Қайта оралған қара өлең

Абай айтқандай, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы». Ал «Мөлдір өлең» – сөз патшасын, яғни қазақтың қара өлеңін қадірлеуге, оның көркемдік қуаты мен тереңдігін жаңа қырынан танытуға бағытталған поэтикалық жоба.

Ұлттық поэзияның тамырына нәр беріп, жас таланттарға жол ашқысы келіп жүрген ақын Мөлдір Айтбай қара өлеңнің қадірін жаңа буынға жеткізуді мұрат тұтса керек. Апта сайын өткізіліп жүрген кештің мақсаты да осында. Әзірге өңір-өңірде көрермендерді поэзиямен сусындатып, кеш көрігін қыздыра түскен ақындар жыл соңына дейін финалға жетуді көздеп отыр. Әлі қанша кеш өтеді? Бұл жобаның маңызы қандай? Біз бұл сауалды жобаның үйлестірушісі әрі идея авторы Мөлдір Айтбайға қойдық. 

– Мөлдір, «Мөлдір өлең» сізге не береді? Жалпы, мұндай ұлттық поэтикалық жобаны ұйымдастырудың мәні неде?

– Шынымды айтсам, бұл жоба маған ма­териалдық тұрғыдан көп нәрсе бермейді. Керісінше, уақытымды, күш-қуатымды, тап­қан табысымды осыған жұмсап жүрмін. Бірақ оның есесіне сөзбен айтып жеткізуге келмейтін керемет рухани ләззат аламын. Ақындардың өлең оқығанын тыңдап, кө­рер­меннің әсерленгенін көргенде, жан дү­ниең ерекше бір рақатқа бөленеді.

«Мөлдір өлеңді» жүргізіп тұрған сәтте өзім­ді өмірдегі өз орнын тапқан адамдай се­зінемін. Адамның жүрегі бір істі шын қа­лап, сол іспен айналысқан кезде ғана осын­дай күйді бастан кешетін шығар. Сол рухани ләззат үшін кездескен кедергілерге де төзуге тура келеді. 

Бұл жобаны ұйымдастырудағы басты мақ­сатым – қазақтың жүрегінде ұйықтап жат­қан қара өлеңді ояту. Өлең біздің хал­қы­мыздың қанында бар. Қазақ қуанышын да, қайғысын да, сағынышын да, арманын да өлеңмен жеткізген. Бірақ қазіргі қар­ба­лас заманда сол қасиетіміздің көмескіленіп бара жатқаны байқалады. Біз қара өлеңді сахнаға қайта шығарып, халықпен қайта қауыштырғымыз келеді. Өлеңді тек кітап­тың ішінде қалдырмай, тірі өнерге, елдің рухани мерекесіне айналдыруды көздейміз.

– Жобаның басталғанына  он екі апта бол­ды. Осы уақыт ішінде қандай қиындықтар кездесті?

– Қиындық өте көп болды. Оның бәрін ті­зіп айтып шығу да оңай емес. Кейбірін елге айтып, жария етудің де қажеті жоқ шығар. Оларды бір Құдай, қасымдағы көмекшім Бану және мен ғана білеміз.

Сырт көзге сахна жарқырап, ақындар өлең оқып, көрермен қол соғып отырғаны ғана көрінеді. Ал сол кештің сыртында қан­шама жұмыс жатыр. Ақындарды ша­қыру, олардың жол жүруін ұйымдастыру, жа­тын орнын  қарастыру, сахнаны дайындау, техникалық топпен келісу, уақытты үй­лестіру, билет сату, жарнама жасау – мұ­ның бәрі қыруар еңбекті қажет етеді.

Кейде біреуін шешсең, екіншісі кез­десіп қалады. Бір ақынның билеті өз­геруі мүмкін, бір техникалық құрал істен шығуы мүмкін, тіпті қаржы жетпей қа­ла­тын кездер болады. Алайда біз қиындықтың бәріне қарамастан, жобаны тоқтатпай, өткізуге тырысып келеміз. Өйткені бұл істі бастағаннан кейін орта жолда қалдыруға болмайды.

– Айтыс ақындарына қарағанда, жазба ақын­дар көбіне томаға-тұйық, көпшілік ал­ды­на шығып, көрінгісі келмейді. Өлең жары­сына қатысуға ниет білдіргендер көп бол­ды ма?

– Иә, жазба ақындардың табиғаты ай­тыс ақындарынан өзгешелеу келеді. Олар­дың көбі тыныштықты, оңашалықты жақ­сы көреді. Өлеңін жазып, оны кітапқа жа­риялауы мүмкін, бірақ сахнаға шығып, көп­шіліктің алдында сайысқа түсуге бірден келісе бермейді.

