FIDE World University Team Chess Championship 2026 ширек финалистері анықталды

Ең күшті сегіздікке Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы өтті.

Алматыда 2026 жылғы университеттер арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. 16 команданың ішінен күресті одан әрі 8 команда жалғастырады,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Топтық кезең үш күнге созылды. Қатысушылар төрт тақтада 45+30 жылдам классика уақыт бақылауымен алты матчтан ойнады. Әр топтан екі ең күшті команда плей-оффқа өтті.

А тобында ширек финалистер мерзімінен бұрын анықталды. Бірінші орынды сенімді түрде Орал мемлекеттік тау-кен университеті иеленді. Команда барлық алты матчты жеңіп, 12 командалық және 22 жеке ұпай жинады. Екінші орында – Harvard University студенттері. Олар 7 командалық және 12,5 жеке ұпай жинады. University of Melbourne және Peking University командалары чемпионатқа қатысуын аяқтады.

В тобында Webster University командасы ең қиын жағдайда өнер көрсетті: барлық матчтарда үшеу болып ойнап, әр кездесуді бір ұпайға артта бастады. Нәтижесінде, Webster University мен Universidad de Chile бірдей – бестен командалық ұпай жинады. Алайда жеке көрсеткіштер бойынша чилилік команда басым түсіп, плей-оффқа өтті. Топта бірінші орынды үлкен айырмашылықпен Saint Louis University командасы алды. Ол мүмкін болатын 24 ұпайдың 22,5-ін жеке есепте жинады.

С тобында бірінші орынды University of Texas at Dallas иеленді – 6 жеңіс, 12 командалық және 19 жеке ұпай. Екінші орында – National Technical University of Athens (8 командалық ұпай). Қазақстандық AlmaU командасы топтық кезеңді үшінші орында (3 ұпай) аяқтады, Cambridge University төртінші болды.

D тобының жеңімпазы – Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы. KNUS студенттері бес жеңіске жетіп, бір матчты тең аяқтады: 11 командалық және 19 жеке ұпай жинады. Топтық кезеңнің соңғы турларында олар отандастары – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасымен кездесті. Қарсыластық екі рет спорт университеті студенттерінің жеңісімен аяқталды: 3,5:0,5 және 3:1. Екінші орында – индонезиялық Universitas Gunadarma командасы (7 командалық ұпай). Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшінші орында (6 ұпай) тоқтап, плей-оффтан бір қадам қалды. Oxford University кезеңді төртінші орында аяқтады. Осылайша, плей-оффта Қазақстанды тек бір команда – Қазақ ұлттық спорт университеті ұсынатын болады.

7 тамызда жартылай финалға өтетін төрттік анықталады:

  • Universidad de Chile – Ural State Mining University

  • Kazakh National University of Sports – National Technical University of Athens

  • Universitas Gunadarma – University of Texas at Dallas

  • Saint Louis University – Harvard University (АҚШ өкілдері)

8 тамызда жартылай финал матчтары өтеді, 9 тамызда чемпион мен жүлдегерлер анықталады.

Нәтижелер: https://s1.chess-results.com/tnr1468181.aspx

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.