Енді шенеуніктердің азаматтарды қабылдауы міндетті түрде бейнежазбаға түсіріледі

Жаңа ереженің басты жаңалығы – барлық қабылдау міндетті түрде аудио және бейнежазбаға түсіріледі.

Қазақстанда азаматтарды мемлекеттік органдарда қабылдаудың жаңа бірыңғай тәртібі енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Енді азаматтарды министрлер мен облыс әкімдерінен бөлек, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ мәслихат төрағалары мен олардың орынбасарлары да тұрақты қабылдайды.

Жаңа ереженің басты жаңалығы – барлық қабылдау міндетті түрде аудио және бейнежазбаға түсіріледі. Сонымен қатар, мәселе шешілмесе, азаматты қайта қабылдаудан бас тартуға болмайды және өтінішті бұрын қараған қызметкерге қайта жолдауға тыйым салынады.

Қабылдау қорытындысы бойынша азаматқа алғаш рет ресми хаттама беріледі. Онда қабылданған шешімдер, жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері көрсетіліп, үш жұмыс күні ішінде «Электрондық өтініштер» жүйесі арқылы жіберіледі.

Барлық қабылдау процесі цифрлық форматқа көшіріліп, әр өтінішке жеке тіркеу нөмірі беріледі. Қажет болған жағдайда қабылдау бейнеконференция арқылы өткізіледі.