Шекарада 3,9 млрд теңгенің тауарын заңсыз тасымалдау әрекеті тоқтатылды

ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, шілдеде құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, шекара кеңістігінде Қазақстан заңнамасын бұзған 4 975 адам ұсталды. Олардың басым бөлігі – 4 346 адам шетел азаматтары.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі 2026 жылдың шілде айындағы жұмыс қорытындысын шығарып, бір ай ішінде ведомство қызметкерлері бес мыңға жуық құқық бұзушыны ұстаған. Сонымен қатар, тауарларды шекара арқылы заңсыз тасымалдаудың мыңдаған әрекетінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Aikyn.kz

Есепті кезеңде шекарашылар мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз тасымалдаудың 2 476 әрекетіне тосқауыл қойды. Тәркіленген жүктердің жалпы құны 3,9 млрд теңгеден асты.

Атап айтқанда:

есірткі заттарын заңсыз тасымалдаудың 39 фактісі;

қару мен оқ-дәрілерді алып өтудің 88 фактісі анықталды. 108 бірлік суық қару мен 2 131 оқ-дәрі тәркіленді;

жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдаудың 1 808 фактісі. Тәркіленген ЖЖМ-ның жалпы көлемі 150 тоннадан асты, құны – 33,4 млн теңге;

жалпы құны 1,3 млрд теңгеден асатын халық тұтынатын тауарларды заңсыз тасымалдаудың 392 фактісі;

2,1 млрд теңгеден астам сомаға валютаны заңсыз тасымалдаудың 149 фактісі тіркелді.

Сонымен қатар өндірісте 4 295 әкімшілік іс бар. Олар бойынша жалпы сомасы 38 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Анықталған қалған фактілер бойынша материалдар процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жіберілді.

Бұған дейін ҰҚК Шекара қызметі Қазақстаннан декларацияланбаған ақшалай қаражатты алып шығуға тырысқан  38 жағдайды анықтағаны хабарланған болатын.