«Байтақ» жасылдар партиясының кандидаты экологтармен кездесті

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Алтай Ордабеков «Каз Гранд Эко Проект» серіктестігінің ұжымымен кездесті.

Басқосуда партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды.

Кездесуде тараптар экологиялық сараптама, қоршаған ортаға әсерді бағалау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, тұрақты даму бағытында пікір алмасты. Мамандары саладағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстар айтып, тәжірибесін бөлісті.

Алтай Ордабеков экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен табиғатты қорғауда кәсіби сарапшылардың рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде қоршаған ортаға келетін әсерді алдын ала бағалау – экожүйені сақтаудың маңызды тетіктерінің бірі», – «Байтақ» жасылдар партиясының кандидаты. 

Тараптар экологиялық мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өзара ынтымақтастығын күшейту маңызды деді.

Сонымен қатар «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Табиғат – ұлттық мұра» атты республикалық дөңгелек үстел өткізді. 

Іс-шараны Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы мен AYALA аңшылар және балықшылар ұлттық палатасы ұйымдастырды.

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері табиғатты қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Биологиялық алуандықты сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту, табиғат қорғау қызметінің өзекті мәселелері, мемлекеттік инспекторлардың тәжірибесі, ғылыми мониторинг пен зерттеулер, браконьерлікпен күрес, экологиялық туризмді дамыту, экологиялық ағартуды күшейту және табиғат қорғау заңнамасын жетілдіру мәселелері қаралды.

«Табиғат – ұлттық мұра. Оны сақтау – келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. Мұндай кездесулер табиғатты қорғау саласындағы мемлекеттік органдар, ғылым, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді», – деді республикалық штаб өкілі Батыржан Сейдомар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық сарапшылық кездесулер алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасады.