Қуаңшылыққа қарсы қандай қорған бар?

Қазақстанның астық нарығында бір-біріне қарама-қайшы көрінетін екі жағдай қатар қалыптасып отыр.

Былтыр жиналған мол өнім елдің экспорт көлемін арттырып, бұрын бармаған нарықтарға шығуға мүмкіндік берді. Алайда биылғы егіннің тағдыры әлі белгісіз. Тамыз айына арналған агрометеорологиялық болжамда бірнеше облыстың жекелеген аудандарында құрғақшылық сақталатыны айтылды.

Қазір қоймадағы астық шетелге жөнелтіліп, ресми есептер экспорттық рекордтарды көрсетіп жатқанымен, даладағы жағдай өзгеше болуы мүмкін. Жауын-шашынның аздығы мен жоғары температура өсімдіктің дамуына ғана емес, оның пісіп-жетілуіне, дәннің салмағы мен сапасына да ықпал етеді. Сондықтан биылғы аптаптың нақты зардабы егін орағы аяқталған соң анықталмақ.

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов құрғақшылықтан зардап шеккен фермер­лерден әзірге министрлікке ресми өтініш түспегенін мәлімдеді. Алайда бұл алқаптарда мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Қолдан­ыстағы тәртіп бойынша шаруалар алдымен келген залалды жергілікті атқарушы орган арқылы ресми тіркетіп, арнайы акт жасатуға тиіс. Мемлекеттік қолдау шаралары осы құжаттың негізінде қарастырылады.

Қауіп картасы кеңейді ме?

«Қазгидромет» тамызға арналған түпкілікті болжамында жоғары темпе­ратураның сақталуы мен жауын-шашын тапшылығы атмосфералық құрғақшылықтың жалғасуына немесе одан әрі күшеюіне жағдай жасауы мүмкін екенін хабарлады. Дегенмен ел аумағындағы ахуал біркелкі емес. Солтүстік пен орталықтың бірқатар өңірінде ылғалдану көрсеткіші қалыпты деңгейге жақын болса, батыс және оңтүстік облыстардың кей аудандарында орташа құрғақшылық болжанып отыр.

Батыс Қазақстан облысында Бөкейорда және Жәнібек аудандары, Ақтөбе облысында Шалқар мен Ырғыз аудандары тәуекел аймағына кірген. Атырау облысының Құр­манғазы ауданында да орташа құрғақшы­лық күтіледі. Алматы облысында Балқаш ауданына қатысты осындай болжам жасалған.

Қуаңшылық қаупі Жамбыл облысының Мойынқұм, Қордай, Сарысу, Талас және Жамбыл аудандарында сақталмақ. Түркістан облысында тәуекелге ұшыраған аумақтар саны одан да көп: Арыс, Созақ, Қазығұрт, Ордабасы, Шардара, Жетісай, Байдібек және Келес аудандарында орташа құр­ғақшылық болжанды. Қызылорда облысында Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандары мен облыс орталығының маңында да ылғал тапшылығы сезілуі мүмкін.

Сонымен бірге болжамның барлық өңір үшін бірдей алаңдатарлық емес екенін ескерген жөн. Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданында ылғал молырақ болады деп күтілсе, Қостанай облысының басым бөлігінде жағдай нормаға жақын. Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Абай, Маңғыстау және Жетісу облыстарында да ылғалдану көрсеткіштері негізінен қалыпты деңгейде болжанған.

Осы мәліметтерге қарағанда, Қазақ­стан­ды тұтас қамтыған құрғақшылық туралы айтуға негіз жоқ. Бірақ жекелеген аудан­дардағы жағдайдың өзі фермерлер үшін елеулі мәселе туғызуы мүмкін. Бір облыстың ішінде жауын-шашын мөлшері мен топы­рақ­тағы ылғал қоры ауданнан ауданға өзгеріп отырады. Сондықтан республикалық орташа көрсеткіш нақты шаруашылықтың шығынын көрсете алмайды.

Азат Сұлтановтың сөзінше, құрғақ­шылықтан келген залал бірден мемлекеттік өтемақы төлеуге негіз болмайды. Оның көлемі алдымен ресми түрде тіркелуге тиіс.

«Заң бойынша, егін жинау жұмыстары кезінде шаруалардың алқаптарында құрғақ­шылық салдарынан зиян келсе, ең алдымен бұл зиян тіркелуі керек. Ол үшін әкімдік қызметкерлері шақырылып, арнайы акт жасалады. Осы актінің негізінде әкімдікке тиісті мәлімет ұсынылады және соған байланысты қажетті қолдау шаралары қарас­тырылады», – деді Азат Сұлтанов.

