Қазақстанның жоғары оқу орындары мемлекеттік гранттардан бөлек, 2026 жылы талапкерлерге 2 мыңнан астам ректорлық, университеттік және ішкі грант ұсынады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сонымен қатар бірқатар университетте оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендиялар қарастырылған.
Бұл туралы министрлік мәлімдеді.
Университеттер гранттарды өздері белгілеген талаптар бойынша бөледі. Іріктеу кезінде ҰБТ нәтижесі, «Алтын белгі», олимпиадалар мен ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы жетістіктер, сондай-ақ талапкердің әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
Қандай университеттерде грант бар?
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 2026–2027 оқу жылына Түркия тарапынан 500 білім беру квотасын алды. Құжаттар 10–15 тамыз аралығында қабылданады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT бағытындағы олимпиада, жоба және байқау жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлді. Сонымен бірге жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға толық оқу мерзіміне 100 пайыздық грант ұсынылады.
Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ түрлі конкурстық бағдарламалар бойынша 94 грант қарастырған. Оның ішінде «Алтын белгі» иегерлері мен шетелдік талапкерлерге арналған гранттар бар.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 2026–2027 оқу жылына 19 ректор грантын бөлді. Оның ішінде жетім балаларға және ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған, бірақ мемлекеттік грантқа іліге алмаған талапкерлерге де грант қарастырылған.
С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті облыстық олимпиада жеңімпаздары мен «Зерделі» мектептерінің түлектеріне 20 ректорлық грант ұсынады.
Бұдан бөлек, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да 12, ал Рудный индустриялық университетінде 10 ректорлық грант қарастырылған.
Оқу ақысына 100 пайызға дейін жеңілдік беріледі
Кейбір жоғары оқу орындары гранттың орнына немесе оған қосымша оқу ақысына жеңілдіктер ұсынады.
Мысалы, Қостанай өңірлік университетінде жеңілдіктер көлемі 15%-дан 100%-ға дейін жетеді. Олар жетім балаларға, мүгедектігі бар студенттерге, «Алтын белгі» иегерлеріне және басқа да санаттарға беріледі.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жеңілдіктер 14 санатты қамтып, мөлшері 20%-дан 100%-ға дейін жетеді.
Ал Қарағанды индустриялық университетінде жоғары GPA көрсеткен студенттерге оқуын университет қаражаты есебінен жалғастыруға мүмкіндік беретін ішкі грант жүйесі бар. Сонымен қатар биыл алғаш рет Нариман Ишмұхамедов атындағы грант енгізілді. Ол оқу ақысын толық өтеуді және ай сайын 150 мың теңге стипендия төлеуді көздейді.
Satbayev University де әлеуметтік осал топтардан шыққан дарынды жастарды қолдайды. 2025–2026 оқу жылында жұмыс берушілер мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қаражаты есебінен 538-ден астам студентке қаржылай қолдау көрсетілген.
ЖОО-лардың қосымша гранттары мен жеңілдіктері ең алдымен дарынды жастарды, жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерді және әлеуметтік осал санаттарды қолдауға бағытталған.
Грант саны, құжат қабылдау мерзімі мен талаптары әр университетте әртүрлі. Сондықтан талапкерлер нақты ақпаратты таңдаған ЖОО-ның ресми сайтынан немесе қабылдау комиссиясынан анықтауы қажет.