Қуанышбек Мұқаш, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ның Бас директоры: Қайтарылған активтер – халыққа оралған несібе

Осыдан бірнеше жыл бұрын «қайта­­рылған активтер» деген ұғым көбіне сот процестерімен, тер­геу жұмыстары және қоғамда қызу талқыланған істермен байланысты қабылданатын. Бүгінде бұл ұғымның мәні әлдеқайда кеңейді.

Мемлекетке қайтарылған активтер енді жаңа мектептердің, аурухана­лардың, ауызсу нысандарының, спорт кешендерінің және басқа да әлеуметтік инфра­құрылымның құрылысына қызмет етіп, халық игі­лігіне жұмсалуда.

Үкіметтің мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен ел бойынша 610 млрд теңгеге 500-ден астам әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба қаржыландырылды. Бұл – қайтарылған активтердің шын мәнінде елдің игілігіне жұмыс істеп жатқанын көрсететін нақты нәтиже.

Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Актив­тер мемлекетке қайтарылғаннан кейін олардың тағдыры қалай шешіледі? Не­лік­тен «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ның қызметі тек аукцион өткізумен шектелмейді? Әрбір теңгенің халық игілігіне тиімді жұмсалуы қалай қамтамасыз етіледі? Осы және өзге де сұрақтарды «Қайтарылған активтерді бас­қару компаниясы» ЖШС-ның Бас ди­ректоры Қуанышбек Жақсыбекұлы Мұқашқа қойып, сұхбат құрдық.

– Неліктен активтерді қайтару тек құқықтық процесс емес, әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі деп айтуға болады?

– Көпшілік активтерді қайтару де­генде сот процестерін, мемлекеттік органдардың шешімдерін немесе мүлік­ті сатуды ғана елестетеді. Шын мәнінде, бұл – ауқымды жұмыстың бір ғана кезеңі. Оның басты мақсаты – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру.

Мемлекет басшысы заңсыз шыға­рылған активтер халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Осы ұстаным «Заңсыз иемде­нілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның негізіне айналды. Заңның мақсаты – мүлікті мемлекетке қайтарумен ғана шектелмей, оны елдің игілігіне тиімді пайдалану.

Біз үшін әрбір қайтарылған активтің қоғамға нақты пайда әкелуі маңызды. Ол есептегі жай ғана сан болып қалмауға тиіс. Ауыл тұрғындары таза ауызсумен қамтылып, балалар жаңа мектепте білім алып, халық заманауи медици­налық көмекке қол жеткізгенде ғана адамдар бұл жұмыстың нақты нәтижесін көреді.

Сондықтан біз қайтарылған актив­терді жай ғана мүлік деп қарамаймыз. Бұл – қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтатын әрі еліміздің бола­шағына салынған инвестиция.

– Бүгінде бұл жүйе қалай жұмыс іс­тейді? Сот шешімінен бастап әлеуметтік ны­сандардың салынуына дейінгі тетік қалай жүзеге асады?

– Көпшілік сот шешімі шыққаннан кейін жұмыс аяқталады деп ойлайды. Шын мәнінде, негізгі жұмыс дәл сол кезде басталады.

Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін актив мемлекет меншігіне өтеді. Егер бұл ақшалай қаражат болса, ол тікелей Арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Ал жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, кәсіпорындар, көлік құралдары және өзге де мүліктер біздің компанияның басқаруына беріледі.

Біздің міндетіміз – олардың сақталуын қамтамасыз ету, ең тиімді басқару тәсілін айқындап, одан әрі тиімді пайдалануды ұйымдастыру. Қа­зақстан аумағындағы барлық актив e-Qazyna электрондық сауда алаңы арқы­лы сатылады. Бұл сауда-саттықтың ашық әрі жария өтуіне, барлық қатысушыға тең мүмкіндік берілуіне жағдай жасайды.

Активтер сатылғаннан немесе олар­ды басқарудан түскен қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға аударылады. Осы­лайша, нақты әрі ашық тетік қалып­тасқан: қайтарылған актив  – басқару – өткізу  – Арнайы мемлекеттік қор – әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру.

Дәл осы жүйе қайтарылған актив­тердің нақты нәтижеге айналуына мүм­кіндік береді. Оның игілігін бүгін халық жаңа мектептерден, аурухана­лардан, ауызсу нысандарынан және басқа да әлеуметтік инфрақұрылымнан көріп отыр.

– Бүгінде халық «бұл жұмыстың нақты нәтижесін қайдан көруге болады?» деген сұрақты жиі қояды.

– Бұл, расында да, ең маңызды сұрақтардың бірі. Қазір оған нақты де­рек­термен жауап беруге болады.

Үкіметтің мәліметінше, Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен бүгінде еліміз бойынша 500-ден астам әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба қаржыландырылды. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, ауызсумен қамту, спорт, көлік және инженерлік инфрақұрылым сала­ларындағы маңызды нысандар бар.

Бұл – жай ғана статистика емес. Оның артында адамдардың өміріндегі нақты оң өзгерістер тұр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында жаңа көпбейінді аурухана салынды. Өскеменде заманауи Гема-

то­логия орталығының құрылысы жалғасып жатыр. Маңғыстау облысында жаңа жедел медициналық жәрдем стансасы пайдалануға берілді. Көптеген елді мекенде тұрғындар сапалы ауыз­сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінде дәрігерлік амбула­ториялар, медициналық пункттер, мек­тептер, жатақханалар мен спорт нысандары бой көтеруде.

Мұндай мысал өте көп. Бірақ ең бастысы –  халық бұл жұмыстың нә­тижесін өз көзімен көріп отыр. Жаңа мектептің немесе аурухананың ашыл­ғанын көргенде, оның құрылысына мемлекетке қайтарылған активтердің де қаражаты жұмсалғанын көпшілік біле бермейді.

Міне, біздің жұмысымыздың басты мәні де осында. Біз тек активтерді басқарып немесе сауда ұйымдастырып қана қоймаймыз. Біз қайтарылған қаражаттың халыққа жаңа мүмкін­діктер, заманауи инфрақұрылым және өмір сапасының артуы түрінде қайта оралуына ықпал ететін тетікті жүзеге асырамыз.

– Көпшілік әлі күнге дейін ком­панияның қызметі тек мүлікті сатумен  шектеледі деп ойлайды. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Меніңше, мұндай пікірдің қалыптасуына аукциондар мен сауда-саттықтардың жиі назарға ілігуі себеп болса керек. Алайда кеңірек қарасақ, активті сату – үлкен әрі күрделі жұ­мыстың бір ғана кезеңі.

Актив компанияның басқаруына өткен кезде біздің мақсатымыз оны мүмкіндігінше тез сату емес. Ең алды­мен, сол активті пайдаланудың мем­лекет үшін ең тиімді жолын анық­таймыз. Заңнамада бірнеше мүмкіндік қарастырылған: активті сату, жалға беру, сенімгерлік басқаруға беру немесе мемлекеттің мүддесіне сай бас­қа тәсілмен пайдалану.

– Біз әрдайым бір ғана сұраққа жауап іздейміз: қай шешім мемлекетке көбірек пайда әкеледі?

– Кей жағдайда активті сатқан тиімді, өйткені түскен қаражат әлеуметтік жоба­ларды қаржыландыруға бірден бағыт­талады. Ал кейбір жағдайда кәсіпорын жұмысын жалғастырып, жұмыс орындарын сақтап, мемлекетке тұрақты табыс әкелгені әлдеқайда тиімді болады. Мұндай жағдайда активті тиімді басқару дұрыс шешім саналады.

Сондықтан біздің компанияның негізгі міндеті – қайтарылған активтерді кәсіби әрі тиімді басқару. Ал оларды сату – осы мақсатқа жетудің бір ғана тетігі.

– Бүгінде қоғам ашықтық мәсе­лелеріне ерекше назар аударып отыр. Сауда-саттықтың ашықтығын қалай қамтамасыз етесіздер?

– Біз үшін ашықтық  заң талабы ғана емес. Бұл – сенім мәселесі.

Қоғам қайтарылған активтердің шынымен де мемлекет мүддесіне қыз­мет ететініне сенімді болуы үшін оларды өткізу үдерісі барынша ашық болуға тиіс.Сондықтан сауда-саттық e-Qazyna электрондық платформасында өткізіледі. Кез келген ниет білдіруші лот туралы ақпаратпен, оның бастапқы құнымен, қатысу шарттарымен және сауда-саттық нәтижелерімен алдын ала таныса алады.

Электрондық форматтың адами фак­тордың ықпалын болдырмайтыны өте маңызды. Барлық қатысушыға тең жағдай жасалады, ал баға тек бәсекелі сауда-саттық барысында қалыптасады.

Біз қатысушылар арасындағы бәсе­кенің барынша жоғары болуына мүд­деліміз. Қатысушылар саны неғұрлым көп болса, активті өткізудің қорытынды құны соғұрлым жоғары болады. Бұл Ар­найы мемлекеттік қорға көбірек қара­­жат түсіп, оның әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға бағытталатынын білдіреді.

– Сіз «әрбір теңге халықтың игілігі үшін жұмыс істеуге тиіс» деп жиі айтасыз. Бұл сөздің астарында не жатыр?

– Менің ойымша, дәл осы сөз біздің жұмысымыздың мәнін барынша толық көрсетеді. Біз қайтарылған активтерді жай ғана мүлік ретінде қарастырмаймыз. Біз оларды қоғам үшін қосымша құн­дылық қалыптастыру мүмкіндігі ретінде қабылдаймыз.

Бүгінде сандарды шынайы өмірден бөлек қарастыру қиын. Әрбір соманың ар­тында жаңа мектептер, заманауи ме­ди­­­циналық орталықтар, сумен жаб­дық­тау нысандары мен спорт инфра­қ­ұ­рылымы тұр.

Активтерді тиімді басқарудың арқасында мемлекет көбірек кіріс алған кезде оның игілігін ең алдымен аза­маттар көреді.

Сондықтан біз үшін мүлікті қайтару ғана маңызды емес. Оның елге барынша пайда әкелуін қамтамасыз ету маңызды. Әрбір қосымша теңге – өңірлерді дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға арналған қосымша мүмкіндік.

– Бұл саладағы заңнама біршама жаңа. Соңғы жылдары қандай өзгерістер болды?

– Ең маңызды өзгеріс – бүгінде Қазақстанда қайтарылған активтерді басқарудың тұтас жүйесі қалыптасты.

Бұрын мұндай тетіктер іс жүзінде болмаған. Қазір заңнамада мүлікті мемлекетке қайтарудан бастап, оны одан әрі пайдалану және түскен қара­жатты әлеуметтік жобаларды іске асы­руға бағыттауға дейінгі барлық кезең айқындалған.

Активтерді басқару қағидалары да жетілдіріліп келеді. Оларда практикалық тәжірибе ескеріліп, рәсімдер неғұрлым түсінікті, тиімді және ашық бола түсуде.

Бұл – өте маңызды үдеріс, өйткені еліміз үшін жаңа сала туралы сөз болып отыр. Тәжірибе жинақталған сайын заңнама да жетілдіріле береді.

– Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидатына ерекше мән беріп келеді. Бұл қағидат қайтарылған актив­терді басқару және оларды сату жүйесінде қалай көрініс табады?

– «Заң мен тәртіп» қағидаты біздің жұмысымыздың негізі деуге болады. Өйткені қайтарылған әрбір актив заң талаптарына сәйкес, ашық әрі әділ басқарылуға тиіс.

Біріншіден, активтерді басқару мен сату нақты заңнамамен реттелген. Барлық рәсім Қазақстан Республи­ка­сының «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңы мен Қаржы министрлігі бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

Екіншіден, активтерді сату толықтай ашық электрондық форматта e-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы өткізіледі. Бұл барлық қатысушыға тең мүмкіндік береді, адами факторды азайтады және сауда-саттықтың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, әрбір сатылған активтен түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Кейін бұл қаражат Үкіметтің шешімімен мектептер, ауру­ханалар, ауызсу жүйелері және басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады.

Яғни «Заң мен тәртіп» қағидаты тек заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтарумен  шектелмейді. Ол қайтарылған мүліктің ашық, тиімді әрі қоғам игілігі үшін пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Бұл – заңның үстемдігі мен әлеуметтік әділеттіліктің нақты көрінісі.

