Құрылтай депутаттары қалай сайланады және оған кімдер үміткер бола алады?

Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Жақын арада Қазақстанда мемлекеттік биліктің жаңа жоғары өкілді органы – Құрылтай құрылады. 15 наурызда республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, ол елдің негізгі заң шығарушы органы болып, заңдар қабылдап, мемлекеттің дамуының негізгі бағыттарын айқындайды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Құрылтайдың негізгі міндеті қандай?

Құрылтай – Қазақстан Республикасының заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органы. Оның ұйымдастырылуы мен қызметі, сондай-ақ депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен реттеледі.

Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталады. Жаңа шақырылымның бірінші сессиясы жұмысын бастаған кезде бұрынғы Құрылтайдың өкілеттігі аяқталады.

Конституцияда көзделген жағдайларда Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

Құрылтайда қанша депутат болады?

Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі негізінде сайланады.

Яғни сайлаушылар жеке кандидаттарға емес, сайлауға қатысатын саяси партияларға дауыс береді. Депутаттық мандаттар партиялардың сайлауда алған дауыстарына сәйкес бөлінеді.

Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Депутаттар қалай сайланады?

Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Құрылтайдың кезекті сайлауы жұмыс істеп тұрған шақырылымның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.

Ал Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, кезектен тыс сайлау оның өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.

Құрылтай депутаты болу үшін қандай талап қойылады?

Құрылтай депутаты болу үшін:

  • Қазақстан Республикасының азаматы болуы;
  • 25 жасқа толуы;
  • Қазақстан аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұруы қажет.

Құрылтай депутаттарының сайлану тәртібі мен сайлауды өткізуге қатысты өзге де мәселелер конституциялық заңмен реттеледі.

Құрылтайдың өкілеттігі қашан басталады?

Құрылтайдың өкілеттігі сайланған депутаттардың өкілеттігімен ғана шектелмейді. Конституцияға сәйкес, оның өкілеттігі бірінші сессия ашылған кезден басталады.

Жаңа шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы жұмысын бастаған кезде бұрынғы шақырылымның өкілеттігі аяқталады.

Сонымен қатар Конституцияда белгіленген жағдайларда Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

Құрылтайды кім тарата алады?

Конституцияда Құрылтайды мерзімінен бұрын тарату тәртібі де белгіленген. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай Төрағасымен және Премьер-Министрмен консультация өткізгеннен кейін Құрылтайды таратуға құқылы.

Сонымен қатар Президент Құрылтай келісімі қажет болатын лауазымға өзі ұсынған кандидатураны тағайындауға Құрылтай қайтадан келісім бермеген жағдайда да Құрылтайды тарата алады. Мұндай мүмкіндік Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда да қарастырылған.

Алайда Құрылтайды таратуға бірқатар шектеу қойылған. Оны төтенше немесе соғыс жағдайы кезінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.

Бұдан бөлек, Конституцияның 51-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда да Құрылтайды таратуға жол берілмейді.

– Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлғаның Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасауға, сондай-ақ Құрылтайды таратуға құқығы жоқ, – деп жазылған Конституциядағы 51-баптың 3-тармағында.