«Әділет» партиясының өкілдері егін, ауызсу, жастарды жұмыспен қамту мәселесін талқылады

«Әділет» партиясының өкілдері бірнеше өңірді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Су үнемдеу технологиясы қолданылатын аумақты кеңейтуді көздейді

«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Жамбыл ауданының Жайсан ауылындағы  Berekeli et  шаруа қожалығының еңбек ұжымымен кездесті. Жүздесуде суармалы егіншілікті дамыту, мал азығын дайындау және шаруашылықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Шаруашылықтың 1 500 гектар суармалы жері бар. Биыл 400 гектарға жүгері, 500 гектарға арпа және 200 гектарға бидай егілген. Өсірілген өнім қожалықтағы 1 500 бас малдың жемшөп қорын дайындауға пайдаланылады.

Шаруа қожалығының басшысы Ербосын Мылтықбаев өндірістің тиімділігі суармалы судың тұрақты берілуіне, ирригациялық инфрақұрылымның жағдайына және су беру кестесінің сақталуына тікелей байланысты екенін айтты.

«Біз 1 500 бас малға қажетті жемшөпті өзіміз дайындаймыз. Сондықтан суармалы судың егістікке уақытында және қажетті көлемде жетуі маңызды. Тамшылатып суару суды үнемдеуге және өнім көлемін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Алайда бұл технологияның тиімділігі магистральдық арналардың жағдайы мен судың тұрақты берілуіне тікелей байланысты. Суармалы егіншілікті кеңейту үшін алдымен қолданыстағы ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту қажет», – деді Ербосын Мылтықбаев.

Кездесу барысында штаб мүшелері еңбек ұжымына партияның сайлауалды бағдарламасындағы агроөнеркәсіп кешеніне қатысты ұсыныстарды таныстырды. Бағдарламада суармалы жер көлемін 2,5 миллион гектарға дейін ұлғайту, ал тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары қолданылатын аумақты 2030 жылға қарай 1 миллион 362 мың гектарға жеткізу көзделген.

Сондай-ақ бағдарламада қуаң өңірлердегі ирригациялық және мелиорациялық жүйелерді қайта жаңғырту, суару арналарын жаңарту және суды есепке алудың заманауи құралдарын енгізу қарастырылған. Бұл шаралар суды тасымалдау кезінде болатын ысырапты азайтып, су ресурстарын шаруашылықтар арасында тиімді бөлуге бағытталған.

«Су үнемдеу технологиясын тек егістікке енгізу жеткіліксіз. Оған су жеткізетін арналар мен тұтас ирригациялық жүйе қатар жаңаруға тиіс. Партия бағдарламасында бұл мәселелер өзара байланыста қарастырылған. Осындай кездесулерде шаруашылықтардың нақты тәжірибесін көріп, еңбек ұжымдарының ұсыныс-тілектерін жинап, көтерілген мәселелерді тіркеп жүрміз», – деді штаб мүшесі Әділбек Қамбарұлы.

Кездесу соңында шаруашылық қызметкерлері партияның ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ұсыныстарына қолдау білдірді.

 Қуатты қоғамның негізі – халықпен ашық диалог

Ақмола облысында Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша сайлауалды үгіт-насихат науқаны қарқын ала түсуде. «Әділет» партиясы үшін халықпен кездесу – сайлауалды науқанның міндетті кезеңі ғана емес, тұрғындардың пікірін тыңдап, көкейкесті сауалдарына жауап беруге және елдің дамуына бағытталған нақты бастамаларды таныстыруға мүмкіндік.

Осындай кезекті кездесулер Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында өтті. Облыстық сайлауалды штабының мүшелері Мәдениет үйінде, IT мектепте, «Сұлу-ай» балабақшасында болып, сондай-ақ ауыл тұрғындарымен жүздесті. Әрбір кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер талқыланды.