– Сіздер үшін халықаралық тәжірибе қаншалықты маңызды?

 – Әлемде тәркіленген және қайта­рылған активтерді басқару мәсе­лелерімен бұрыннан айналысып келеді. Сондықтан бәрін қайтадан ойлап табудың қажеті жоқ. Біз үшін үздік халықаралық тәжірибелерді пайдалану маңызды.

Осы мақсатта компания Дүние­жүзілік банкпен, ЕҚЫҰ-мен ынты­мақтастық орнатып, IPAF және BAMIN халықаралық желілерінің жұмысына қатысады.

ЕҚЫҰ мен BAMIN-нің қолдауымен компаниямызда өткізілген халықаралық алқалы шолу ерекше құнды болды. Халықаралық сарапшылар өз ұсыным­дарын беріп қана қоймай, жұмысы­мыздың мықты тұстарын да атап өтті. Атап айтқанда, активтерді e-Qazyna электрондық платформасы арқылы өткізудің ашықтығы жоғары бағаланды.

Мұндай бағалар Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқанын және активтерді басқару саласындағы халық­аралық кәсіби қоғамдастықтың біртіндеп бір бөлігіне айналып жатқанын рас­тайды.

– Бүгінде компанияның алдында қандай міндеттер тұр?

– Қысқаша айтқанда, біздің басты міндетіміз  – әрбір қайтарылған активтің мемлекетке барынша пайда әкелуін қамтамасыз ету.

Осы мақсатта біз активтерді басқару және өткізу рәсімдерін жетілдіруді, цифр­лық шешімдерді енгізуді, халық­аралық ынтымақтастықты дамытуды және мамандардың біліктілігін арттыру­ды жалғастырып келеміз.

Сонымен қатар бүгінде алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Ол  – қоғамның сенімін нығайту.

Азаматтар сот шешімінен кейін қайтарылған активтердің әрі қарай қалай пайдаланылатынын түсінуі тиіс. Бұл жабық үдеріс емес, түпкі мақсаты жаңа мектептер, ауруханалар, жолдар мен инженерлік инфрақұрылым салу болып табылатын түсінікті тетік екенін білуі қажет.

Біз осындай ашықтықты қызметі­міздің негізгі басымдықтарының бірі деп санаймыз.

– Бұл жұмыс жеке өзіңіз үшін нені білдіреді?

– Басты сезім  – жауапкершілік деп ойлаймын. Күнделікті құжаттармен, активтерді басқарумен және сандармен жұмыс істегенде әрбір шешімнің артында адамдар тұрғанын кейде ұмытып кетуің мүмкін. Алайда жаңа мектептің, заманауи медициналық орталықтың, спорт кешенінің немесе сумен жабдықтау нысанының ашыл­ғанын көргенде атқарылып жатқан жұмыстың барлығы дәл осы мақсатқа бағытталғанын түсінесің. Меніңше, біздің жұмысымыздың негізгі мәні де осында.

Қайтарылған активтер жай ғана мемлекеттік мүлік болып қалмауға тиіс. Олар елдің дамуына жол ашатын жаңа мүмкіндіктерге айналуы қажет.

Егер біздің жұмысымыздың арқа­сында ең болмаса бір бала жаңа мектепте білім алса, бір отбасы тұрғылықты жері­не жақын жерде сапалы меди­циналық көмекке қол жеткізсе немесе бір ауыл таза ауызсумен қамтамасыз етілсе, демек, біз өз міндетімізді орындадық.

Сондықтан мен әрдайым: «Қайта­рылған активтер  – өткеннің еншісі емес. Бұл  – Қазақстанның болаша­ғына және азаматтарымыздың әл-ауқа­тына салынған инвестиция»,  – деп айтамын.

Кез келген мемлекет қанша актив қайтарғанымен емес, сол активтердің адамдардың өмірін қалай өзгерткенімен бағаланады. Егер мемлекетке қайта­рылған қаражат мектептерге, ауруха­наларға, таза ауызсуға және азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктерге айналса, демек, бұл тетік шынымен де жұмыс істеп тұр. Біз өзіміздің басты миссия­мызды дәл осыдан көреміз. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Ардақ СҰЛТАН