Батыр тойы – халық тойы

Арқа жұрты қазақтың тұңғыш ғарышкері, КСРО батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Мерейтой иесін Қарағандының бір топ белгілі тұлғалары мен жұртшылық өкілдері әскери әуежайдан ыстық ықыласпен күтіп алды. Қарағанды облысының әкімдігі батырға темір тұлпар сыйға тартты.

Кейінгі дүбірлі той Тоқтар Әубә­кіровтің кіндік қаны тамған Қарқара­лының қасиетті топырағында жал­ғасты. Қасиетті өлкенің баурайында бой көтерген Qarqaraly Go этноауылы ұлттық дәстүр мен рухани құндылық­тарды дәріптеген үлкен мәдени алаңға айналды. Елуге жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, әр шаңырақта ақ дастарқан жайылып, қазан көтерілді. Келген қонақтарға қымыз ұсынылып, қазақы қонақжайлықтың үздік үлгісі көр­сетілді. Бір тұста күмбірлеген күй тө­гілсе, екінші бір алаңда ұлттық спорт сайыстарының қызуы байқалып жат­ты. Сал-серілік дәстүр мен ұлттық ойындар тоғысқан этноауыл күні бо­йы мерекенің басты ордасына айнал­ды.

Мерейтойлық шараның ресми салтанаты бас сахнада жалғасты. Таңертеңнен жиналған жұртшылықтың қарасы күн өткен сайын көбейіп, сахна маңын халыққа лық толтырды. Сахна төріне мерейтой иесі Тоқтар Әубәкіров көтерілді. Елдің ыстық ықыласын ерекше сезінген батыр туған жерлестеріне қайта-қайта қол бұлғап, ризашылықпен тағзым етті. Қалың жұртшылық «Тоқтар аға!» деп қошемет көрсетіп, ұзақ қол соқты. Бұл – халқының сүйікті ұлына деген шынайы құрметтің көрінісі еді.

Салтанатты жиында алғашқы болып Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Нұркен Кобжанов сөз сөйлеп, мерейтой иесіне облыс жұртшылығының ыстық лебізін жеткізді.

– Тоқтар Әубәкіров – бір әулеттің немесе бір өңірдің ғана емес, тұтас қазақ халқының мақтанышы. Оның ғарышқа самғаған сәті халқымыздың тарихындағы ең жарқын белестердің бірі болып қалды. Бүгінгі мерейтойдың туған жерінде аталып өтуі – елдің перзентіне деген ерекше құрметінің белгісі. Батыр ағамыздың өмір жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді, – деді Нұркен Кобжанов.

Мерейтойға Қазақстанның Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетовтің арнайы келуі шараның маңызын одан әрі арттыра түсті. Арқа жұрты Айдынға ат мінгізді.

Айта кету керек, мерейтойлық шаралар негізгі думаннан бір күн бұрын басталған еді. Қарқаралыдағы Шолпан Жандарбекова атындағы Мәдениет үйінде сахналанған «Ғасыр саңлағы» атты театрландырылған қойылым көрерменге Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолын, азаматтық ұстанымын, қайсар мінезін көркем тілмен жеткізді. Батырдың балалық шағынан бастап ғарышқа дейінгі тағдырлы жолы сахнада әсерлі көрініс тауып, көрерменнің зор ықыласына ие болды.

Мерейтой аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алқа» әдеби ұйымы дайындаған «Ұлт рухын асқақтатқан қаһарман» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Жи­наққа Тоқтар Әубәкіров­тің өмірі мен ерлік жолына арналған ғылыми мақалалар, естеліктер және жастардың танымдық ой-толғамдары енгізілген.

Сонымен қатар салтанатты рәсім бары­сында жерлес өнерпаздар – әнші Қазыбек Әдікей мен ақын Мирас Асанның шығарма­шы­лығынан туған «Тоқтар аға» әні алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Ал «Алтын домбыра» иегері Мақсат Аханов жүрекжарды жыр арнап, әнші Гүлбаршын Тергеубекова мерейтой көрігін қыздыра түсті.

Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген мерейтой иесі Тоқтар Әубәкіров те жерлес­теріне шынайы алғысын жеткізді.

– Туған жердің төрінде өз халқымның ықыласына бөленіп отырғаным – мен үшін зор бақыт. Осындай құрмет көрсетіп жатқан барша ағайынға, жерлестеріме, халқымның әрбір азаматына жүрекжарды алғысымды білдіремін. Менің барлық еңбегім – өз елім үшін жасалған еңбек. Халқымның сенімі мен қолдауы маған әрдайым күш-қуат берді. Елдің амандығы мен бірлігі мәңгі болсын, – деді Халық қаһарманы.

Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы тек салтанатты жиынмен ғана шектелген жоқ. Ұлт рухын көтерген думан қазақтың байырғы спорт түрлерін дәріптеген үлкен мерекеге ұласты. 

74 келі салмақтағы күрес өте қызу өтті. Финалдық белдесуде қарсыластарына дес бермеген Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Нұрғали Тұрсынғазиев бас жүлдеге тігілген автокөліктің иесі атанды. «Түйе ба­лу­ан» бәсекесінде Түркістан облысының өкілі Қайсар Шамшидинов өз шеберлігі мен қайратын дәлелдеп, екінші автокөлікті қанжығасына байлады. Күш пен төзімділікті талап ететін қол күресі сайысы да жанкүйер­лердің назарынан тыс қалған жоқ. 

Этноауылдың тағы бір алаңында садақ ату жарысы өтті. Түстен кейін мерекелік думанның қызуы Жаңанегіз ауылы маңында­ғы атшабарға ойысты.

Ә.ЖҰМАНОВ