Алматыда әлемге танымал рэпер Канье Уэсттің алдағы концертіне жалған билеттерді заңсыз сатпақ болған күдікті анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында концерт билеттерін сататыны туралы хабарландыру жариялаған жас жігіттің жеке басы анықталған. Полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде оның заңсыз әрекетінің жолы кесіліп, ешбір азамат алданып үлгермеген.
Осыған байланысты полиция қала тұрғындары мен қонақтарын концерт билеттерін тек ресми сервистер арқылы сатып алуға, бейтаныс адамдардың шотына ақша аудармауға және әлеуметтік желілердегі күмәнді хабарландыруларға сенбеуге шақырды.
Еске салайық, Канье Уэсттің Қазақстандағы алғашқы концерті 14 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.