Полицей мен ТЖД қызметкері балаларды құтқарып қалды

Қауіптің бетін дереу бағамдаған олар бұл оқиға туралы “102” арнасына хабарлаған.

ШҚО-да полицей мен ТЖД қызметкері қайғылы жағдайдың алдын алды, – деп жазды Aikyn.kz.

Тарбағатай ауданында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері телевизиялық мұнараға шығып бара жатқан 5–6 жастағы екі баланы байқаған. 

Қауіптің бетін дереу бағамдаған олар бұл оқиға туралы “102” арнасына хабарлаған. Оқиға орнына Тарбағатай ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Диас Жұмаділов жедел жетті. Ол Тарбағатай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Архат Ниғмашевпен бірге балаларды телевизиялық мұнарадан қауіпсіз түсіріп, қайғылы жағдайдың алдын алды. 

Одан кейін олар ата-аналарына тапсырылды. Олармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмау және қауіпті нысандардың маңына жолатпау қажеттігі ескертілді. 

«Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Оларды қараусыз қалдырмаңыздар – өйткені ересектердің мұқияттығы мен бақылауы баланың өмірі мен денсаулығын сақтайтын басты кепіл», - делінген хабарламада.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.