Әйелдер форумы «Өнер орталығы» өнер сарайында өтіп, оған еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық адам қатысты. Олардың қатарында этномәдени бірлестіктердің, Аналар кеңесінің, кәсіподақтардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, қаржы, цифрландыру және әлеуметтік қорғау саласының мамандары, сондай-ақ жастар, шығармашылық зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.
Форумға қатысушыларға арнаған сөзінде партия Төрағасы Айбек Дәдебай Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған жаңа Конституция әділеттілік, заң үстемдігі және адамға құрмет қағидаттарына негізделген Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне берік құқықтық негіз қалағанын айтты. Бүгінде партия осы қағидаттарды әрбір азаматтың күнделікті өмірінде нақты сезілетін шешімдермен толықтыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Бұл ретте отбасы институтын нығайтуға, әйелдер мен балаларды қорғауға, сондай-ақ әйелдердің елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейтуге ерекше назар аударылады. Ол партия Құрылтай депутаттығына ұсынған 186 кандидаттың 72-сі немесе 39 пайызы әйелдер екенін еске салды.
«Бұл кездесу біз үшін ерекше маңызды. Бүгін мұнда бала тәрбиелеп, еңбек етіп, жұмыс орындарын ашып, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және өзге де салаларды дамытып жүрген әйелдер жиналды. «Әділет» партиясы Мемлекет басшысының конституциялық реформаларын қолдайды және Конституцияда бекітілген әділеттілік, заң үстемдігі және адамға құрмет қағидаттарын нақты шешімдер арқылы жүзеге асыруды өзінің міндеті деп санайды. Сондықтан әйелдерді қолдау, балаларды қорғау және отбасы институтын нығайту – біз үшін негізгі басымдықтардың бірі. Біз әйелдердің мемлекеттік шешім қабылдау ісіне кеңінен қатысқаны дұрыс деп санаймыз және олардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге, заңнаманы жетілдіруге бағытталған шараларды жүйелі түрде қолдаймыз», – деді Айбек Дәдебай.
Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты тек құқықтық норма ретінде ғана емес, қоғамның күнделікті өмір салтының негізі ретінде де жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.
Форумның жеке бір бөлігі отбасы денсаулығы мен адами әлеуетті дамыту мәселелеріне арналды. Партия денсаулық сақтау жүйесінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде профилактиканы күшейтуді ұсынып, ана мен бала денсаулығына, репродуктивті денсаулыққа, профилактикалық тексерулерге, бұқаралық спортқа және психологиялық әл-ауқатқа ерекше көңіл бөлуді көздейді.
Ұсынылған шаралар туралы Құрылтай депутаттығына кандидат Динара Зәкиева айтып берді. Оның сөзінше, бүгінде білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерінің 80 пайыздан астамы, кәсіпкерлікпен айналысатындардың 48 пайызы – әйелдер, ал ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік қызметтегі олардың үлесі 42 пайызға жетеді. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған 11 заң қабылданғанын еске салды.
«Партия жасанды интеллектіні пайдалану арқылы мүгедектікті проактивті түрде белгілеу жүйесін енгізуді, атаулы әлеуметтік ваучерлер жүйесін кеңейтуді, сегіз оңалту орталығын ашуды және ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау бағдарламаларын жаңартуды ұсынады. Партия бағдарламасының негізінде әділеттілік қағидаты жатыр. Біз оның әрбір адамның, әсіресе қолдауға мұқтаж жандардың күнделікті өмірінде нақты жұмыс істеуіне күш саламыз», – деді Динара Зәкиева.
Ол сондай-ақ партия бағдарламасында балабақшаларда 79 мың жаңа орын және мектептерде 300 мың оқушы орнын ашу көзделгенін айтты. Бұдан бөлек, тоғыз перинаталдық орталық ашып, барлық өңірде инвазивті емес диагностика орталықтарын құру жоспарланып отыр.
Бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық бағытын Құрылтай депутаттығына кандидат Ләззат Шыңғысбаева таныстырды. Ол қолжетімді тұрғын үйді дамыту, профилактикалық медицинаны күшейту, 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру, орта бизнесті қолдау және жаңа экономиканы нығайту бағытындағы шаралар туралы айтты. Партия ауылдық жерлердегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға да ерекше назар аударады.
«Кез келген отбасы үшін экономиканың басты көрсеткіші – әл-ауқат. Сондықтан партия шағын және орта бизнесті қолдауды, меншік құқығын қорғауды, әкімшілік кедергілерді азайтуды және лайықты еңбекақы төленетін еңбекке жағдай жасауды көздейді. Алдағы бес жылда 5 миллион адам жасанды интеллект технологияларын меңгеруі тиіс. Бұл азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа экономиканың дамуын жеделдетуге ықпал етеді», – деді Ләззат Шыңғысбаева.
Әйелдерге құқықтық қолдау көрсету және бағдарламаның «Заң және тәртіп» бағытын жүзеге асыру туралы Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ирина Тен мен Айжан Аймағанова баяндады. Олар әйелдерге, әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, еңбек және әлеуметтік құқықтарының бұзылуына қатысты жағдайларда, құқықтық көмек пен қорғауды дер кезінде алу мүмкіндігі қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті.
Форумға қатысушылар да өз пікірлерімен бөлісті. «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қоғамдық ұйымының Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Меруеш Башай елдің әл-ауқаты берік отбасынан, ананы қолдаудан және бала тәрбиесінен басталатынын айтты. Оның сөзінше, дәл осы мәселелер партияның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан. Aqtóbe телеарнасының шеф-редакторы Бибігүл Биманова Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы адамдар бір-бірін тыңдап, ести білетін отбасынан басталатынын атап өтті. Оның пікірінше, партия бағдарламасының түпкі мақсаты – өзара құрметке, ашық диалогқа және әр адамның жауапкершілігіне негізделген қоғам қалыптастыру. Психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әлия Мәмбеталина Қазақстанда алғаш рет психологиялық қызметтің жұмысын жүйелі түрде реттейтін арнайы заң қабылданғанын еске салды.
«Әділет» партиясы психологиялық денсаулық мәселесін алғашқылардың бірі болып ашық көтеріп, оны өзінің саяси бағдарламасына енгізді және психологиялық әл-ауқатты басым бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Бұл – дер кезінде қабылданған әрі маңызды шешім», – деді форумға қатысушы Әлия Мәмбеталина.
Форум соңында Айбек Дәдебай партияның барлық бастамасын бір мақсат – әрбір қазақстандық отбасының өмір сапасын арттыру міндеті біріктіретінін атап өтті.
«Біз жекелеген шараларды емес, жүйелі тәсілді ұсынамыз. Бұл – балабақшалар мен мектептердегі жаңа орындар, перинаталдық орталықтар, профилактикалық медицина, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау. Сонымен қатар біз жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыруымыз қажет. «Таза Қазақстан» – бұл тек тазалық қана емес, айналасында болып жатқанның бәріне әр адамның жауапкершілікпен қарауы. Осындай ұстаным арқылы ғана мемлекеттік саясаттың өзегінде адам, отбасы және өмір сапасы тұрған қуатты орта державаны құра аламыз», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.
Форумнан кейін республикалық сайлауалды штаб мүшелері Ақтөбе облысындағы жұмысын жалғастырды. Кандидаттар өңірдегі мұнайшылармен, металлургтермен, кәсіпкерлермен, ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен және креативті жас өкілдерімен кездесу өткізеді.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy