Бесінші рет ұйымдастырылған форум ауыл шаруашылығы еңбегін дәріптейтін мерекемен ғана шектелмей, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің даму бағыты айқындалатын маңызды алаңдардың біріне айналып отыр.
«Жер ырысы – 2026» халықаралық ауыл шаруашылығы фестивалі өткізіле бастаған кезден өңірлік Дала күнінен Қазақстандағы ең ірі аграрлық алаң атанып, Қазақстан мен шетелден келген сарапшыларды біріктіретін болды. Бұл жолы да Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылы бірнеше күн бойы еліміздің аграрлық өмірінің орталығына айналды. «АгроСервисБатыс» ЖШС алаңында отандық ауыл шаруашылығының дамуын айқындайтын шаруашылық басшылары, сала мамандары, ғылыми ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері жиналды.
Фестивальдің ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Аймақ басшысының сөзінше, өңірдің тиімді географиялық орналасуы, ауыл шаруашылығындағы бай дәстүрі және қуатты асыл тұқымды мал базасы зор әлеует қалыптастырып отыр.
– Батыс Қазақстан облысы – қазақтың ақбас сиырының, көшім жылқысының, еділбай және ақжайық сияқты етті-жүнді қой тұқымдарының отаны. Біздің басты міндеттеріміздің бірі – осы асылтұқымды малдарды кеңінен насихаттап, олардың әлеуетін толық ашу, – деді өңір әкімі.
Қазір облыс ауыл шаруашылығын дамыту бойынша көптеген бағыттарда көшбасшы өңірлердің қатарында. Жүйелі мемлекеттік қолдау мен заманауи технологияларды енгізудің арқасында өңір тұрақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 676 мың гектар алқапқа егілген. Оның ішінде 52 мың гектардан астам күздік дақыл жиналып, орташа гектар өнімділігі 32,4 центнерді құрап, 170 мың тонна астық бастырылды. Ал жекелеген шаруашылықтар бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуде. Мәселен, «АгроСервисБатыс» ЖШС-да күздік бидайдың өнімділігі гектарына 50-70 центнерге дейін жеткен. Саланы дамытуда мемлекеттік қолдау ерекше рөл атқарады. Кейінгі үш жылда өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға 190 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды.
– Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға 22,9 миллиард теңге қарастырылды. Қазір 15,3 миллиард теңге көлемінде жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген несиелер берілді. Сонымен қатар аграршылар тыңайтқыштар сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын алуға және маусымдық жұмыстарды жүргізуге мемлекет тарапынан қолдау алып отыр, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Биыл фестиваль бағдарламасы бұрынғыдан да ауқымды болды. Дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы техникасы мен аграрлық ғылым жетістіктерін таныстырумен қатар, қатысушылар өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, селекция, ветеринария және өсімдіктерді қорғау салаларындағы заманауи шешімдермен танысты. Қонақтар үшін көрмелер, ғылыми алаңдар, этноауыл, кәсіби байқаулар, балалар аймақтары және түрлі тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Агрофестисвальдің басты ерекшелігі – оның тәжірибелік бағытта өтуінде. Өйткені мұнда тәжірибе алмасуға, әріптестер табуға және шаруашылықтарда тікелей қолдануға болатын нақты шешімдерді талқылауға болады. Фестиваль ұйымдастырушысы Армат Бисеновтің айтуынша, шараның басты мақсаты – қазіргі ауыл шаруашылығының қаншалықты заманауи әрі болашағы зор салаға айналғанын көрсету.
– Кейінгі үш жылда еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін қаржыландыру көлемі 140 миллиард теңгеден 1,2 триллион теңгеге дейін өсті. Бұл – бизнес үшін өте маңызды белгі. Бүгінде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, өнімді қайта өңдеу немесе жаңа технологияларды енгізу болсын, даму мүмкіндігі мол, – деді ол.
Фестивальге деген қызығушылық жыл сайын артып келеді екен. Әсіресе, жастар арасында аграрлық саланың тартымдылығы артқан.
