ҚПЛ: «Ордабасы» төрт гол соқты, «Алтай» мен «Қызылжар» тең түсті

21-туры аясында үш кездесу өтті

8 тамызда Қазақстан Премьер-лигасының 21-туры аясында үш кездесу өтті. Өскеменде «Алтай» мен «Қызылжар» 2:2 есебімен тең түсті. Петропавлдықтар сапынан Йоханнес Бьорталид 45-минутта есеп ашты. Екінші таймда Ибрагим Дадаев 62-минутта таразы басын теңестірсе, Никола Ямбор 78-минутта «Алтайды» алға шығарды. Алайда Этьен Бугре 90+3-минутта гол соғып, «Қызылжарға» бір ұпай әкелді.

Талдықорғанда «Ордабасы» жергілікті «Жетісуды» 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Шымкенттік клубтың голдарын Эльхан Астанов 18-минутта, Лео Натель 46-минутта, Сұлтанбек Астанов 78-минутта және Эвертон Мораес 80-минутта соқты. Осы жеңістен кейін «Ордабасы» 49 ұпай жинап, чемпионаттағы көшбасшылығын нығайтты.

 

Күннің тағы бір матчында «Каспий» мен «Ұлытау» 1:1 есебімен тең ойнады. Ақтаулықтар сапынан Кеба Силла 45-минутта есеп ашты. 71-минутта Бақдәулет Зұлфиқаров жауап голын соғып, «Ұлытауға» тең нәтиже алып берді. Осылайша 8 тамыздағы үш кездесудің екеуі тең аяқталып, ең ірі жеңісті «Ордабасы» тіркеді.