Кездесулер барысында партияның сайлауалды бағдарламасындағы білім беру, мәдениет және мектепке дейінгі тәрбие саласы қызметкерлері үшін маңызды бағыттарға ерекше назар аударылды.

IT мектеп ұжымына заманауи білім беру жүйесін дамыту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау және дарынды жастарды қолдау жөніндегі бастамалар таныстырылды. Партия өкілдері білім мен цифрлық құзыреттерге салынатын инвестиция – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты факторлардың бірі екенін атап өтті.

«Сұлу-ай» балабақшасының педагогтерімен өткен кездесуде мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, педагогтерді қолдау және білім саласы қызметкерлерінің мәртебесін нығайту мәселелері сөз болды. Сонымен қатар  балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды жетілдіруге бағытталған ұсыныстарға ерекше мән берілді.

Мәдениет үйінде өткен кездесуде мәдени мұраны сақтау, өңірлердің шығармашылық әлеуетін дамыту және мәдениет мекемелерінің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, мәдениет ошақтары – түрлі буын өкілдерін біріктіріп, қоғамның рухани құндылықтарын қалыптастыратын маңызды орталықтар.

Тайтөбе ауылының тұрғындарымен өткен кездесу де мазмұнды әрі нәтижелі болды. Ауыл тұрғындары инфрақұрылымды дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру, спортты қолдау, жастар саясатын жетілдіру және халықты әлеуметтік қорғау мәселелерін көтерді. Сонымен бірге жолдардың жағдайын жақсарту, әлеуметтік нысандар санын көбейту және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау жөнінде ұсыныстар айтылды.

Партия өкілдері тұрғындардың барлық сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, көтерілген әрбір ұсыныс пен өтініш мұқият зерделенетінін жеткізді.

«Әділет» партиясы сайлауалды штабының мүшесі Ақманат Әлімбетова атап өткендей, тиімді шешімдер қабылдау үшін халықпен тұрақты байланыс орнату аса маңызды. Өйткені өз елді мекеніндегі өзекті мәселелерді ең жақсы білетін – сол жерде тұратын тұрғындардың өзі.

Кездесу соңында қатысушыларға «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы жан-жақты баяндалған ақпараттық буклеттер таратылды. Бұл тұрғындарға партия ұсынған бастамалармен мұқият танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берді.

Ауыл – азық-түлік қауіпсіздігінің берік негізі 

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Әділет» партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидат Берген Беспалинов Зеренді ауданының Молодежное ауылының тұрғындарымен және «Мирас» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.

«Мирас» ЖШС – ауданның жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі. Кәсіпорын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды өсірумен, сондай-ақ тұқым шаруашылығын дамытумен айналысады. Осыған байланысты кездесудің негізгі бөлігі агроөнеркәсіп кешенін дамыту және ауыл еңбеккерлерін қолдау мәселелеріне арналды.

Кездесу ашық әрі еркін пікір алмасу форматында өтті. Қатысушыларға «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, оның негізгі бағыттары жан-жақты түсіндірілді. Бағдарламада өңірлерді дамыту, әділ әрі бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру, адами капиталды қолдау және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше мән берілген.

Кездесу барысында ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту, аграрлық секторды дамыту, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Ауыл тұрғындары жолдардың жағдайы, ауыл шаруашылығы саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жастардың туған ауылында қалып, еңбек етуіне мүмкіндік жасау жөнінде өзекті сұрақтарын қойды.

Сұрақтарға жауап берген Берген Беспалинов ауылдың тұрақты дамуы – ел экономикасының өркендеуі мен азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды кепілі екенін атап өтті.

«Бүгінде қуатты ауыл – қуатты өңірдің және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің берік негізі. Біздің міндетіміз – ауыл тұрғындарының еңбегі лайықты бағаланатын, аграрлық бизнес тұрақты дамитын, ал жастар туған жерінде өз болашағын көретін жағдай қалыптастыру. Сондықтан «Әділет» партиясының бағдарламасында өңірлерді дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және мемлекеттік шешімдердің тиімділігін арттыруға айрықша басымдық берілген», – деді Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидат Берген Беспалинов.

