының «Хатам әл-Әнбия» орталық штабының қолбасшысы, генерал-майор Али Абдоллахи мұсылман елдерін АҚШ-пен әскери ынтымақтастықты қайта қарауға шақырып, Вашингтонның әрекеттерін қолдайтын мемлекеттер соғыс қаупіне тап болуы мүмкін екенін ескертті.
Еске салайық, 31 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның қару-жарақ бағдарламасын тоқтату үшін елдің инфрақұрылымдық нысандарына соққы беруі мүмкін екенін мәлімдеген еді. Ал CBS News мәліметінше, АҚШ пен Израиль Иранның энергетикалық инфрақұрылымына бірлескен соққы жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр.