«Жетінші арнада» сайлауалды теледебаттың аралық дауыс беру нәтижесі жарияланды

Жобаның тікелей эфирін Жетінші арна көрсетті.

«Жетінші арнада» сайлауалды теледебаттың аралық дауыс беру нәтижесі жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Астанада Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан телевизиялық сайлауалды дебат өтті. Жобаның тікелей эфирін Жетінші арна көрсетті. 

Қазіргі уақытқа дейін қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, білім беру жүйесін дамытуға қатысты бастамаларын ұсынды. Қазір дебаттардың келесі кезеңінде саяси партия өкілдері бір-біріне сұрақ қойып, сайлауалды бағдарламалардағы басымдықтар, оларды іске асыру тетіктері және мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуда. 

«Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы білім беру жүйесін цифрландыруға бағытталған бастамаларды таныстырды. Партия білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдануды кеңейтуді ұсынып, жеке деректерді қорғауға, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға басымдық беретінін мәлімдеді. 

Сонымен қатар алдағы бес жыл ішінде 5 миллион қазақстандықты цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дағдыларына оқыту жоспары ұсынылды.

Respublica партиясының өкілі Мейрамгүл Мәдәлі жоғары білім беру жүйесін дамыту және оның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұсыныстарын таныстырды. 

Партия шетелдік талапкерлерге арналған цифрлық қабылдау жүйесін енгізуді, қос дипломды бағдарламаларды кеңейтуді, білім экспортын дамытуды, тәуелсіз аккредиттеу жүйесін жетілдіруді және жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін кеңейтуді ұсынды. 

ЖСДП өкілі Максут Насибулов жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруды қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, жоғары оқу орындарында тегін білім беру популистік шара емес және мұндай тәжірибе Еуропаның бірқатар елінде сәтті жүзеге асырылып келеді. 

Партия жоғары білім алу мүмкіндігі отбасының қаржылық жағдайына ғана тәуелді болмауы тиіс деп есептейді. 

«Байтақ» партиясының өкілі Аслан Байзаханов экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, экологиялық ағарту жұмыстары балабақшадан бастап мемлекеттік басқару жүйесіне дейін үздіксіз жүргізілуі қажет. 

Сондай-ақ партия осы уақытқа дейін 150 мыңнан астам адамды қамтыған экологиялық сауаттылық бағдарламаларын жүзеге асырғанын атап өтті. 

Қазақстан Халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайынов колледждерді бейінді жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруына беруді ұсынды. 

Партияның пікірінше, бұл тәсіл студенттердің оқу барысында өндірістік тәжірибеден өтуіне және оқу аяқталғаннан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп, білікті жұмысшы кадрлардың тапшылығын азайтуға ықпал етеді. 

«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының орындалуын бақылауды күшейтуді ұсынды. Партия бағдарламаның іске асырылуын қадағалау тетіктерін жетілдіру қажет деп санайды. 

Сонымен қатар ауылдық квота арқылы жоғары оқу орындарына түскен түлектер оқуын аяқтағаннан кейін туған ауылдарына барып еңбек етуі тиіс деген ұстанымын білдірді. 

«Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекей педагогтердің еңбек жағдайын жақсарту және жалақысын арттыру қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ партия әлеуметтік саясатты жетілдіруге және білім беру жүйесін дамытуға бағытталған заңнамалық бастамаларды жүйелі түрде ұсынып келе жатқанын атап өтті. 

Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – көрермендердің белсенді қатысуы. 

Тікелей эфир барысында QR-код арқылы онлайн дауыс беру жалғасып жатыр. Көрермендер ««Қай партия өкілінің сөзі өтімді?» деген сұраққа жауап беріп, өз таңдауын жасап жатыр. 

Алғашқы кезеңдердің қорытындысы бойынша онлайн дауыс берудің аралық нәтижелері жарияланды. 

Онлайн дауыс берудің аралық нәтижесі: 

1. «Әділет» партиясы – 42,53 %; 

2. ОСДП – 9,57 %; 

3. «Байтак» партиясы – 1,32 %; 

4. Қазақстанның Халық партиясы – 10,13 %; 

5. «Ауыл» партиясы – 17,58 %; 

6. «Ақ жол» партиясы – 7,22 %; 

7. Respublica партиясы – 10,88 %; 

8. «Ешқайсысын қолдамаймын» – 0,77 %. 

Онлайн дауыс беру тікелей эфир аяқталғанға дейін жалғасады.