Жобаны бастар алдында Қазақстан Жа­зу­шылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновпен ақылдастық. Одан кейін одақтың өңірлердегі филиалдарының төра­ғаларымен кеңесіп, әр облыстан үш ақыннан іріктеп алдық. 

Жоба басталғаннан бері әлеуметтік же­­лілер арқылы жеке парақшама жа­зып жат­қан адамдардың есебі жоқ. «Мөлдір өлеңге» қатысқымыз келеді», «Ке­ле­сі кезеңге қалай өтініш береміз?» деп сұ­рап жатқандар өте көп. Бұл – жобаның ақын­дар арасында да, жалпы өлеңсүйер қауым арасында да қызығушылық тудыр­ға­нының белгісі.

Биылғы қатысушылардың құрамы алдын ала жасақталып қойғандықтан, ха­бар­ласқан адамдардың бәріне келесі жылғы жобаға қатысуға өтініш беріңіздер деп ай­тып жатырмын. Бұйырса, келесі маусым­да іріктеу ауқымын кеңейтіп, жаңа есім­дерге де жол ашқымыз келеді. Қазақтың әр өңірінде көпке әлі таныла қоймаған, бірақ өлеңі мықты таланттар бар. Соларды елге таныстыру – жобаның маңызды мін­дет­терінің бірі.

– Жобаның демеушісі кім? YouTube ар­насы арқылы түсетін қаражат шығында­рыңыз­­ды өтеуге жете ме?

– Қазір жобаның негізгі демеушісі – өзім. YouTube арнасынан бізге әзірге еш­қан­дай қаражат түспейді. Ол жерден пайда табу үшін белгілі бір деңгейге жетуіміз ке­рек. Оқырман саны мыңнан асуы, қара­лы­мы мен көрсетілім сағаты талапқа сай болуы қажет. Біз әзірге ондай деңгейге же­те қойған жоқпыз.

Билеттен және дауыс беруден түскен қара­жат сол күні өткізілген іс-шараның шы­ғын­дарын жабуға жұмсалады. Жұрт сах­наның сыртындағы көптеген қызметті бай­қай бермеуі мүмкін. YouTube арқылы ті­келей трансляция жасау керек, тех­ни­ка­лық топ жұмыс істейді, сахна безендіріледі. Мобилограф, дыбыс режиссері, музыканттар мен ұйымдастыру тобы бар. Аппаратураны жалға алу, залдың ақысы, жарнама, ақын­дардың жол жүру билеті – бәрі қара­жат­ты қажет етеді.

Мен кейде біреуге арнап өлең жазамын, кейде айтысқа қатысамын. Сол жерден тап­қан табысымды осы жобаға құйып жүр­мін. Яғни басқа еңбектен келген қаражат қай­тадан «Мөлдір өлеңнің» қажетіне жұм­салады.

Әрине демеуші іздеп жатырмыз. Бі­рақ әзірге жобаға толық қолдау біл­діретін азамат немесе компания табыла қой­ған жоқ. Қазақ поэзиясына, руханияты­на жанашыр азаматтар табылады деген үміт бар. Өйткені бұл бір адамның жеке жобасы ғана емес, қазақтың сөз өнеріне қызмет ете­тін ортақ дүние деп есептеймін.

– «Мөлдір өлең» жобасының жартылай финалы басталды. Алда әлі қанша кезең бар? Қорытынды сынға қанша команда шығады?

– Жартылай финал кезеңі алты аптаға со­зылады. Қазір соның алғашқы кездесу­лері басталды. Әр апта сайын командалар өза­ра сайысқа түсіп, ақындардың шығар­ма­шылық қабілеті әр қырынан сыналады.

Одан кейін үш аптаға созылатын фи­нал­дық кезең өтеді. Қорытынды кешке үш ко­манда, яғни тоғыз ақын жолдама алады. Сол тоғыз ақын жоба бойы жинаған тәжі­ри­бесін, ақындық шеберлігін, сахнадағы тап­қырлығы мен өлеңдегі қуатын соңғы сында көрсетуге тиіс.

Бұл жоба жай ғана дайын өлеңді жатқа оқып шығатын байқау емес. Мұнда ақын­ның сөзге деген жауапкершілігі, тосын жағ­дайда өлең құрай білуі, өзге ақынның шы­ғармасын жүрекпен жеткізуі, қар­сы­ла­сы­мен шығармашылық үндестік табуы сы­налады. Сондықтан әрбір кезеңнің өзін­дік салмағы мен ерекшелігі бар.

– Бәйге болған соң оның жүлдесі де бо-л­уы керек. Жекелеген азаматтар жобаға қол­дау көрсетіп, көңілден шығатын сый ұсы­нады деп ойлайсыз ба?

– Ұсынатын шығар деп үміттенемін. Қа­­зақтың мәрт, өнерге жанашыр азаматтары көп қой. Бастапқыда жобаға қатысқан әр ақынға 100 мың теңгеден береміз деп уә­де еткен едік. Алайда әзірге қатысушы­лар­­ға дипломнан басқа ештеңе бере алма­дық.

Жалпы, 60 ақынға 100 мың теңгеден беру үшін алты миллион теңге қажет. Бұл ақшаны табуға 10 немесе 20 азамат бірігіп көмектессе де, мәселені шешуге болар еді. 

Қазірдің өзінде кейбір ақындарға қа­рыз­бын. «Уәде етілген 100 мың теңгені қа­шан бересіз?» деп сұрап жатқандар бар. Олар­ды да түсінемін. Ақынның еңбегі баға­­лануы керек. Сондықтан уәдемізді орын­дау – менің мойнымдағы жауапкер­шілік.

Бұдан бөлек, жүлделі орындарға да қо­мақты сыйақы бергіміз келеді. Бірінші орынға – үш миллион, екінші орын­ға – екі миллион, үшінші орынға  бір мил­лион теңге ұсынуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жоба барысында ерекше көз­ге түскен ақындарға арнайы жүлделер та­ғайындағым келеді. Бұл ақындарға рухани қолдау ғана емес, олардың еңбегін ма­териалдық тұрғыдан бағалау болар еді. 

– Бұл жоба келешекте де жалғасын таба ма, әлде бір маусымдық іс-шара ретінде қала ма?

– Бұл жоба міндетті түрде жалғасын та­­бады деп үміттенемін. Алла маған қуат бер­се, денсаулығым мен мүмкіндігім жетсе, қаржы табылса, «Мөлдір өлеңді» жал­ғас­тыра бергім келеді.

Бұл бір мезгілдік іс-шара болып қал­мауы керек. Оның жыл сайын өтетін, ақын­дар асыға күтетін, көрермен арнайы із­деп келетін үлкен поэзия мерекесіне ай­налғанын қалаймын. Бүгінде жобаға деген қы­зығушылықтың артып келе жатқаны бай­қалады. Әлеуметтік желілерде өлеңдер тал­қыланып, көрермендер өздеріне ұнаған ақын­дарға дауыс беріп жатыр. Мұның өзі жо­баның болашағы бар екенін көрсетеді.

Біз жеңімпазға арнайы ауыспалы мү­сінше табыстауды жоспарлағанбыз. Ол 100 грамм алтыннан және үш карат бриллиантпен көмкеріліп жасалады деген ой бар. Осы жөнінде зергер­лік үймен келісіп те қойдық. Енді жобаның соңына дейін осы мүсіншені жасатуға қолдау көрсететін бір мәрт азамат табылады деп сенеміз.

Оны ауыспалы мүсінше деп атауымыз­дың өзіндік мәні бар. Биыл жеңіске жеткен ақын оны өз облысына апарып, сол өңір­дегі музейге қоя­ды. Келесі жылы сол об­лыс­тың өкілі мүсіншені жаңа жеңімпазға та­быс­тайды. Осылайша, ол жыл сайын бір өңір­ден екінші өңірге көшіп, қазақ поэ­зиясының тұтасты­ғын, ақындардың рухани сабақтасты­ғын білдіріп тұрады.

Бұл мүсінше жай ғана бағалы бұйым бол­мауы керек. Ол – поэзияның тәжі, ақын­дық рухтың нышаны, қазақ өлеңінің мәр­тебесін айқындайтын символға айналса деймін. Бір облыстан екінші облысқа са­пар шеккен сайын, елдің өлеңге деген құр­метін арттырып, кейінгі буынға рух бере­тін құндылық болғанын қалаймыз.

«Мөлдір өлеңнің» түпкі мұраты да – осы. Ақындарды өзара жарыстыру ғана емес, ел ішінде өлеңге деген ықыласты кү­­­­шейту, жаңа есімдерді таныту, қазақтың жүрегінде ұйықтап қалған қара өлеңді ояту.  Осы мақсат орындалса, онда қиындық пен кедергінің бәрі артта қалар еді. 

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС