Сайлау күні басқа елді мекенде болатын сайлаушылар дауыс беру үшін дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін ала алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының бүгінгі отырысында ОСК мүшесі Азамат Айманакумов айтып берді.
Оның айтуынша, дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін дауыс беру күніне 15 күн қалған уақыттан бастап дауыс беру күнінің алдындағы күнгі сағат 18:00-ге дейін алуға болады.
Мұндай куәлікті учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының жазбаша өтініші және жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі негізінде береді. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады.
«Азаматтар тұрғылықты жері бойынша тіркелген учаскелік сайлау комиссиясынан 7 тамыздан бастап 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін алуға құқылы. Бұл ретте бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға мұндай куәлік берілмейтінін атап өткен жөн. Жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді және олардың телнұсқалары берілмейді», – деді Азамат Айманакумов.