Өткен тәулікте Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 13 орман өрті тіркелді. Өрт ошақтарының көпшілігі авиациялық патрульдеу мен орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің арқасында жедел анықталды, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Құзырлы ведомство мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында екі өрт тіркелді. Тағы бір-бір өрт ошағы Қарағанды облысында, "Марқакөл", "Қорғалжын", мемлекеттік табиғи қорықтарында, "Баянауыл", "Қарқаралы" мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде және "Жасыл аймақ" РМК территориясында анықталды. Сондай-ақ "Ертіс орманында", "Семей орманында" екі өрт ошағы тіркелді.
Өрт ошақтары РМҚК "Қазавиаорманқорғау" кәсіпорнының әуе патрульдеуі және орман өрттерін ерте анықтау жүйесі арқылы дер кезінде анықталды. Өрт туралы хабарлама түскен сәттен бастап орман мекемелерінің күштері мен құралдары жедел түрде оқиға орнына жіберілді.
"Елімізде аптап ыстық пен найзағайлы фронттардың сақталуына байланысты өрт қаупі жоғары деңгейде қалып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік орман күзеті мен РМҚК "Қазавиаорманқорғау" күштері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Әуе және жерүсті патрульдеу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде", - делінген Экология министрлігі хабарламасында.