Биыл Әміре Қашаубаевтың Парижде өткен халықаралық көрмеге қатысқанына 101 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде оның Франция сапарына қатысты көптеген зерттеулер жарық көргенімен, шетел мұрағаттарынан жаңа деректер әлі де табылып келеді. Бүгін біз оқырман назарына сондай материалдардың бір тобын ұсынып отырмыз. Әрине, мұны бұрын мүлде белгісіз болған сенсациялық жаңалық деу дұрыс болмас. Себебі бұл француз баспасөзіндегі жарияланымдар туралы мәліметтерді Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінде қызмет атқарған дипломат Әсет Әбдірахманов осыдан бірнеше жыл бұрын Egemen Qazaqstan газетінде жариялаған болатын.
Біздің жариялап отырған материалдың ерекшелігі – сол мақалаларға сілтеме жасау емес, француз газеттерінің түпнұсқа беттерін көрсетуінде. Яғни, оқырман алғаш рет 1925 жылы жарық көрген басылымдардың өзінен «Әміре Қашаубаев» деген жазуды, концерт бағдарламасын және француз музыка сыншыларының пікірлерін сол күйінде көре алады.
Осы уақытқа дейін қазақ тіліндегі еңбектерде бұл жарияланымдардың мазмұны аталғанымен, француз басылымдарының түпнұсқа беттері ғылыми айналымға да, көпшілік оқырманға да толық ұсыныла қойған жоқ. Сондықтан төменде беріліп отырған материалдар Әміре Қашаубаевтың Париждегі өнерін сол кезеңдегі француз баспасөзі қалай қабылдағанын түпнұсқа деректер негізінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Концертке дейін. Әміре Қашаубаевтың Париждегі концерттеріне қатысты алғашқы жарияланған деректердің бірі La Semaine à Paris апталық журналында кездеседі. Басылым өзін Journal illustré hebdomadaire («иллюстрациялық апталық журнал») ретінде таныстырып, Парижде өтетін мәдени іс-шаралардың афишалары мен бағдарламаларын тұрақты түрде жариялап отырған. Қарастырылып отырған сан – №164, 1925 жылғы 17–24 шілде аралығына арналған.
Журналдың 40-бетінде Париждегі Comœdia театрында өтетін «Semaine d’Art ethnographique russe» («Орыс этнографиялық өнер апталығы») аясындағы концерттердің бағдарламасы берілген. Концерттердің өтетін уақыты нақты көрсетілген: 17 шілде (жұма) сағат 21:00-де және 18 шілде (сенбі) сағат 15:00-де.
Бағдарламада кеңестік делегация құрамындағы әр орындаушының репертуары жеке-жеке берілген. Онда Иван Грозный туралы баллада, татар, белорус, башқұрт, украин, өзбек және кавказ халықтарының әндері мен билері көрсетілген.
Әміре Қашаубаев бағдарламада «M. Amré Kaschalbaeff» деп жазылып, мынадай сипаттамамен енгізілген:
Chansons Kirghiz (M. Amré Kaschalbaeff), s'accompagnant avec l'instrument national Doumbra.
Яғни:
«Қырғыз әндері – Әміре Қашаубаевтың орындауында. Ол өзін ұлттық домбыра аспабымен сүйемелдейді».
Бұл дерек бірнеше маңызды ақпарат береді. Біріншіден, Әміренің тегі француз тілінде Kaschalbaeff түрінде транскрипцияланған. Екіншіден, ол сол кезеңдегі халықаралық тәжірибеге сәйкес Kirghiz (қырғыз) атауымен көрсетілген. Үшіншіден, бағдарламаның өзінде-ақ оның орындауы домбырамен сүйемелденетіні арнайы аталып, қазақтың ұлттық аспабы француз оқырманына Doumbra атауымен таныстырылған.
Осылайша, La Semaine à Paris журналы Әміренің Париждегі концерттерінің ең алғашқы ресми афишалық деректерінің бірі болып саналады.
Алғашқы концерттен кейін. Әміре Қашаубаевтың Париждегі алғашқы концерті өткен күні француздың театр және өнерге маманданған Comœdia газетінде арнайы мақала жарияланды. Басылымның қарастырылып отырған саны – 1925 жылғы 17 шілдеде жарық көрген №4492 саны. Мақала газеттің бірінші бетінде жарияланып, La Grande Semaine d’Art Ethnographique Russe («Орыс этнографиялық өнерінің үлкен апталығы») деген тақырыппен берілген. Авторы – француз композиторы әрі музыка сыншысы Paul Le Flem.
Мақалада концертке қатысқан орындаушылардың өнері жеке бағаланады. Автор ұлы орыс, татар, украин, башқұрт және өзбек орындаушыларына тоқталғаннан кейін Әміре туралы былай деп жазады:
«Қашаубаев орындаған қырғыз әндері өзінің қарапайым қалпын сақтай отырып ерекше әсер қалдырды. Ол бұл әндерді ұзын мойынды домбырамен сүйемелдеп орындады. Осы әндердің өзінде шексіз дала мен кең көкжиектердің поэзиясы сезіледі».
Бұдан кейін автор домбыраны жеке сипаттап, оны ұлттық музыкалық аспап ретінде атап өтеді. Десе де, біздің ойымызша, бұл жерде автор қазақтың домбырасы емес, орыстың домра аспабы жайлы жазған. Өйткені Любимовтың ансамблі сол домрашылардан тұрған.
Біздіңше, бұл жерде үш маңызды жайт бар. Біріншіден, ол концерт өткен күні жарияланып, француз оқырмандарын этнографиялық өнер апталығымен таныстырды. Екіншіден, бұл – кәсіби музыка сыншысының концерт туралы алғашқы рецензиясы. Үшіншіден, мақалада қазақ әндерінің көркемдік ерекшелігі алғаш рет француз баспасөзінде «дала поэзиясымен» байланыстырылып сипатталған.
Соңғы концерт. Әміренің Париждегі концерттері туралы үшінші маңызды дерек француздың La Liberté газетінде жарияланды. Бұл басылым Парижде шығатын күнделікті газет болған және өзін Le plus lu des journaux du soir («Кешкі газеттердің ең көп оқылатын басылымы») деп таныстырған. Қарастырылып отырған саны – 1925 жылғы 25 шілде, №22365, екінші басылым (2e édition). Әміреге қатысты материал екінші бетте, Concerts айдарымен жарық көрген.
Мақалада Comœdia театрында өткен концерттердің жалпы қорытындысы беріледі. Автор этнографиялық өнер апталығының маусымның соңында ұйымдастырылғанына өкініш білдіре отырып, оған қарамастан концерттердің үлкен қызығушылық тудырғанын жазады.
Әміре туралы бөлімде:
«Қашаубаев деп аталатын қырғыз орындаушысы өте қарапайым музыкалық аспаппен өзін сүйемелдей отырып, алыстағы шексіз далада жаңғырып тұрғандай әсер қалдыратын мұңды әндерді орындады», – деп сипаттайды.
Одан әрі мақалада башқұрт, украин, кавказ және өзбек орындаушыларының өнері бағаланып, концерт бағдарламасының жоғары деңгейде өткені айтылады. Автор соңында бұл ұжымның Парижге келесі маусымда қайта келуіне тілек білдіреді.
Бұл жарияланымның ерекшелігі – ол концерттердің аяқталуынан кейін жазылған қорытынды рецензия. Егер La Semaine à Paris концертердің ресми бағдарламасын жарияласа, Comœdia алғашқы концерттен кейінгі кәсіби пікірді ұсынған. Ал La Liberté этнографиялық өнер апталығының жалпы нәтижесін бағалап, оның Париж көрермендері арасында табысты өткенін атап көрсетеді. Осы үш басылымды салыстыра қарастыру Әміре Қашаубаевтың Париждегі өнер көрсетуінің афишадан бастап концерттік сынға дейінгі толық ақпараттық көрінісін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Келесі жылы Әміре Қашаубаевтың Германияның Франкфурт қаласында өнер көрсеткеніне тура 100 жыл толады. Дегенмен оның 1927 жылғы осы сапары бүгінге дейін Париждегі гастролімен салыстырғанда әлдеқайда аз зерттелген. Бізге әзірге оның Франкфурттағы халықаралық көрмеге қатысқаны, бірнеше концерт бергені және өнер көрсетуі жоғары бағаланғаны жөнінде ғана жекелеген мәліметтер белгілі. Париж баспасөзінен табылған түпнұсқа жарияланымдар көрсеткендей, бір ғасыр бұрынғы мерзімді басылымдар әлі де құнды тарихи ақпараттың қайнар көзі болып отыр. Бұл бағыттағы ізденістерді Франкфурт сапарына қатысты да жалғастыру – Әміретану ғылымының алдағы маңызды міндеттерінің бірі.
Басқа да мақалаларды оқи отырыңыз:
- Әміре Қашаубаев туралы 1925 жылы жазылған мақала
- Әміре Қашаубаев Семейден Парижге қалай барды?
- Әміре Қашаубаевтың 1927 жылғы Германияға сапары
- Әміре Қашаубаев Парижге барғанда Мұстафа Шоқаймен кездескен бе?
- Әміре Қашаубаевтың бір ғасыр бұрынғы Париждегі дауысы табыла ма?