«Бурабай» ұлттық паркінде табиғатты қорғау жүйесі жаңартылып жатыр

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (МҰТП) шамамен 130 мың гектар аумағын қорғау үшін білікті мамандар ғана емес, сонымен қатар олардың тәулік бойы қорғалатын аумақта қызмет атқаруына мүмкіндік беретін дамыған инфрақұрылым қажет.

Осы мақсатта ұлттық парк аумағында 27 кордон жұмыс істейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кордондар – мемлекеттік инспекторлардың толыққанды жұмыс базасы. Мұнда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады, жедел кеңестер өткізіледі, патрульдеу бағыттары белгіленеді, жедел радиобайланыс қамтамасыз етіледі, рейдтердің қорытынды материалдары мен қызметтік құжаттар рәсімделеді. Сонымен қатар  кордондар елді мекендерден шалғайда қызмет атқаратын қызметкерлердің тұруына қажетті жағдай жасайды.

«Бұл тек қызметкерлерге арналған тұрғын үй немесе ормандағы қарапайым үйшіктер емес. Кордондар – ерекше қорғалатын табиғи аумақты, мемлекеттік орман қорын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау жүйесінің маңызды бөлігі», – дейді «Бурабай» МҰТП Ормандарды және өсімдіктер дүниесін қорғау, молықтыру және ұтымды пайдалану бөлімінің басшысы Мереке Жүнісов.

Инспекторлардың тікелей орманшылықтар аумағында орналасуы патрульдеу учаскелеріне дейінгі қашықтықты қысқартып, келіп түскен хабарламаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе өрт қаупі жоғары кезеңде маңызды, өйткені өрттің ерте анықталуы мен оқиға орнына дер кезінде жету өртті бастапқы кезеңде оқшаулауға мүмкіндік береді.

Сегіз кордон аумағында қосымша бірінші үлгідегі орман өрт сөндіру стансалары (ЛПС-1) орналасқан. Осылайша, орман алқаптарының ішінде мемлекеттік инспекторлармен қатар, өртке алғашқылардың бірі болып әрекет етуге қажетті күштер мен құралдар да шоғырланған.

Сонымен қатар «Бурабай» МҰТП табиғат қорғау қызметінің инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартып келеді. Бірнеше ондаған жыл бұрын салынған ескі кордондардың орнына тәулік бойы жұмыс істеуге және қызметкерлердің тұруына қажетті инженерлік коммуникациялармен жабдықталған заманауи ғимараттар бой көтеруде.

2019 жылы ұлттық парк аумағында үш жаңа кордон салынды. 2023 жылы тағы бір кордон пайдалануға берілсе, 2025 жылы бірден бес жаңа нысан іске қосылды. Осы кезеңде барлығы тоғыз кордон жаңартылды. Қазіргі уақытта Жалайыр орманшылығында тағы бір жаңа кордонның құрылысы жалғасып жатыр.

Жаңа нысандарда толыққанды жұмыс кабинеттері, кезекшілік және демалыс бөлмелері, сумен жабдықтау және су бұру жүйелері, сондай-ақ тұрмысқа қажетті барлық жағдай қарастырылған. Орман қоры аумағында қызметінің басым бөлігін өткізетін инспектор үшін мұндай инфрақұрылым күнделікті қызметтік қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып саналады.

Бүгінде кордон бірнеше маңызды міндетті қатар атқарады: ол – инспектордың жұмыс базасы, тәулік бойғы кезекшілік пен байланыс пункті, патрульдеу бағыттарының бастау нүктесі, өртке қарсы инфрақұрылымның элементі және қызметтік тұрғын үй.

Кордондарды кезең-кезеңімен жаңарту «Бурабай» МҰТП-ға мемлекеттік инспекторлардың еңбек жағдайын жақсартумен қатар, ұлттық парк аумағын қорғау инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді. Әрбір осындай нысанның басты мақсаты – Бурабайдың ормандары, жануарлар және өсімдіктер дүниесі қорғалатын аумақтарда мамандардың тұрақты түрде қызмет атқаруын қамтамасыз ету.