Мектеп формасына қатысты ата-аналар білуге тиіс маңызды талаптар

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі ресми мәлімдеді.

Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар оны қолдануда бірізділікті қамтамасыз етуге, ата-аналардың оң көзқарасын қалыптастыруға және білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оны таңдауда білім алушылардың жас ерекшеліктері, климаттық жағдайлар, сабақ өтетін орын, оқу ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі.

Мектеп формасының пішімін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептегі өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындайды. Ол жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Мектеп формасына енгізілетін өзгерістер де аталған кеңестермен келісу арқылы қабылданады.

Ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алып, өндірушіні еркін таңдай алады. Білім беру ұйымдары тарапынан жекелеген өндірушілерге артықшылық беруге жол берілмейді.

Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мектеп формасын, аяқкиім мен мектепке қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін фурнитура мен аксессуарлар болмауы тиіс. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген қағидаларға сәйкес оқу ғимараты ішінде баскиіммен жүруге жол берілмейді.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген қағидаларды және міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.