«Әділет» партиясының Астана қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын таныстыру аясында Байқоңыр аудандық штабының өкілдері №1 автобус паркінің еңбек ұжымымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жиынға 200-ге жуық адам қатысып, кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті.
Кездесуге «Әділет» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары Жұлдыз Данбаева мен Евгений Больгерт, партияның сенімді өкілдері Бибігүл Исқақова мен Дәулет Тәңірберген, «Әділет» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұхаммед Болысбек және Байқоңыр аудандық партия штабының өкілі Дамир Абдуллаев қатысты.
Кездесу барысында елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру және жолаушыларға көрсетілетін қызметті жақсарту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, автобус паркін кезең-кезеңімен жаңарту, бағыттар желісін кеңейту, қозғалыс аралығын қысқарту және тұрғын аудандарды сапалы қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету бағытындағы бастамалар таныстырылды.
Сонымен қатар, LRT жобасын одан әрі дамыту жоспарлары таныстырылып, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту, тұрақты жұмыспен қамтуды қолдау және әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту мәселелері сөз болды.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.