– Біз ауыл шаруашылығының тек ауыр еңбек қана емес, сонымен бірге заманауи, технологиялық және болашағы зор сала екенін көрсеткіміз келеді. Бұл салаға мамандар, инженерлер, агрономдар, техника операторлары және елдің дамуына үлес қосуға дайын азаматтар қажет, – деді Армат Бисенов.
Фестивальдің басты тақырыбының бірі – цифрлық технологияларды енгізу. Бүгінде дәлме-дәл егіншілік, өндірісті автоматтандыру және деректерді талдау жүйелерінсіз заманауи ауыл шаруашылығын елестету мүмкін емес. Көрме барысында «Орал Агро» компаниясы егістік алқаптарын тиімді әрі үнемді өңдеуге мүмкіндік беретін DJI Agriculture агродрондарын таныстырды. Компанияның сервистік инженері Думан Қабуевтің айтуынша, ұшқышсыз технологиялар шығындарды азайтып, ауыл шаруашылығы жұмыстарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
– Агродрондар өсімдіктерді дәлме-дәл өңдеуге, егістік алқаптарының жай-күйін талдауға және проблемалы учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, мультиспектралды технологиялардың көмегімен өсімдіктердің зақымданған аймақтарын анықтап, дер кезінде тиісті шаралар қабылдауға болады, – деді маман.
Оның айтуынша, фермерлердің мұндай шешімдерге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Өйткені цифрландыру ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырудың негізгі факторларының біріне айналып отыр.
Фестивальде өз әзірлемелерін басқа да кәсіпорындар таныстырды. Metal Tor компаниясы мал шаруашылығы кешендеріне арналған заманауи шешімдерін ұсынса, West Agro Food ЖШС Теректі ауданындағы суармалы жерлерде өсірілген өз өнімдері – картопты көпшілік назарына шығарды. Компанияның атқарушы директоры Азамат Елекбаевтың айтуынша, кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр.
– Бүгінде бізде шамамен 370 гектар суармалы жер бар, оның 237 гектарына картоп егілген. Алдағы уақытта өнімді сақтау және қайта өңдеу бағыттарын дамытуды көздеп отырмыз, – деді фермер.
Фестиваль барысында мал шаруашылығын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның ет өндірісін ұлғайтып, жаңа нарықтарға шығуға әлеуеті өте жоғары. Turan Қазақстан мал шаруашылығы қауымдастығы басқармасының төрағасы Жәнібек Кенжебаев бүгінде бұл саланың жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын атап өтті.
– Еліміздегі мал шаруашылығының әлеуеті өте зор. Саланы 2030 жылға дейін дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданғаннан кейін фермерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Ең бастысы, кәсіпкерлер қолжетімді мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, өндірісті дамытуға белсенді кірісуі қажет, – деді ол.
Екі күнге созылған «Жер ырысы – 2026» агрофестивалі сала мамандарының бас қосатын алаң ғана емес, облыс тұрғындары үшін де үлкен мерекеге айналды. Ұйымдастырушылар мәдени-танымдық бағдарламалар, спорттық жарыстар, түрлі байқаулар, көрсетілімдер және ұлттық ойындар ұйымдастырды. Дегенмен фестивальдің басты құндылығы оның ауқымында емес. Оның негізгі маңызы – тәжірибе мен тың идеяларды, дәстүр мен заманауи технологияларды тоғыстыратын тұрақты диалогты қалыптастыруында.
Бүгінде фестиваль аграрлық саланың аға буыны мен жас ұрпағын байланыстыратын өзіндік көпірге айналып, қазақстандық ауылдың жаңа келбетін қалыптастыруда. Бұл – заманауи, технологиялық тұрғыдан дамыған әрі жаңашылдыққа ашық ауылдың бейнесі. Осындай алаңдар отандық ауыл шаруашылығының әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беріп, еліміздің болашағы жер мәуесіне қараған жандардың еңбегімен тығыз байланысты екенін айқын көрсетеді.
Аида ҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы