Соңғы он жылда қазақ тіліндегі әндер YouTube арқылы миллиондаған тыңдарманға жетті. Кейбір композициялар Қазақстан аумағынан шығып, шетелдік аудитория арасында да танымал болды.
Бұл тізімді жасаудағы басты критерий — әннің қазақ тілінде орындалуы. Негізгі көрсеткіш ретінде YouTube-тағы ең көп қаралған ресми немесе авторлық жарияланымның қаралым саны алынды. Бір әннің клип, аудио, ремикс және басқа арналарға жүктелген нұсқалары өзара қосылған жоқ. Қаралым саны үнемі өсіп отыратындықтан, материалдағы көрсеткіштер 2026 жылғы тамыздың басындағы деректерге негізделген.
1. ADAM — «Zhurek»
ADAM орындаған «Zhurek» соңғы жылдардағы ең танымал қазақ тіліндегі әндердің біріне айналды. Лирикалық композиция әлеуметтік желілерде кең таралып, шетелдік тыңдармандардың да назарын аударды. Turan Media арнасында жарияланған әннің негізгі нұсқасы YouTube-та 206 миллионнан астам рет қаралған.
2. Ерке Есмахан — «Қайда?»
2017 жылы жарық көрген «Қайда?» Ерке Есмаханның ең үлкен хиттерінің бірі саналады. Әннің жеңіл әуені мен есте қалатын қайырмасы оны бірнеше жыл бойы танымал етіп ұстап келеді.
Gakku TV арнасындағы ресми бейнебаян 185 миллион қаралым жинаған.
3. «Азия» тобы және Baqay — «Опмай-опмай»
«Опмай-опмай» көңілді ырғағының арқасында тойлар мен мерекелік кештердің тұрақты әніне айналды. Композицияның мәтіні мен қайырмасы көпшілікке тез жатталып, әлеуметтік желілерде де кең тарады.
«Той Думан» арнасындағы бейнебаян YouTube-та 125 миллион рет қаралған.
4. Жазира Байырбекова — «Тұсаукесер»
«Тұсаукесер» — Жазира Байырбекованың кең тараған әндерінің бірі. Ұлттық салт-дәстүр тақырыбындағы шығарма тойлар мен отбасылық мерекелерде жиі орындалады.
YouTube-тағы бейнежазба 102 миллионнан астам қаралым жинаған.
5. Ұланғасыр Қами — «Қызыл раушан»
«Қызыл раушан» ұлттық эстрада мен ретро әуеннің элементтерін үйлестірген шығарма ретінде танылды. Ән орындаушының шығармашылық жолындағы басты хиттердің біріне айналды.
Ұланғасыр Қамидің ресми арнасындағы mood video 99 миллионнан астам қаралым жинаған.
6. Қайрат Нұртас — «Жүрегіңнен бір орын бер»
«Жүрегіңнен бір орын бер» — Қайрат Нұртастың ең танымал лирикалық әндерінің бірі. Махаббат тақырыбындағы композиция бірнеше жыл бойы тыңдарман арасында танымалдығын сақтап келеді.
YouTube-тағы бейнебаян 82 миллионнан астам рет қаралған.
7. Sadraddin — «Qansha kun?»
Sadraddin-нің бірнеше қазақ тіліндегі әні YouTube-та жоғары көрсеткішке жеткен. «Qansha kun?» бейнебаяны 80 миллион жинаған.
8. BAYANSULU — «Aua rai»
BAYANSULU-дың екі әні YouTube-та жоғары қаралым жинаған. «Aua rai» бейнебаяны шамамен 80 миллион рет қаралды
9. Әлия Әбікенова және Қанат Үмбетов — «Жанымда бол»
«Жанымда бол» — Әлия Әбікенова мен Қанат Үмбетов орындаған танымал дуэт. Лирикалық ән үйлесімді орындауымен және есте қалатын әуенімен көпшілікке ұнады.
YouTube-тағы бейнежазба 73 миллионнан астам қаралым жинаған.
10. Рахымжан Жақайым — «18–25»
«18–25» — Рахымжан Жақайымның ең танымал әндерінің бірі. Жастар өмірі мен көңіл күйін бейнелейтін шығарма жеңіл әуені және есте қалатын қайырмасымен кең аудиторияға тарады.
«Той Думан» арнасында жарияланған бейнежазба YouTube-та 72 миллионнан астам қаралым жинаған.
Бұл — қазақ тіліндегі әндердің түпкілікті әрі барлық музыкалық сервисті қамтитын соңғы рейтингі емес. Аталған композициялардың Spotify, Apple Music, Yandex Music, YouTube Music, TikTok және басқа платформаларда да миллиондаған рет тыңдалғаны сөзсіз. Алайда бұл сервистердің көбі әр әннің толық статистикасын ашық жарияламайды. Ал YouTube-та қаралым саны пайдаланушыларға қолжетімді болғандықтан, ол қазақ тіліндегі әндердің соңғы он жылдағы танымалдығы мен жалпы музыкалық тенденциясын бағалауға мүмкіндік беретін негізгі ашық көрсеткіштердің бірі болып отыр.