«Ауыл» партиясының кезектен тыс XXVI Съезі өтіп, онда партияның алдағы саяси кезеңдегі қызметінің негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданды, - деп хабарлайды Aikyn.kz. «Ауыл» партиясының баспасөз қызмене сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 1 шілдеден бастап күшіне енуі еліміздегі саяси жаңғырулардың кезең-кезеңімен жүзеге асуындағы маңызды белеске айналып, азаматтар мен саяси партиялардың елдің дамуына белсенді қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашты.
Съезге еліміздің барлық 20 өңірінен 200 адам қатысты. Олар - «Ауыл» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, партияның өңірлік филиалдарының конференцияларында сайланған делегаттар, Саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, жастар және шақырылғандар.
Делегаттардың 30,4% - ауыл шаруашылығы саласының өкілдері. Сонымен қатар, делегаттар құрамында білім беру, денсаулық сақтау, заң, бизнес, құрылыс, энергетика және өзге де салалардың өкілдері болды. Делегаттардың орташа жасы – 48 жас. Оның ішінде 73,2%-ы – ер адамдар, 26,8%-ы – әйелдер.
Съезд делегаттары партияның сайлауалды бағдарламасын, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін және партияның Саяси кеңесінің жаңа құрамын бірауыздан бекітті.
Партияның сайлауалды бағдарламасы 4 негізгі бөлімнен тұрады. Онда ҚР Парламенті Мәжілісіндегі партия фракциясы атқарған жұмысының қорытындылары, сондай-ақ, өңірлерді дамытудың 7 бағыты, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым және әлеуметтік саясат, білім мен ғылым, экология, дәстүрлі отбасылық құндылықтар қамтылған.
Сайлауалды бағдарламаға еліміздің 20 өңірінің тұрғындарынан түскен идеялар мен ұсыныстар енгізілді. Олар арнайы әзірленген auylym.auyl.kz цифрлық платформасы арқылы жинақталды.
Айта кетерлігі, аталған платформаға жалпы саны 75 мыңнан астам ұсыныс пен өтініш келіп түскен.