Алматыда 594 пәтері бар тұрғын үйдің құрылысы аяқталды

Жаңа тұрғын үй кешенінде 184 бір бөлмелі, 248 екі бөлмелі және 162 үш бөлмелі пәтер қарастырылған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Наурызбай ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Аудан әкімі Нәзира Тоғызбаева журналистермен бірге нысандарды аралап, аудандағы іске асып жатқан негізгі жобаларды, алға қойған жоспары туралы баяндап берді,  деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Баспасөз турында бірінші жол түскен нысан Қалқаман-2 шағынауданындағы тұрғын үй кешені болды. Мұнда 2029 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында халыққа қызмет көрсету нысаны бар көппәтерлі тұрғын үй салатын үлкен жобаны қолға алыпты.

2024 жылдың сәуір айында басталған жобаның бас мердігері – «ҚазҚұрылысПодряд» ЖШС. Нысанды биылғы тамыз айында табыстамақ.  

Аудан әкімінің айтуынша, әлеуметтік маңызы зор бұл жоба алматылықтарды қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етпек. Қазір жеті жерде ауданы 34 мың шаршы метрден асатын 594 пәтерлі тұрғын үй бой көтерді.

«Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, сапалы әрі қолжетімді инфрақұрылым мен қолжетімді тұрғын үй салу басым бағыт болып отыр. Наурызбай ауданында соңғы бес жылда әлеуметтік осал топтарға ғана 5 600-ден астам пәтер берілді. Соңғы үш жылда 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйді тапсырдық. Соның ішінде 710 мың шаршы метрден астамы – эконом-класс санатындағы тұрғын үй», – дейді аудан басшысы.

Жаңа тұрғын үй кешенінде 184 бір бөлмелі, 248 екі бөлмелі және 162 үш бөлмелі пәтер қарастырылған. Ішкі құрылыс пен әрлеу жұмысы толық біткен. Енді аумақты абаттандыра бастады. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолы салынып, тұрғындарға қолайлы болуы үшін ауланы көгалдандырып жатыр.  

Баспасөз туры барысында журналистер құрылыс жұмысының аяқ алысымен танысып, тұрғын үйлердің дайындық деңгейін көріп, мердігер ұйым мен аудан әкімдігі өкілдеріне сұрақ қойды.

«Бұл тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер өте қолайлы. Жоба тоғыз қабатты жеті тұрғын үйден тұрады. Мұнда барлық қажетті жағдай жасалған. Әр үйде жолаушы мен жүк лифтісі орнатылған. Пәтерлерді әрлеп барып тапсырады. Бұл тұрғындарға артық күш жұмсамай, бірден қоныстануға мүмкіндік береді», – деді «ҚазҚұрылысПодряд» ЖШС өкілі Диас Қабдығалиев.

Нәзира Тоғызбаеваның айтуынша, тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту Наурызбай ауданында басым бағыттың бірі болып қала бермек. Бұл аудан қаладағы ең жылдам дамып келе жатқан ауданның бірі саналады. Осындай жобаларды іске асыру тұрғын үй қорын ұлғайтып қана қоймай, қажетті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы бар қалалық кеңістікті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Қазір ауданда 176 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Жалпы тұрғын үй көлемі – 443 мың шаршы метр. Барлығы 6 165 пәтер бар. Оның ішінде биыл эконом-класс санатындағы 64 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл – 208 мың шаршы метр тұрғын үй. Соның нәтижесінде, биыл 3 625 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі», – деп толықтырды сөзін аудан әкімі.

Қалқаман-2 шағынауданындағы тұрғын үй кешенінің құрылысы мен абаттандыру жұмысының аяқталуы Алматы тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам болмақ.