Қаржы тазалығы – мемлекет қауіпсіздігінің жаңа өлшемі

Президент қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыруға қарсы іс-қимылды күшейтетін жаңа заңға қол қойып, күрестің құқықтық ұстынын нығайтты.

Сондай-ақ ақша жылыстату схемаларына еріксіз немесе әдейі араласуын болдырмау үшін нотариустерге, заңгерлерге, бизнес өкілдеріне талаптар күшейтілді. Жалпы, құзырлы органдар лас ақшаны «тазартушылардың» қарекетіне қаншалықты тиімді тоспа құра алды? Биыл бұл бағытта қандай жаңа шаралар қабылданбақ?

Жасырын қауіптің жаңа сипаты

Көлеңкелі капиталдың шекарасы болмайды. Бір елде пайда болған заңсыз табыс өзге мемлекетте заңды инвестиция кейпіне еніп, басқа аймақта қылмыстық әрекеттерді, соның ішінде терроризмді және экстремизмді, адам және есірткі сауда­сын, басқа да адамзат пен мемлекетке қарсы аса ауыр қылмыстарды қаржыландыруы мүмкін. Сондықтан қаржының тазалығы бүгінде тек экономикалық тәртіптің емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен халықаралық беделінің де маңызды көрсеткішіне айналды.

Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы қол қойған «Кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң Қазақстанның қаржылық қауіпсіздігін жаңа белеске көтеретін маңызды құқықтық қадам болып отыр.

Жаңа заң тек жекелеген норманы жетіл­дірумен шектелмейді. Ол Қылмыстық, Кәсіп­керлік кодекстерге, сондай-ақ бухгал­терлерге, зергерлерге, бағалы металдарды өндірушілер мен өткізушілерге, автокөлік сатушыларға, букмекерлік кеңселер мен казино секілді ойын бизнесі субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға, басқа кәсіп пен салаға қатысты заңнамаларды өзгертті. Негізгі мақсат – заңсыз жолмен алынған қара­жаттың заңды экономикаға енуіне жол бермейтін тиімді бақылау жүйесін қалып­тастыру.

Заң аясында зергерлік сала қызметін реттеу, кәсіби бірлестіктердің өз мүшелерінің заң талаптарын сақтауына бақылау жүргізу тетіктері нақтыланып отыр. Қаржылық мониторинг субъектілері бұдан былай Қаржылық мониторинг агенттігінің сұратуы бойынша тек операциялар туралы емес, өзге де қажетті мәліметтерді ұсынуға міндет­телді.

Бухгалтерлік ұйымдар мен кәсіби бухгалтерлердің қызметін бастау, тоқтату жөніндегі хабарлама тәртібі заңмен бекітілді. Сонымен қатар қаржылық мониторинг субъектілері бұдан былай websfm.kz арнайы порталда міндетті түрде тіркелуге, жеке кабинетін ашуға тиіс.

Қаржылық операциялардың шекті мөлшерлеріне де өзгерістер енгізілді: инвестиция тарту мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар үшін шекті сома ұлғайтылса, зергерлік ұйымдар үшін керісінше, төмендетілді. Қаржылық лизинг шарттары бойынша қолма-қол немесе қолма-қолсыз жүзеге асырылатын ақша мен өзге мүлік операцияларына жаңа талаптар белгіленді. Салық төлеуден мүлдем босатылатын коммерциялық емес ұйымдарға бақылау күшейтілді. Енді олардың мәлімдеген қызметі мен нақты жұмысының сәйкестігі, көрсетілген көмектің мақсатты жұмсалуы жіті қадағаланады. 

ҚМА тарапынан қырағы тексерілетін қаржылық мониторинг субъектілерінің қатары да күрт кеңейтілді. Енді оған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, тиісінше, барлық ХҚКО-лар мен мамандандырылған ХҚКО-лар, ұялы байланыс операторлары, тауар биржа­ларының клирингтік орталықтары, қор биржалары, тіпті халық қолданыста болған тех­никасын тапсыратын комиссиялық дүкендерге дейін енгізілді. 2026 жылдан бастап бұл ұйымдар жүргізілген мәмілелердің заңдылығы, ақшаны жылыстатуға қатысының жоқтығы туралы есеп беруге міндетті болады.

