Бүгінде 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды. Материалдар ІІМ мен МАМ-ға жолданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжаттардың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бері берілген дипломдардың деректер базасын құрды. Министрлік білім беру туралы құжаттардың өзіндік үлгісінің мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ жоғары оқу орындары түлектеріне арналған осындай құжаттардың серияларын бекітті.
Дипломдарды генерациялау «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесіндегі білім алушылар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады. Егер білім алушы туралы ақпарат ЖББП-да болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес.
Өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттарда генерацияланған бірегей нөмір мен QR-код болмаған жағдайда мұндай құжаттар жарамсыз деп танылады.
Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі және Ішкі істер министрлігі жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін тұрақты түрде бақылап, тоқтатып отырады. Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес жалған құжаттарды жасау немесе қолдану айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыруға әкеп соғады.
Сонымен қатар жоғары оқу орындары деректерді цифрландыру жұмысын жалғастырады, ал жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын https://epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Дипломның электрондық нұсқасы электронды үкіметтің («Цифрлық құжаттар») мобильді қосымшасында да қолжетімді, – делінген министрлік хабарламасында.