Қорғаныс тірегі – әскери медицина

Майдан даласында минаға жарылып, оққа ұшып, жараланған жауынгерлерге жан ұшыра ұмтылып, жәрдем беретін бірден-бір жан – әскери дәрігер.

Бейбіт күнде оның қажеті жоқтай көрінеді. Шынында, сарбаздар әлдеқалай уланса, ауырса, мертіксе, дәл осы маман көмекке келеді. Яғни адамды ажалдан арашалап қалуға болатын «алтын сағат» соның қолында. Демек, әскерге алынған арыстың денсаулығын жоғалтпай, мүгедекке айналмай, үйіне аман оралуы соған да байланысты. Ал осы маман тапшылығы мәселесі қалай шешілмек?

Сарбаз өмірінің сақшысы

Қазақстанда әскери дәрігер­лердің жетіспеушілігі байқалады. Жаңа тәртіп бойынша азаматтық дәрігерлер сарбаздарды мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде, медициналық комиссия шеңбе­рінде қарайды. Басқа жағдайларда әскери қызметтен босатылғанша, бұл ер-азаматтардың денсаулығы погонды «ақ халаттылардың» білімі мен біліктілігіне, жауапкер­шілігі мен қамқорлығына байла­нысты. Сондықтан қоғам белсен­ділері, сарапшылар әскерді дә­рі­­гермен жете қамту үшін олар­ды азаматтық университеттер мен колледждерде қосымша даярлау туралы бастама көтерген.  

Геосаяси ахуал құбылып, әлем аумалы-төкпелі кезеңге киліккен тұста мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыру, сондай-ақ түрлі төтенше жағдайдың алдын алуға сақадай сай болу аса маңызды. Осы орайда қоғам қайраткері, заңгер Ғалиасқар Төлендіұлы әскери-дала жағдайына жан-жақ­ты бейімделген білікті медицина кадрларын даярлайтын тұрақты жүйе құру стратегиялық қажеттілік екенін қадап айтты.

– Мемлекетімізде әскери дәрі­герлерді даярлау Ұлттық қорғаныс университеті және әскери инс­титуттар базасында жүйелі түрде іске асырылады. Әскери медицина академиясын құру бағытында жұмыстар байқалады. Әскери медициналық білім беру жүйесін кезең-кезеңімен дамытуға мемле­кет ерекше назар аударып отыр. Бірақ енді әскери медицина сала­сындағы медициналық алғашқы көмектің негізгі орта буын маман­дарын – әскери фельдшерлерді даярлауды белсенді қолға алу ма­ңызды деп санаймын, – деді ол. 

Сарапшының пікірінше, әс­кери дәрігерлер мен әскери фель­дшер­лерді даярлау өзара тығыз байла­ныста, бірін-бірі толықты­ратын бірыңғай жүйе ретінде қарасты­рылуға тиіс. Бұл әскери-медици­налық жүйенің тұрақты­лығын, жедел әрекет ету қабілетін және еліміздің заманауи сын-қатерлерге дайындығын қамта­масыз етеді. 

– Қазақстанда әскери-меди­циналық салада орта буын маман­дарын даярлау жүйелі жолға қой­ыл­маған. Ал Қарулы Күштер тарапынан кадрларға деген қажет­тілік артып келеді. Ел аумағының ұлан-байтақ көлемі, шалғай елді мекендердің күрделі жағдайы, табиғи және техногендік тәуекел­дердің өсуі аясында арнайы меди­циналық білімі бар мамандарды көптеп даярлау стратегиялық мәнге ие болды. Осыған байла­нысты жоғары медициналық кол­ледж базасында әскери фельд­шерлер даярлайтын мамандан­ды­рылған бөлімше ашу мүмкіндігін қарастырған жөн, – деді Ғ.Төлен­діұлы. 

Оның пікірінше, колледждің ұстаздар құрамы мен әдістемелік базасы жаңа білім беру бағдар­ламасын іске асырумен бірге, әс­кери медицинаның ерекше­лік­терін ескере отырып, білім беру стандарттарын оқу жүйесіне ен­гізуге толық мүмкіндігі бар. Мұ­ның сыртында соңғы жылдары меди­циналық колледждерге түсе­тін ер балалар саны тұрақты өсу үстінде. Бұл контингент әскери фельдшерлерді даярлауда қызмет талаптарына бейімделген кәсіби құзыреттерін дамытуға, тәртіп пен физикалық даярлық деңгейін арт­тыруға, сондай-ақ әскери-меди­циналық бөлімдерге ынталы кадр­лар тартуға мүмкіндік берер еді. Бұл Қарулы Күштер мен тө­тенше жағдайлар қызметтерін білікті орта буын кадрларымен қамтамасыз етуге, дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою дең­гейін арттыруға, азаматтық және әскери медицина интеграциясын күшейтуге, өңір жастарының кәсіби дамуына жол ашады. 

