Көрнекті режиссер Ардақ Әмірқұлов дүниеден өтті

Режиссердің «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» және басқа да туындылары ұлттық киноның алтын қорынан орын алды. Оның шығармалары ел тарихын, халықтың рухани құндылықтарын және адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленді.

«Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» фильмдері арқылы ұлттық кино өнеріне өлшеусіз үлес қосқан белгілі режиссер Ардақ Әмірқұлов өмірден озды. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі растады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
 
Министрліктің мәліметінше, Ардақ Жамансарыұлы саналы ғұмырын ұлттық киноны дамытуға арнап, қазақ кинематографиясының қалыптасуы мен өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Ол режиссер ғана емес, бірнеше буын киногерлердің кәсіби қалыптасуына ықпал еткен білікті ұстаз әрі тәлімгер болды.
 
"Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне, шәкірттеріне және барша киносүйер қауымға қайғыра көңіл айтады.
 
Ұлттық кино өнерін дамытуға саналы ғұмырын арнаған Ардақ Жамансарыұлы қазақ кинематографиясының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Дарынды режиссер, білікті ұстаз әрі тәлімгер ретінде бірнеше буын киногерлердің қалыптасуына ықпал етті.
 
Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» және өзге де фильмдері ұлттық кино өнерінің алтын қорынан орын алды. Оның шығармалары ел тарихын, халықтың рухани құндылықтарын және адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленіп, көрермен қауым мен кәсіби ортаның жоғары бағасына ие болды.
 
Ардақ Жамансарыұлының жарқын бейнесі, өнегелі ғұмыры мен қазақ мәдениеті және кино өнерінің дамуына сіңірген елеулі еңбегі халық жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жаны жәннаттан жай тауып, иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!" – деп жазылған ведоство хабарламасында. 
 
Ардақ Әмірқұлов 1955 жылы Жамбыл облысы Талас ауданында дүниеге келген. 1977 жылы педагогикалық институтты тәмамдап, еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында бастады. 1988 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссура факультетін Сергей Соловьевтің шеберханасында аяқтады.
 
Оның «Отырардың күйреуі» екі сериялы фильмі Қазақстан мемлекеттік сыйлығына (1992), Монреаль қаласында (Канада) өткен халықаралық кинофестивальде (1991) киносыншылар халықаралық ассоциациясының «Фипресси» жүлдесіне, Фигуэйра Де Фош қаласындағы (Португалия) халықаралық кинофестивальдің (1992) «Күміс табақша» жүлдесіне және Ашхабадтағы (Түрікменстан) 1-халықаралық кинофестивальдің (1992) «Күміс жарты ай» Бас жүлдесіне ие болған. Ал «Абай» екі сериялы фильмі (1995, «Ард-фильм» және «Қазақфильм» студиялары), Ташкент (Өзбекстан) кинофестивалінің «Күміс Семург» жүлдесін (1997); Гатчина қаласында (Ресей) өткен «Әдебиет және кино» 5-кинофестивалінде «Жастар қоғамдық қазылар алқасының жүлдесін» және Бүкілодақтық Мемлекеттік Кинематография институтының медалін алған (1998).
 
1997 жылы "Ард-фильм" және Қазақстан Ұлттық продюсерлік орталығы көркем фильмдерінің режиссері болған. Ол "Мутанттар" (1987) көркем фильмінің сценарийін жазған. Қазақ ұлттық өнер академиясында курс жүргізген (1996).