Ақмола облыстық сайлауалды штабының мүшесі Дуанбай Ыбырай: «Ауылдың дамуы – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Бүгінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, еңбек адамын қолдау, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Әрбір ауылдың әлеуеті зор, сондықтан тұрғындардың ұсыныстары мен бастамалары тыңдалып, нақты жұмыстарға бағытталуы қажет. «Әділет» партиясы ауылдық аумақтарды дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауыл жастарына жаңа мүмкіндіктер ашуға ерекше көңіл бөледі», – деді ол.

Кездесу қорытындысында тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Көтерілген барлық мәселелер мен бастамалар партияның бағдарламалық міндеттерін іске асыру барысында назарға алынатын болады.

Жастардың ауылда еңбек етуіне жағдай жасау – «Әділет» партиясының басты басымдықтарының бірі 

«Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмысы  Жарқайың ауданында жалғасты. Ашық диалогтың кезекті алаңы Кенское ауылындағы элеватордың еңбек ұжымы болды.

Үгіт-насихат жұмысы барысында партия белсенділері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, өңірлерді дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамаларға ерекше тоқталды. Штаб өкілдерінің айтуынша, тұрғындармен тұрақты әрі ашық байланыс орнату әрбір елді мекеннің өзекті мәселелерін айқындап, оларды шешудің тиімді жолдарын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Элеватор ұжымымен өткен кездесуде агроөнеркәсіп кешенін қолдау мәселесіне басымдық берілді. Партияның сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, астық сақтау және қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі нақты шаралар қамтылған. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, мұндай бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтып, астық саласының тұрақты дамуына тың серпін береді.

Ұжым мүшелері өңірлік экономиканы дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыру, жол және коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту және олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мәселелері бойынша өз сауалдарын қойды. 

«Ауыл – елдің алтын қазығы. Сондықтан ауылдық елді мекендерді дамыту, олардың инфрақұрылымын жаңғырту, тұрақты жұмыс орындарын ашу және жастардың ауылда қалып, еңбек етуіне жағдай жасау – «Әділет» партиясының басты басымдықтарының бірі. Қуатты ауыл – қуатты өңірдің, ал қуатты өңір – өркендеген Қазақстанның негізі», – деді Ақмола облыстық сайлауалды штабының мүшесі Жұлдыз Сейтбек.

Партия өкілдері тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен бастамалар жан-жақты зерделеніп, алдағы жұмыста міндетті түрде ескерілетінін атап өтті.

«Әділеттің» өкілдері Кененбай үңгірінде болды

Құрылтай депутаттығына кандидат Мұса Хайруллиев Құрманғазы ауданына жұмыс сапары аясында өңірдің тарихи-мәдени мұраларының бірі – Кененбай үңгіріне барып, оның тарихымен танысты.

Бесшоқы өңірінде, Асан ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 39,5 шақырымда орналасқан Кененбай үңгірі – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін киелі орындардың бірі. XIX ғасырдағы зерттеуші И.Б.Ауэрбах өз еңбектерінде үңгір атауын Кененбай есімді жергілікті тұрғынның атымен байланыстырған. Ал жергілікті халық арасында бұл орынның ертеректе мешіт әрі құлшылық жасайтын орын болғаны жөнінде деректер сақталған.

Көптеген тарихи аңыздар мен ел аузындағы әңгімелерге арқау болған Кененбай үңгірі бүгінде Құрманғазы өңірінің маңызды тарихи-танымдық нысандарының бірі саналады. Бұл жер – өткен мен бүгінді жалғап тұрған рухани мұраның айқын көрінісі.

Тарихи орынмен танысу барысында Мұса Хайруллиев өңірдің мәдени-тарихи құндылықтарын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Кененбай үңгірі.

– Ұлттың болашағы оның тарихи жадымен тығыз байланысты. Осындай қасиетті орындар – халқымыздың рухани тамыры мен мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Біз оларды сақтап қана қоймай, келер ұрпаққа танытып, тарихи туризмді дамыту арқылы ел игілігіне айналдыруымыз қажет. Ұлт болып ұйысудағы бұл бағыттар – партияның басты басымдықтарының бірі, – деді Мұса Хайруллиев.

«Әділет» партиясы мәдени мұраны қорғау, тарихи ескерткіштерді сақтау және оларды кеңінен насихаттау – ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды бағыты деп есептейді. Тарихи-мәдени нысандарды жаңғырту мен оларды туристік әлеуетке айналдыру өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етеді.

Құрманғазы ауданындағы Кененбай үңгіріне жасалған сапар – өңірдің бай тарихи мұрасымен танысудың ғана емес, өткенге құрмет көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі болды.

Жол – ауылдың тынысы

Құрылтай депутаттығына кандидат Мұса Хайруллиевтің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Құрманғазы ауданында жалғасты. Кандидат «Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабының мүшелерімен бірге ауданның шалғайдағы өңірлері – Сүйіндік, Қошалақ және Асан ауылдарын аралап, тұрғындармен жүздесті.

Кездесулердің басты мақсаты – ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылау және «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын таныстыру болды.

Алғашқы кездесу Сүйіндік ауылында өтті. Ашық пікір алмасу барысында тұрғындар ауылдың ең күрделі мәселесі ретінде жол инфрақұрылымын атады. Айтылған 20 ұсыныстың тең жартысы – ауылішілік және ауданмен байланыстыратын жолдардың сапасына қатысты болды. Халық жол мәселесінің шешілуі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасына және жастардың болашағына тікелей әсер ететінін жеткізді.

– Жол – жай ғана инфрақұрылым емес. Ол – ауылдың тынысы, халықтың күнделікті өмірінің сапасы, балалардың қауіпсіздігі мен кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан тұрғындардың әрбір ұсынысы біздің назарымызда болады, – деді Мұса Хайруллиев.

Іссапар одан әрі Қошалақ елді мекенінде жалғасты. Бірнеше ғана шаңырақ қалған шағын ауылдың тұрғындары кандидаттарды ақ батасын беріп қарсы алды. Ауылдың көнекөз қариялары мен ақ жаулықты аналары елді мекендегі ең өзекті мәселелердің бірі – ауызсу мен электр энергиясының тапшылығы екенін жеткізді.

Соған қарамастан ауыл тұрғындары елдің ертеңіне сеніммен қарап, бірлік пен тұрақтылықтың маңызын атап өтті. Олар «Әділет» партиясының бастамаларын қолдайтындарын айтып, алдағы сайлауда өз таңдауларын жасайтындықтарын жеткізді.

– Осындай шағын ауылдардың тағдыры – мемлекеттің назарынан тыс қалмауы тиіс. Әрбір азаматтың сапалы өмір сүруге тең құқығы бар. Ауылдың мәселесін ауыл тұрғындарының өз аузынан есту – біз үшін ең маңызды міндеттердің бірі, – деді кандидат.

Құрманғазы ауданындағы жұмыс сапары Асан ауылында қорытындыланды. Мұнда өткен кездесуде Мұса Хайруллиев тұрғындарды «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының жеті негізгі бағытымен таныстырды. Атап айтқанда, заң мен тәртіпті нығайту, әділ әрі бәсекелі экономиканы дамыту, цифрлық мемлекетті қалыптастыру, өңірлердің әлеуетін күшейту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, адам капиталын дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы бастамалар кеңінен түсіндірілді.

Кездесуде тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, ауылдарды дамытуға қатысты нақты мәселелерді көтерді. Партия өкілдері көтерілген барлық ұсыныс жан-жақты сараланып, алдағы жұмыс барысында ескерілетінін атап өтті.