Aikyn.kz америкалық тұтынушы үшін бензин бағасының қымбаттауы Ақ үйдің алаңдаушылығын туғызғанын abcnews.com материалының негізінде талдайды.
Ақ үйдегі кездесуде Дональд Трамп: «Олар тым көп ақша тауып жатыр. Бұны ашық айтамын», – деп мәлімдеген. Президент Exxon мен Chevron компанияларын соғыс жағдайында бөлшек саудадағы жанармай бағасын негізсіз жоғары ұстап отыр деп айыптап, бензин құнын шұғыл арзандатуға шақырды.
Ирандағы әскери қақтығыс әлемдік мұнай нарығына айтарлықтай әсер еткені белгілі. АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылынан кейін Тегеран Ормуз бұғазын жапты. Әлемдік мұнай тасымалының шамамен бестен бірі өтетін бұл маңызды теңіз дәлізінің жабылуы мұнай тапшылығын күшейтіп, халықаралық бағалардың жылдам өсуіне себеп болды.
Соның нәтижесінде Brent маркалы мұнай бағасы соғысқа дейінгі деңгеймен салыстырғанда 60%-дан астам өсіп, сәуірде барреліне 126 долларға дейін жеткен кездер болды. Кейін Иран Ормуз бұғазын қайта ашатынын мәлімдеген соң баға төмендегенімен, ол әлі де соғысқа дейінгі көрсеткіштен жоғары деңгейде сақталып келеді.
Мұнай бағасының көтерілуі АҚШ-та жанармай құнының өсуіне қатты ықпал етті. Қазіргі уақытта бензиннің орташа бағасы бір галлон үшін 4,08 долларды құрап (1 галон – 3,8 литр), соғыс басталғаннан бері 37%-ға қымбаттады.
Exxon бас директоры Даррен Вудстың айтуынша, компания өзгерген нарық жағдайына бейімделіп, өнім жеткізу бағыттарын тиімді ұйымдастыру арқылы қаржылық нәтижесін жақсартқан. Chevron жетекшісі Майк Вирт те жоғары көрсеткіштерді геосаяси тұрақсыздық жағдайында жүргізілген тиімді инвестициялар мен өндірістік тәртіптің нәтижесі деп бағалады.
Саяси сарапшылардың пікірінше, Трамптың мәлімдемесі энергия бағасының өсуі америкалық тұтынушыларға ауыр салмақ түсіріп отырған сәтте қоғамның көңіл күйін тыныштандыруға бағытталған. Сонымен қатар бұл Ақ үйдің мұнай компанияларын бағаны тұрақтандыруға итермелеу әрекеті деп те бағалануда.