Үкімет ұстанымы қандай?

Ресми мәлімет бойынша қазір Қарулы Күштердің, басқа да әс­кер­лер мен әскери құралым­дардың орта медициналық персо­нал­мен жасақталуы шамамен 90%-ды құрайды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттардың, сарап­шы­лардың колледждердің әскери дәрігерлерді даярлауына рұқсат ету туралы бастамасы қабылдан­бағанын хабарлады. Себебі армия­ны жасақтау үшін бүгінде азамат­тық медициналық білім беру ме­ке­м­елерін, соның ішінде кол­ледж­дерді бітірген, арнайы әскери даярлығы жоқ мамандармен де келісімшартқа отырып, әскери қызметке ерікті негізде қабылдау жүзеге асырыла бастапты. 

Елімізде орта буын медицина мамандарын даярлаумен 78 меди­циналық оқу орны мен колледж айналысады. Оларда білім алушы­лар контингенті 30 мың адамнан асады. Ал жыл сайын «Емдеу ісі» мамандығын «Фельдшер» білік­тілігі бойынша 10 мыңнан астам маман оқу бітіреді. 

Орта медициналық персонал мамандықтары үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы 2026 жылы 37 329 орынды құрады. Салыс­тыр­ғанда, 2024 жылы 30 991, 2025 жылы 35 892 грант берілген еді. Яғни жыл сайын артып келеді. Медициналық колледждерге 2024 жылы 37 213 адам, 2025 жылы 36 132 адам оқуға қабылданса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 38 мың адамға жеткен.  

– Орта медициналық персо­налды әскери жауынгерлік даярлау Қарулы Күштердің әскери бөлім­шелерінің күнделікті жауынгерлік даярлығы шеңберінде жүзеге асы­рылады. Бұдан басқа, қосымша білім беру шеңберінде орта медициналық персонал Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығының базасында білікті­лікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Біліктілікті арттыру курс­тары кәсіби деңгейін көтеру, медициналық көмек көрсетудің жаңа дағдыларын меңгеру мақсат­ында орта буын мамандарын даяр-лауға бағытталған. 2023 жылы – 257, 2024 жылы – 284, 2025 жылы  259 медициналық персонал білік­тілікті арттыру курстарынан өтті, – деп хабарлады Премьер-министр.

Жалпы, О.Бектеновтің пайым­дауынша, ведомствоаралық үйлес­тірудің қолданыстағы жүйесі Қару­лы Күштердің қажетті­ліктеріне сай медициналық колледж­дерде орта медициналық персоналды даяр­лауды тиімді ұйымдастыруға мүм­кіндік береді. Әскер 2024 жылы 87, 2025 жылы 64 орта медициналық персоналмен жасақталды. 2026 жыл ішінде тағы 90 адам алу жос­парланыпты.

Атап өтетін жайт, бұдан бөлек, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, оның ішінде медициналық уни­верситеттердің әскери кафедрала­рында даярлықтан өткен запастағы сержанттарды әскери қызметке шақыру мәселелерін заңнамалық тұрғыдан реттеу жоспарланып отыр. Бұл міндет жаңа Парламент­тің – Құрылтайдың мойнына жүктелмек. 

Ертеңге сенім, болашаққа міндет

Осы апта соңында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қор­ғанысы күштерінің әскери инсти­тутын бітірген медициналық қыз­мет офицерлеріне алғашқы офи­церлік атақ беру рәсімі өтті. Биыл алғашқы 12 интерн-түлек офи­цер­лік атақ алды. Оқуын аяқ­та­ған жас офицерлерге Әуе қорға­нысы күш­терінің әскери инсти­туты мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина уни­вер­си­те­тінің дипломдары қоса табыс­тал­ды. Бұл олардың әскери және жоғары медициналық білімді қатар меңгергенін растайды. 

– Оқу барысында алғашқы меди­циналық, дәрігерге дейінгі және мамандандырылған медици­налық көмек көрсету негіздерін меңгердік. Менің «жалпы әскери практика дәрігері» мамандығым бойынша оқу мерзімі 6 жылды құрайды. Соның ішінде 5 жылдық бакалавриат бағдарламасын аяқ­тадым. Алда  1 жылдық интернатура кезеңі күтіп тұр, – деді салтанатты рәсімде түлек, лейтенант Бекжан Әміров.

Ол генерал дәрежесіне дейін жет­кен ақ халатты болғысы келе­тінін жасырмады. Медициналық қызмет офицерлерінің алғашқы легі 2020 жылы оқуды бітірген бола­тын. Сол жылы 15 әскери дәрі­гер алғашқы офицерлік атаққа ие болды. 2021 жылы институт 23 маманды даярлап шығарса, биыл «жалпы практика дәрігері» маман­дығы бойынша білім алған 12 түлек офицер погонын тақты.

Оқу орнын жаңа ғана тәмам­даған, Отанға және Гиппократқа қатар ант берген жас офицерлер ендігі кезекте бейбіт күнде де, оқ пен оттың ортасында да сарбаз­дардың денсаулығы мен өміріне жауап беріп, осы қасиетті борышты адал атқаруға өз мойнына міндет­теме алды. Олар әскерді сапалы меди­циналық көмекпен қамтама­сыз етіп, сарбаздардың сау күйде сап түзеп жүруін басты назарда ұстайды. Бұл міндет әскери бөлім­нің тыныш қабырғасындағы тұр­ақ­ты тірлікте де, далалық жауын­гер­лік тапсырманы орындау ке­з­­ін­де де бір сәтке тоқтамауға тиіс. 

Тарихқа шолу жасасақ, 1992 жылғы 8 шілдеде Қарулы Күш­тердің Бас штабының Әскери-медициналық басқармасы құрыл­ған екен. Бұл күн тәуелсіз Қазақ­станның әскери медицина жүйе­сінің бастауына айналды. Бүгінде бұл қызмет мамандары әскерлердің жауынгерлік даярлығын, оқу-жат­тығуларды, жұмылдыру жиын­да­рын және Қарулы Күштердің басқа да іс-шараларын медициналық қамтамасыз етеді. Сондай-ақ елі­мізден тыс жерлерде де өз міндет­терін абыроймен атқарады. Әскери дәрігерлер қазақстандық бітімгер­лік контингент құрамында Голан жоталарында әскери қызметші­лерге, қажет болған жағдайда жер­гілікті тұрғындарға да медицина­лық көмек көрсетіп жүр.

Қорғаныс министрлігінің мә­лі­метіне жүгінсек, әскери медици­на жыл санап дамып келеді. Оның құрамына 8 әскери госпиталь, 4 лазарет, Орталық әскери-дәрігер­лік комиссия, санитариялық-эпи­демиологиялық бөлімшелер және медициналық білім беру ұйымдары кіреді.

Әскери медицина инфрақұры­лымын жандандыруға да баса мән берілген. Ақмола облысының Щу­чинск қаласында Қорғаныс ми­нистр­лігінің Бас әскери клини­ка­лық госпиталі базасында ауыр сыр­қаттардан және жарақаттардан кейін әскери қызметшілерді оңал­туға арналған бөлімше ашылды. Астана мен Алматыдағы әскери госпиталдарды реконструкциялау және техникалық жаңғырту жұ­мыс­тары жалғасты. Семей қала­сындағы әскери госпиталға күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Сонымен қатар Ақтауда әскери теңізшілерге арналған госпиталь ашу және Ал­маты қаласында Әскери медицина академиясын құру бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Әскери-медициналық мекеме­лердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары олар заманауи диагностикалық және хирургия­лық жабдықтармен, оның ішінде компьютерлік томографтармен, цифрлық рентгенологиялық кеш­ен­дермен, ультрадыбыстық диаг­ностика аппараттарымен және эндоскопиялық жүйелермен жаб­дықталған. 

Жыл сайын әскери-медици­на­лық мекемелерде бірнеше мың әскери қызметші ауруханаға жа­тып, ем алады. Тәжірибелі әскери дәрі­герлер жоғары білікті медици­налық көмек көрсетіп, күрделі хи­рургиялық операциялар жасай­ды. Бірақ, әрине әскери дәріге­рдің еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Сарапшылар олардың жалақысының аздығына да назар аудартып жүр. 

Әскери медицинаны дамыту­дың жаңа, өзекті міндеттері де күн тәртібінде тұр. Атап айтқанда, дамыған елдердегі сияқты ваку­умдық терапияны қолдана отыр­ып мина-жарылыс жарақат­тарын ем­деу, санитариялық-эпидемиоло­гия­лық бақылауды жетілдіру, ма­гистралды қан тамыр­лары жара­қат­тарын емдеу­дің заманауи тә­сілдерін енгізу, мүгедек болған әскери қызмет­шілерді медици­налық оңалту және басқа мәселе­лер бар.  

Әскери медицинаға көңіл бөлу – денсаулық сақтау саласына ғана емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғанысына маңыз беру. Өйткені кез келген армияның қуаты қару-жарақпен ғана емес, сын сағатта адам өмірін сақтап қала алатын кәсіби мамандарымен де өлшенеді.

Елдос СЕНБАЙ