Ақтөбе облысында 33 жыл бойы жылқы бағып, 100 жылқы ұрлады деген айыппен 7,5 жылға сотталып, қамауға алынып, артынан ақталып шыққан Рахат Сәрсенов баспаналы болды. Қарияға баспананы жергілікті ақтөбелік кәсіпкер тарту етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай Instagram парақшасында жазды. Ол заңгермен бірге Сәрсеновтің ауылына барып, оның қазіргі жағдайымен танысып қайтқан.
Оның айтуынша, қиын сәтте қолдау көрсеткен жандар табылған.
"Барша Қазақ еліне және жергілікті кәсіпкерге @azamat_ussimbekov Алла разы болсын!", – деді тілші.
Ал қария өз тарапынан көзіне жас алып, халқының қолдауына ризашылығын білдірді.
Іске келер болсақ, заңгерлік көмек басталып кетті. Қажетті арыз-шағым дайындалып, құқықтық тұрғыда күрес жалғасып жатыр. Бұл істі соңына дейін бақылап, барлық тараптың пікірін журналист Руслан Өтепбай YouTube арнасына жарияланатынын айтты.