Яғни шаруаның егінінде шығын барын ауызша хабарлауы жеткіліксіз. Ол жергілікті әкімдікке жүгініп, комиссияның алқапты тексеруіне жағдай жасауы қажет. Құжатталған акт кейін қандай көмек көрсетілетінін шешуге негіз болады. Бұл рәсім мемлекеттік қаражаттың дәлелденген залалға ғана бөлінуін қамтамасыз етуге тиіс. Алайда оның екінші жағы да бар: құжаттарды уақытында рәсімдемеген немесе тиісті тәртіпті білмеген фермер қолдаудан тыс қалуы ықтимал.

Министрліктің әзірге арыз түспеді деген мәліметін де осы тұрғыдан қарастырған жөн. Егін орағы аяқталмай­ынша, шаруа­лардың көбі күтілетін өнімді нақты көлеммен салыстыра алмайды. Өсімдік сырт көзге күйіп кеткендей көрін­гені­мен, комбайн алқапқа кірген соң ғана гектарынан қанша өнім алынатыны белгілі болады. Сондықтан шағымдар мен залал туралы актілердің негізгі бөлігі науқанның соңына қарай пайда болуы мүмкін.

Сақтандыру шарты бар шаруалар үшін бөлек тетік қарастырылған. Бірақ мұнда да төлем автоматты түрде берілмейді.

«Егер шаруаның қолында сақтандыру полисі болса, осы актімен сақтандыру компаниясына жүгінеді. Шарт талаптарына сәйкес сақтандыру компаниясы тиісті төлемдерді жүзеге асырады. Қазіргі уақытта бізге бұл мәселеге қатысты ешқандай ақпарат түскен жоқ», – деді вице-министр.

Бүгінгі экспорт – кешегі өнімнің нәтижесі

Егін алқаптарындағы алаңдаушылыққа қарамастан, Қазақстанның астық экспорты әзірге жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, 2024-2025 маркетингтік жылында астық пен ұнның астық бала­масындағы жалпы экспорты 15,3 миллион тоннаға жеткен. Бұл – сала үшін рекордтық көрсеткіш.

2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 30 шілдеге дейін сыртқы нарықтарға 13,9 миллион тонна астық пен ұн жөнелтілді. Былтырғы жылдың дәл осы кезеңінде көр­сет­кіш 12,4 миллион тонна болған. Демек, экспорт бір жылда 12,6 пайызға өскен.

Жеткізілім географиясы да кеңейіп келеді. Қазақстандық өнім Марокко, Алжир, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және бірнеше Еуропа еліне шығарыла бастады. Әзербайжан, Грузия және Түркия бағытындағы сауда қайта жанданды. Орталық Азия елдері мен Ауғанстан бұрынғысынша негізгі нарықтардың қатарында қалып отыр.

23 шілдедегі мәлімет бойынша, Өзбекстанға астық жеткізу 37 пайызға өсіп, 5,6 миллион тоннаға жеткен. Қырғызстанға экспорт 1,4 есе ұлғайып, 504 мың тоннаны құрады. Ауғанстанға жөнелтілім 59 пайызға артып, 2,2 миллион тоннаға дейін көбейді. Түрікменстан бағытындағы көлем 34 пайыздық өсім көрсетіп, 210 мың тонна болды.

Қазақстанның экспорттағы қазіргі нәтижесіне 2025 жылғы мол өнім негіз болды. Сол жылы елде 27 миллион тонна астық жиналып, орташа түсім гектарына 17 центнерді құрады. Жоғары өнім ішкі қажеттілікті өтеп қана қоймай, сыртқы нарыққа ірі көлемде астық шығаруға мүмкіндік берді.

Бірақ бүгінгі экспорттық көрсеткішті биылғы егіннің жағдайымен шатастыруға болмайды. Қазір шетелге жөнелтіліп жатқан өнімнің едәуір бөлігі өткен маусымда жиналған астық. Ал 2026 жылғы өнімнің көлемі мен сапасы күзгі орақ толық аяқталған соң белгілі болады. Құрғақшылық болжанған аудандарда өнімділік төмендесе, оның әсері дәл қазір емес, келесі маркетинг­тік кезеңде сезілуі ықтимал.

Кәмила ДҮЙСЕН