Тарихқа тағзым, рухқа құрмет

Қазақтың батыры, жыраулық поэзияның көрнекті өкілі, елдік пен ерліктің символына айналған Ақтамберді Сарыұлының туғанына 350 жыл толуына арналған дүбірлі мерейтой Абай облысының Аягөз ауданында өтті.

Екі күнге созылған тағылымы терең, мазмұны бай мерекелік шаралар қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртып, ұлттық рухты асқақтатқан айтулы сәттерімен ерекше әсер сыйлады.

Ақтамберді Сарыұлы – най­за­сы­ның ұшымен елін қорғап, жырымен жұр­­тын жігерлендірген сирек тұлға­лар­дың бірі. Оның шығармалары ел­дік мұрат пен ерлік рухының көркем ше­жіресі болса, өмір жолы – ұлтқа қыз­мет етудің өнегелі үлгісі. Сон­дық­тан батырдың мерейтойын тойлау – өт­кенді еске алу ғана емес, тәуелсіз ел­­­дің тарихи жадына тағзым ету.

Мерейтой Құндызды ауылындағы Ақ­тамберді жырау кесенесіне зиярат ету­ден басталды. Жиналған жұрт­шы­лық батыр рухына Құран бағыштап, қа­зақ тарихындағы орны айрықша тұл­ғаның алдында тағзым етті. Ме­рей­той аясында өткен «Жауға найза, елге мұра – Ақтамберді жыры» атты рес­пуб­ликалық ғылыми конференция та­рихи тұлғаның мұрасын жаңаша зер­делеуге арналды. Жиынға белгілі әде­биеттанушылар, тарихшылар,  шы­­­­­ғыстанушылар мен қоғам қай­рат­керлері қатысып, Ақтамберді Сары­ұлы­ның шығармашылық әлемі, азат­тық жолындағы күресі, жыраулық мек­тебіндегі орны туралы мазмұнды баян­дамалар жасады. М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғы­лымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, шығыстанушы ғалым Серікбай Қосан, Шәкәрім университетінің про­фессоры, тарих ғылымдарының кан­дидаты Амантай Исин және басқа да зерттеушілер батыр мұрасын ғылы­ми тұрғыдан саралап, тың пайымдарын ортаға салды.

Конференция барысында «Абыз ба­ба – Ақтамберді» атты жаңа кітап­тың тұсауы кесіліп, жырау мұрасын зерт­теуге үлес қосқан бірқатар ғалым мен мәдениет қайраткеріне мерей­той­лық төсбелгі табыс етілді.

Жиынға қатысқан Абай облысы әкі­мінің орынбасары Мейірлан Раха­нов облыс әкімі Берік Уәлидің құт­тық­тауын жеткізіп, Ақтамберді Са­ры­ұлы­ның тұлғасы қазақ мемлекеттілі­гі­нің рухани негіздерімен сабақтас еке­нін атап өтті.

Мерейтойдың әсерлі сәттерінің бі­рі «Ерлікті, елдікті жырлаған Ақтам­бер­ді» республикалық жыр мүшайрасы болды. Байқауға Қазақстанның түк­пір-түкпірінен 119 ақын қатысты. Ұйымдастырушылар шығармалардың әділ бағалануына ерекше мән беріп, барлық туындыны авторының аты-жө­нін көрсетпей қазылар алқасына ұсын­ған. Бұл – мүшәйраның ашық әрі әділ өткенінің айқын көрінісі. Қа­зы­лар алқасына  Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, белгілі ақын Тыныш­тықбек Әбдікәкімұлы жетекшілік етті. Жыр додасының қорытындысында бас жүлде – автокөлік қарағандылық ақын Жанат Жаңқашұлына бұйырды. Бірінші орынды Ұларбек Нұрғалым, екінші орынды Айтмұханбет Бейсем­бе­ков, үшінші орынды Жұлдызай Ысқақ иеленді.

