Қазақстан құрамасы халықаралық олимпиадада тарихи нәтиже көрсетті

Қазақстан құрамасының аталған олимпиадаға қатысу тарихында алғаш рет команда мүшелерінің барлығы марапатқа ие болды

26 шілде мен 2 тамыз аралығында Румынияның Бухарест қаласында Лингвистикадан халықаралық олимпиада (IOL) өтті.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстан құрамасының төрт мүшесі де жоғары нәтиже көрсетіп, бір қола медаль мен үш Құрмет грамотасын иеленді.

Қола медаль иегері: Шыңғыс Карасаев - Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы.

Құрмет грамотасының иегерлері: Рамазан Бутантаев - Маңғыстау облысы Ақтау қаласы бойынша білім бөліміне қарасты Мамандандырылған IT лицейінің 11-сынып оқушысы; Аслан Ажибаев - Павлодар қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы; Кирилл Тургумбаев - Қостанай облысы Жітіқара ауданы білім бөліміне қарасты Абай атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы.

Құрамаға Ягеллон университетінің студенті Оспанова Дана Еркінқызы жетекшілік етті.