Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының «Бітімгер» оқу орталығында алғаш рет взвод командирлері мен сержанттарына арналған тактикалық-арнайы даярлық курсы өткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қарқынды оқу бағдарламасы теориялық сабақтар мен практикалық дайындықты үйлестіре отырып ұйымдастырылды. Мұндай тәсіл офицерлер мен сержанттарға оқу барысында алған білімдерін жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада тәжірибе жүзінде бекітуге және кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
– «Бітімгер» курсының арқасында кіші буын командирлері алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық стандарттарына негізделген заманауи тактикалық жоспарлау әдістерін қамтитын кешенді даярлықтан өтті. Іс-шаралар әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыруға, бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін нығайтуға және Қазақстанның бітімгерлік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған, – деді Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы полковник Уәлихан Байкенов.
Курс барысында әскери қызметшілер шешім қабылдаудың заманауи қағидаларын меңгеріп, бітімгерлік операциялар кезінде жауынгерлік тапсырма алғаннан кейін командирдің іс-қимыл жасау тәртібін тәжірибе жүзінде пысықтады.
Практикалық дайындық аясында Алмарасан – Көкжайлау – Шымбұлақ – Горельник – «Медеу» баспалдағы бағыты бойынша ұзындығы шамамен 24 шақырымды құрайтын кешенді оқу маршы ұйымдастырылды. Марш барысында әскери қызметшілер картамен жұмыс істеу, жергілікті жерде бағдарлау, азимут бойынша қозғалу және далалық жағдайда тапсырмаларды орындау машықтарын жетілдірді.
Практикалық сценарий шеңберінде курс тыңдаушылары жауынгер жарақат алғанда алғашқы медициналық көмек көрсету, шартты түрде зардап шеккендерді тактикалық эвакуациялау және бөлімше құрамында үйлесімді әрекет ету тәсілдерін пысықтады.
Сонымен қатар әскери қызметшілер қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды, жарылмай қалған оқ-дәрілерді және басқа да жарылыс қаупі бар заттарды анықтау кезінде орындалатын іс-қимыл алгоритмдерін меңгеріп, қауіпті учаскелерді белгілеу тәртібін тәжірибе жүзінде орындады.
«Бітімгер» курсының өткізілуі офицерлер мен сержанттарды бітімгерлік контингент құрамында міндеттерді орындауға даярлау жүйесін жетілдірудегі кезекті маңызды кезең болды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.