Қазақстан бұл бағыттағы халықаралық міндеттемелерін абыроймен атқарып келеді. Ел ФАТФ (Financial Action Task Force, Қаржылық шараларды әзірлеу тобының) стандарттарын орындауға міндетті және ұлттық жүйенің тиімділігі бойынша халық­аралық бағалаудан тұрақты өтеді. Алайда бұл «Қазақстан әрбір қаржылық операция немесе әрбір қылмыстық іс бойынша жеке есеп беруі керек» дегенді білдірмейді. Ха­лық­аралық бағалауда ең алдымен заңнаманың талаптарға сәйкестігі, қаржылық барлау жүйесінің нәтижелілігі, қылмыстық істердің сотқа жетуі, заңсыз активтерді тәркілеу тиімділігі, халықаралық ынтымақтастық деңгейі қаралады. 

Осы талаптар аясында әрі жаңа заңға сәйкес, Қазақстанда жыл сайын қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық баяндама әзірленіп, Мемлекет басшысына ұсынылатын болады.

Қылмыстың бейнесі түрленді

Ақшаны жылыстату – экономикалық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін күрделі құбылыс. Оның әдістері уақыт өткен сайын өзгеріп келеді. Бұрын заңсыз табысты жасыру үшін банк операциялары немесе мүлік сатып алу жеткілікті болса, бүгінде қыл­мыстық капитал цифрлық активтерді, соның ішінде криптовалюталарды, инвес­тицияны, халықаралық қаржы тетіктерін пайдаланады.

Қазақстанда мұндай істердің саны күрт өсті. Демек, елде лас қаржыны заңдастыру кең қанат жайған ба? Қаржылық мониторинг агенттігі мамандарының түсіндіруінше, бұл жайт қаржылық бақылау жүйесінің күшеюін де көрсетеді. Ресми мәліметке жүгінсек, 2025 жылы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактілері бойынша 140 қылмыстық іс тіркеліпті. Бұл 2024 жылға қарағанда бірден 84%-ға көп. Соңғы он жылдағы ең жоғары деңгей де осы кезеңде байқалды. Оның ішінде 98 іс бойынша тергеу аяқталып, 93 іс сотқа жолданған.

Ақшаны жылыстату көбіне жеке қылмыс емес, басқа заңсыз әрекеттерден кейінгі соңғы кезең саналады. 2025 жылғы деректер бойынша заңсыз кірістердің негізгі бөлігі алаяқтықтан тамыр тартып жатыр. Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша жасалған алаяқтық фактілері жалпы көрсет­кіштің 31%-ын құрады. Қаржы пирами­да­ларының үлесі – 18%, бөтен мүлікті иемдену немесе талан-тараж етуге қатысты 189-бап бойынша істер 13%, заңсыз кәсіпкерлікке қатысты 214-бап бойынша істер – 13%, ұйымдасқан қылмыстық топ құруға байла­нысты 262-бап аясындағы істердің үлесі 11% болды. Осы 5 бағыт барлық заңдастыру фактісінің шамамен 86%-ын құрайды. 

– Бұл қазіргі заңсыз қаржы ағынының негізгі көзі экономикалық алаяқтық, интер­нет-қылмыс, қаржы пирамидалары, көлеңкелі кәсіпкерлік екенін көрсетеді. Заңсыз қаражатты заңды айналымға енгізу әдетте 3 ке­зеңнен өтеді: алдымен қылмыстық та­быс пайда болады, кейін оның шығу тегі жасырылады, соңында ақша заңды экономикаға қайта енгізіледі, – деп түсіндірді ҚМА мамандары.

Қазақстанда заңсыз кірістерді заңдас­тыруда ең жиі қолданылатын тәсілінің бірі – туыс, дос не таныс адамдарды, сенімді тұлғаларды, бақылаудағы компанияларды арам мақсатта пайдалану. Оның үлесі 64%-ды құрады. Жылжымалы және жылжымайтын мүлік арқылы лас ақшаны «адалау» операцияларының үлесі 62%-ға, банк құралдарын пайдалану 24%-ға жетті.

Жаңа қатерлерге жауап

Қазіргі қаржы қылмыстарының басты ерекшелігі – олардың сырттай заңды кәсіпкерлікке ұқсайтынында. Қылмыстық топтар компания құрады, келісімшарт жасайды, бухгалтерлік есеп жүргізеді, барлық салығын тап-тұйнақтай төлейді, заңды банк жүйесін пайдаланады.

Сонымен қатар заңсыз қаржыны жылыстатудың жаңа құралдары кең тарап жатыр. Олардың қатарында криптовалюта операциялары, инвестициялық жобалар, кассалық операциялар, бағалы қағаздар на­рығы, ойын бизнесі бар. Цифрлық актив­тер қаражатты халықаралық деңгейде жыл­дам ауыстыруға, шекарадан ары асыруға мүмкіндік беретіндіктен, оны бақылау қаржы­лық мониторинг жүйесіне қиынға түседі, тиісінше, оған тетіктерді жетілдіру бойынша жаңа міндеттер жүктейді.

Сондықтан Қазақстанда ақшаны жыл­ыстатуға қарсы күрес «қылмысты анық­таудан алдын алу» бағытына ауыса бастады. Тәуекелге негізделген мониторинг, цифрлық талдау құралдары, ведомствоаралық ақпарат алмасу заңсыз капитал қозғалысын ерте анықтаудың негізгі тетіктеріне айналды.

Қаржылық қылмыстың өзгеруі тер­роризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы іс-қимыл жүйе­сін де жетілдіруді талап етеді. Осы бағытта Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының №17 бұйрығымен заңсыз кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау қағи­даларына өзгерістер енгізілді. Енді ұлт­тық тәуекелдерді бағалау жүйесі тек ақшаны жылыстату мен терроризмді қаржы­ландыру қатерлерін емес, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру тәуекелдерін де қамтиды.

Қаржылық мониторинг агенттігі үйлес­тіруші орган ретінде белгіленген бұл іске Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік кірістер комитеті секілді органдар жұмылдырылады және олардың функциялары айқындалды.

Ұлттық тәуекелдерді бағалаудың мақсаты – қауіп көздерін анықтау, әлсіз тұстарды белгілеу, қолданылып жатқан шаралардың тиімділігін бағамдау. Бұл жұмыс 12 ай бойы жүргізіледі, ал қайта бағалау әрбір 36 ай сайын жүзеге асырылады. Бағалау барысында мемлекеттік органдар қажетті мәліметтерді уәкілетті орган жүйесіндегі жеке кабинеттер арқылы ұсынуға тиіс. Ақпаратты талдау кезеңі 3-5 айға созылады. Нәтижесінде, тәуекелдер жоғары, орта немесе төмен деңгейлерге бөлініп, қорытынды есеп дайындалады. Нәтиже туралы тікелей Президент құлағдар етіледі. 

Есеп ведомствоаралық келісуден кейін уәкілетті орган жанындағы кеңеске ұсын­ылады. Оның құпия бөлігі арнайы архивке жолданады, тек ашық бөлігі Қаржылық мониторинг агенттігінің интернет-ресурсында жарияланады. Шектеулі ақпарат қамтылған бөлігі тиісті органдар мен қаржылық мони­торинг субъектілеріне жолданады.

Бүгінгі басты міндет – заңсыз капиталдың пайда болуына орай тек тегеурінді әрекет ету емес, оның қалыптасуына пәрменді жол бермеу. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы, инвестициялық тартымдылық, банк сек­торына деген сенім, азаматтардың эконо­микалық қауіпсіздігі осы жүйенің тиімділігіне байлан­ысты. Қаржы тазалығы – жалғыз бақылауға ғана қатысты мәселе емес. Ол мемлекеттің тұрақтылығын, экономикалық дербестігін, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық құндылықтың біріне айналды.

Айхан ШӘРІП