CNBC мақаласына сенсек, сымсыз жаңарту технологиясы кибершабуыл жасау қаупін де күшейтеді. Aikyn.kz осы материал негізінде жасаған талдауын ұсынады.
Tesla компаниясы OTA жаңартуларын 2012 жылы Model S көліктерінде қолдана бастады. Кейін бұл тәжірибе салалық стандартқа айналып, көптеген өндірушілер оны өз өндірісінде қолданды. Бұрын көліктің бағдарламалық жасақтамасын жаңарту үшін сервистік орталыққа апару немесе ауқымды кері шақырту науқанын өткізу қажет болатын. Ал сымсыз жаңарту бұл шығынды азайтып, жүйелерді жылдам басқарылатын жасады.
Суонси университетінің профессоры Сирадж Ахмед Шейхтің айтуынша, OTA технологиясы «көлік жүйелерін басқарудың жедел әрі экономикалық тұрғыдан тиімді тәсілі» саналады. Бірақ оның көлік инфрақұрылымына енуі ұлттық қауіпсіздік мәселесін туындатуда. Сингапурдағы С. Раджаратнам атындағы халықаралық зерттеулер мектебінің аға сарапшысы Габриэль Лим бұл технология арқылы шетелдік тараптың (мысалы, қаскөйлер) қозғалыстағы көліктің басқару жүйесіне кіре алатынын айтады.
«Деректер құпиялылығына қатысты мәселелерден бөлек, шетелдік субъект қозғалып келе жатқан көліктің басқару жүйесін істен шығаруы немесе әдейі бұзуы мүмкін», – дейді ол.
Бұл қауіп тек теориялық болжам емес. Норвегияның Ruter автобус компаниясы жүргізген сынақ кезінде көліктің батареясы мен электрмен жабдықтау жүйесіне мобильді желі арқылы қашықтан қосылуға болатыны анықталған. Байланыс румындық SIM-карта арқылы жүзеге асқан. Компания өкілдері теория жүзінде өндіруші автобусты тоқтатып немесе оның жұмысын бұғаттай алатынын мәлімдеді.
Осы оқиғадан кейін Ұлыбритания мен Дания да көлік жүйелеріне қатысты жеке тексерулер бастады. Ұлыбританияның Көлік министрлігі мәселені Ұлттық киберқауіпсіздік орталығымен бірлесіп зерттеп жатқанын хабарлады.
OTA технологиясы көліктерді жылдам әрі тиімді жаңартуға мүмкіндік береді. Алайда ол көлікті тек техникалық құрал емес, интернетке қосылған және сырттан басқарылуы ықтимал цифрлық жүйеге айналдырады. Сондықтан бұндай технологияны дамыту қауіпсіздік талаптарымен қатар жүруі тиіс.