Ақындардың Ақтамберді рухына ар­налған жаңа жырлары көрерменнің ерек­ше ықыласына бөленіп, қазақ поэ­зиясының өміршеңдігін тағы бір мәр­те дәлелдеді.

Батыр баба мерейтойының негізгі ша­ралары Аягөз қаласындағы жаңа ат­шабар аумағында жалғасты. Елуден ас­там ақшаңқан киіз үй тігілген эт­ноауыл ұлттық салт-дәстүрдің көріні­сі­не айналып, келген қонақтарға қа­за­қы қонақжайлықтың үлгісін көр­сет­ті.

Салтанатты ашылу театрлан­ды­рыл­ған қойылыммен басталды. Қазақ хал­қының қилы тарихы сахналанған кө­ріністе Nomad каскадерлік тобы мен «Топжарған» этнографиялық ұжы­мы ат үстіндегі ерекше өнерлері­мен көпшіліктің зор қошеметіне ие болды. Мерекенің сәнін ұлттық спорт жарыстары қыздырды. Қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу және бәйге сынды жарыс­тар­да еліміздің әр өңірінен келген үздік­тер бақ сынады. Қазақ күресіне 47 балуан қатысып, екі салмақ дәре­жесінде жеңімпаздарды анықтады. Дәстүрлі садақ атудан 53 мерген ше­берлігін дәлелдесе, аударыспақтан 38 шабандоз күш пен ептіліктің үлгісін көрсетті. Ал ат жарысының ауқымы ме­рейтойдың мәртебесін бұрынғыдан да арттыра түсті. Қазақстанның бір­не­ше облысынан және Қырғыз Рес­публикасынан келген атбегілер ар­найы баптаған тұлпарларын додаға қос­ты. Төрт санат бойынша өткен бәй­геде 15 шақырымдық топ бәйгеге 30 тұлпар, «Аягөз арғымағы» жары­сы­на 35 жүйрік, жорға жарысына 25 сәй­гүлік, ал аламан бәйгеге 33 тұлпар қа­тысты. Дүбірлі додада жүйріктердің бабы мен шабандоздардың бағы сы­нал­ды.

Кешкілік өткен гала-концерт ме­рей­тойдың шырайын аша түсті. Аягөз ау­дандық «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мә­дениет үйінің өнерпаздары, облыс­тық мәдениет ұйымдарының шығар­ма­­­шылық ұжымдары және қазақ эст­­­­радасының танымал әншілері Тол­қын Забирова, Қуандық Рахым, Әб­діжаппар Әлқожа және басқа да өнер майталмандары халыққа әннен шашу шашты.

Ақтамберді Сарыұлының 350 жыл­дық мерейтойы тарихи тұлғаның есі­мін ұлықтаумен ғана шектелген жоқ. Ол – қазақтың рухани мұрасын дәріп­теген, елдік пен бірліктің құнын ұғын­дыр­ған, ұлттық құндылықтарды жаң­ғырт­қан тағылымды шара болды. Ғы­лыми конференция мен жыр мү­шәй­расы, театрландырылған қойы­лым­дар мен ұлттық спорт жарыстары, мәдени-көпшілік бағдарламалар – бәрі де бір мақсатқа, яғни ұлттың та­ри­хи жадын жаңғыртуға қызмет етті. Аягөз төрінде өткен бұл мерейтой Ақ­тамберді бабаның асқақ рухының ха­лық жүрегінде мәңгі жасайтынын тағы бір мәрте айғақтады. Елдің әр өңірінен, тіпті көршілес Қырғыз Рес­публикасынан келген қонақтар мен спорт­шылардың қатысуы мерекенің ауқымын арттырып қана қоймай, ор­тақ тарихи мұраның халықтарды жа­қындастыратын құндылық екенін көр­сетті. Баба аманатына адалдық т­а­нытқан ұрпақтың осындай игі бас­тамалары ұлттық рухты нығайтып, ел­дік сананы асқақтата беретіні анық.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы