Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушыдан 10 миллиард теңге өтемақы талап етті

Бұл туралы адвокат Аянхан Омаров мәлімдеді.

Шымкентте қаза болған Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушыдан материалдық және моральдық зиян үшін 10 миллиард теңгеден астам өтемақы өндіріп беруді сұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші тарап сотқа азаматтық талап арыз түсірді. 

Адвокаттың айтуынша, Нұрайдың қазасынан кейін отбасы бірқатар материалдық шығынға ұшыраған. Олардың қатарында жерлеу рәсіміне, ескерткіш орнатуға және заңгерлік көмекке жұмсалған қаражат бар.

Материалдық шығынның жалпы сомасы 14 миллион 739 мың 65 теңгені құрайды.

Сонымен қатар жәбірленуші тарап моральдық зиянды өтеуді талап етті. Адвокаттың сөзінше, ешқандай қаражат Нұрайды қайтара алмайды. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы талап етуге болады.

«Қылмыстың ауырлығын, оның орны толмас зардаптарын, жәбірленушілердің өмір бойғы рухани азабын және әділдік қағидатын ескере отырып, біз моральдық зиянның өтемі ретінде 10 миллиард теңге өндіріп алуды сұраймыз», – деді Аянхан Омаров.

Осылайша, жәбірленуші тараптың жалпы талап етіп отырған өтемақы көлемі 10 миллиард 14 миллион теңгеден асады.