Төрт тілді меңгерген полиглот-сарбаз Ұлттық ұланда қызмет етіп жүр

Бүгінде 7 мыңнан астам ұландық күн сайын елдің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзету қызметін атқарады.

Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінде шетелдіктердің кез келген сауалына тосылмай жауап бере алатын сарбаз қызмет етеді. Қатардағы жауынгер Аббас Шамшиден қазақ, орыс, ағылшын және чех тілдерінде емін-еркін сөйлей алады. Ал қытай тілін енді үйреніп жүр,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Полиглот сарбаз Астанада бастау алған әлемдік деңгейдегі «Болашақ ойындары» кезінде қоғамдық тәртіп сақтау қызметіне тартылды. Ал бүгінде ол Қарағандыдағы қызметіне қайта оралды. Осындай іс-шараларда жаһанның түкпір-түкпірінен келген қонақтармен тіл табысу оның күнделікті қызметінің бір бөлігіне айналған. Туристердің бірі жол сұраса, енді бірі жарыс өтетін орындарды іздейді. Осындай сәттерде Аббастың бірнеше тілді меңгеруі көптің кәдесіне жарап жүр.

Шамшиден Аббастың кәсіби әскери даярлығы мен бірнеше тілді меңгеруі Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің заман талабына сай жан-жақты дайындалатынын көрсетеді. Бұл халықаралық деңгейдегі іс-шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, Қазақстанның қонақжайлығы мен әскери қызметшілерінің жоғары кәсібилігін де айқындай түседі.

Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан астам ұландық күн сайын елдің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзету қызметін атқарады. Олар көшелерде, халық көп шоғырланатын орындарда және маңызды мемлекеттік нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың тыныштығын сақтауға үлес қосып келеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.