Қарағанды облысында тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өңір полицейлері 2026 жылдың басынан бері санитариялық талаптар мен абаттандыру қағидаларын бұзудың 26 341 дерегін анықтады.
Тазалық талаптарын сақтамайтын кәсіпкерлік субъектілеріне ерекше бақылау орнатылған. Іргелес аумақтарды күтіп-ұстау міндетін орындамаған 181 кәсіпорын мен ұйымның басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Олардың қатарында сауда үйлері, дүкендер, қоғамдық тамақтану орындары, сұлулық салондары, жанармай құю стансалары, автосервис орталықтары және құрылыс нысандары бар. Аталған құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдың жалпы сомасы 11 миллион теңгеден асты. Бағдарлама аясында абаттандыру талаптарын бірнеше рет бұзатын тұлғаларға қатысты да қатаң шаралар қабылдануда. Жыл ішінде құқықбұзушылықты қайталаған 159 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 12 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.
– Құқықбұзушылықтардың алдын алу және оларды дер кезінде анықтау мақсатында полиция заманауи технологияларды тиімді пайдаланып келеді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) көмегімен қолжетімділігі қиын аумақтардағы заңсыз қоқыс төгу орындары анықталуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде 104 стихиялық қоқыс үйіндісі жойылып, қоқысты рұқсатсыз төккен 107 жүк көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тазалықты сақтау жұмыстары тұрғын үй секторында да тұрақты бақылауда, – дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.
Сақшылардың мәліметінше, аула аумақтарын талапқа сай күтіп ұстамағаны, оның ішінде көктайғақты уақытылы тазаламағаны үшін 12 МИБ (ПИК) төрағасы мен подъезд жауаптылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Халықпен кері байланысты нығайту мақсатында облыстың барлық қала және ауданында арнайы чаттар іске қосылған.
Сонымен қатар тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы да өтініш жолдай алады. Жыл басынан бері осы байланыс арналары арқылы 119 хабарлама келіп түсіп, олардың әрқайсысы бойынша жедел шаралар қабылданды. Полицейлер күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастыруда. Тек соңғы бір аптаның өзінде абаттандыру саласында 1 123 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, шағын кәсіпкерлік субъектілері тарапынан жасалған 5 құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Сондай-ақ азаматтардың бес өтініші бойынша жедел шаралар қабылданып, қалдықтарды заңсыз төккен екі жүк автокөлігі ұсталды. Жергілікті рейдтік іс-шаралар барысында Үштөбе, Доскей ауылдық округтері мен Күнгей шағын ауданында 42 құқықбұзушылық анықталды. Қарағанды облысы Полиция департаменті өңір тұрғындарын туған өлкесінің тазалығы мен көркеюіне белсенді атсалысуға шақырады. Қоршаған ортаның тазалығы – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау және құқықбұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да ведомство басшылығының ерекше бақылауында жалғасады. Айта кету керек, облыста «Таза Қазақстан» акциясы аясында біраз жұмыстар атқарылды. Мысалы, ECO FEST – «Заң мен тәртіп» экологиялық фестивалі өтті. Іс-шара қоршаған ортаны қорғау идеясы төңірегіне әртүрлі жастағы қала тұрғындарын біріктірді. Экофестиваль аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі пластик бөтелкелерді жинау акциясы болды. Қала тұрғындары бастаманы белсенді қолдап, пластик ыдыстарды қайта өңдеуге тапсырды. Алғыс ретінде қатысушылар тапсырған бөтелкелерінің санына қарай балмұздақ, хайуанаттар бағына, балалар теміржолына және киноға билеттер алды.
Сонымен қатар сәуірда бір күнде 4 500-ден аса ағаш отырғызылды. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен 45 мыңға жуық тұрғындар, еріктілер мен табиғат жанашырлары атсалысты. Ерікті жастардан еңкейген қарияға дейін осында. Барлығы бір кісідей жұмылып, саябақ аумағына 1 500-ден астам ағаш отырғызды. «Бұл қоршаған ортаға қосқан үлес қана емес, елді біріктірген жарқын іске айналды», – дейді жиылғандар.
– «Таза Қазақстан» деген бір күндік акция емес. Мен біріншіден, барлық қатысқан жандарға алғысымды айтқым келеді. «Арың таза болса, барлығы таза болады» дейді қазақ. Сондықтан аула, үй, аудан, ауыл, қала өз жанын таза ұстаса, барлық жер таза болады, – дейді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қорыта келгенде, экологиялық акция тек тазалықтың жаршысы емес, тәртіптің де нәсихатына айналып үлгерді. Алдағы уақытта өңір халқы бұл дәстүрді жалғастыра берері анық.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы