Astana AI Film Festival: 1 900-ден астам фильм жасанды интеллектінің көмегімен түсірілді

Бұл туралы фестивальдің Қамқоршылық кеңесінің отырысында мәлім болды.

Astana AI Film Festival халықаралық жасанды интеллект фильмдер фестиваліне әлемнің 90-нан астам елінен 1 900-ден астам өтінім келіп түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиында халықаралық жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдер фестиваліне дайындық барысы талқыланды. Кеңес отырысына Қамқоршылық кеңесінің мүшелері Қуанышбек Есекеев пен Раушан Қажыбаева, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, UNI-Q Group медиахолдингінің төрағасы Мұхамедқали Тауан және фестиваль ұйымдастырушылары Алмас Жәлі мен Айзатулла Хуссейн қатысты.

Қатысушылар байқау бағдарламасын, фестивальді Astana Digital Bridge аясында өткізуге дайындықты, сондай-ақ шетелдік қатысушылар мен қонақтарды қабылдау мәселелерін талқылады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өтінімдердің ең көбі АҚШ-тан (17%), Үндістаннан (10%) және Қазақстаннан (8%) түскен. Бұдан кейін Оңтүстік Корея мен Қытай (әрқайсысы – 5%), Ұлыбритания (4%), Ресей мен Гонконг (әрқайсысы – 3%) орналасқан.

Фестивальдің халықаралық қазылар алқасының құрамына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуле, China Film Group өкілі Ма Пин және Бейжің кино академиясының профессоры Ван Хао енді. Astana AI Film Festival-дің бас серіктесі – Freedom Holding Corp.

Кездесуде сондай-ақ Бейжіңде өткен Қазақстан–Қытай AI-кино саласындағы инновациялық алмасу форумының қорытындысы бойынша Astana AI Film Festival қоры мен Beijing Zhongguancun Tongli Technology Service Co., Ltd. арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны айтылды. Соған сәйкес қытайлық компания фестивальдің Қытайдағы ресми өкілі болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар географиясының кеңеюі кәсіби қауымдастықтың жасанды интеллект арқылы фильм түсіруге қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Жасанды интеллект кино жасаудың жаңа тәсілдерін ғана емес, киноөндіріс моделін де өзгертуде.

Astana AI Film Festival 2026 жылғы 1–3 қазан аралығында Астанада Astana AI Week аясында өтеді. Бағдарламада жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын халықаралық AI-фильмдер байқауы, конференциялар, жоба таныстыру сессиялары (pitching), ашық кино көрсетілімдері және жасанды интеллект, кино мен цифрлық шығармашылық саласының жетекші сарапшыларымен кездесулер жоспарланған.

Фестивальдің негізгі байқауының тақырыбы – The Future Worth Living In  («Өмір сүруге тұрарлық болашақ»). Сонымен қатар бес номинациядан тұратын ашық конкурс ұйымдастырылады. Өтінім қабылдау 2026 жылдың тамыз айының соңына дейін жалғасады.

Фестиваль тарихында алғаш рет ресми бағдарламаға енген фильмдер Астанадағы Chaplin кинотеатрында үлкен экраннан көрсетіледі. Ал іскерлік бағдарлама Digital Bridge форумы аясында өтіп, оған халықаралық сарапшылар қатысатын пленарлық және панельдік сессиялар, воркшоптар мен шеберлік сабақтары енеді.