Жеті жылда отандық өндірісті дамытуға 610 миллиард теңгенің 108 жобасы мақұлданды

Отандық тауар өндірушілерді қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет ішкі өндірісті дамытуға, жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар құруға, қазақстандық қамту үлесін арттыруға және ел ішінде орнықты өндірістік тізбектер қалыптастыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау жеңілдетілген қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алудан бастап, ірі кәсіпорындарды отандық жеткізушілермен жұмыс істеуге ынталандыруға, өнеркәсіп кооперациясын дамытуға және қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін кеңейтуге дейінгі бизнесті дамытудың барлық кезеңін қамтиды.

Кепілдендірілген сұраныс: мемлекеттік сатып алулар отандық бизнесті қолдау құралына айналады.

Отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар. Үкімет қабылдаған шаралар қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беру, ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттарды кеңейту, сондай-ақ жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділікті көздейді. Бұл тұрақты сұраныс қалыптастырып, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және кеңейтуге жағдай жасайды.

Отандық кәсіпорындар өз өнімдерін кепілді өткізуді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы алады. Тек 2025 жылдың өзінде қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі екі есеге артып, шамамен 2,2 трлн теңгені құрады. Қор инфрақұрылым мен энергетикада 62 басым жобаны жүзеге асырып, қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге тұрақты сұранысты қамтамасыз етуде.

Қазіргі таңда Қордың сатып алу жүйесінде отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдаудың 16-дан астам тетігі қолданылады. Олардың қатарында:

  • отандық өндірушілерден міндетті сатып алу; 
  • қамтамасыз етудің барлық түрінен босату; 
  • егер жеткізуші отандық тауар өндіруші болса, 30%-ға дейін алдын ала төлем жасау және жеткізілген өнім үшін төлем мерзімін қысқарту шаралары бар. 

Бұл отандық бизнеске айналым капиталын тиімді сақтауға және ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қабылданған шаралардың тиімділігі отандық өндірушілермен ынтымақтастық көлемінің тұрақты өсуімен расталады. 2024 жылы Қор компаниялары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тізіліміне енгізілген 2 070 кәсіпорынмен жалпы құны 1,1 трлн теңге болатын 11,1 мыңнан астам шарт жасасты. 2025 жылы жасалған келісімшарттардың көлемі екі есеге жуық артып, 2,17 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде 2 283 отандық өндірушімен 8,9 мыңнан астам шарт жасалды.

Оң үрдіс биыл да сақталып отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша,  жалпы құны 594 млрд теңгені құрайтын 3,8 мыңнан астам шартқа қол қойылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға жоғары болды. Оның ішінде жалпы құны 343 млрд теңгені құрайтын 171 ұзақмерзімді келісімшарт бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп.

Жаңа өндірістерді іске қосуға және импортты алмастыруға ынталандыратын офтейк-келісімшарттар тетігі де кезең-кезеңімен дамып келеді. 2024 жылы жалпы құны 190 млрд теңге болатын 367 офтейк-келісімшарт, 2025 жылы құны 257,5 млрд теңгені құрайтын 363 офтейк-келісімшарт жасалды. Бұл құндық көрсеткіш бойынша 35%-ға артық. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы сомасы шамамен 47 млрд теңгеге тағы осындай 115 келісімшарт жасалды. Осы кезеңде жалпы құны 53 млрд теңгені құрайтын импортты алмастыру бойынша 9 жоба мақұлданды. Жалпы құны 74 млрд теңгені құрайтын тағы 13 жоба қаралу сатысында.

Жалпы алғанда, кейінгі жеті жылда «Самұрық-Қазына» тобының қолдау тетіктері аясында жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын жаңа өндірістерді іске қосу жөніндегі 108 жоба мақұлданды. Оларды жүзеге асыру 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етті.

Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен оларға тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік сатып алу нарығының ашықтығы мен қолжетімділігі ұлттық кәсіпкерлікті дамытудың негізгі шарттарының бірі болып қала береді.

Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысу көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы қазақстандық өндірушілермен жалпы құны 370 млрд теңгеден асатын 145 мыңнан астам шарт рәсімделсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 16,5%-ға артып, 169 мың шартқа жетті. Ал олардың жалпы құны 23,3%-ға өсіп, 456 млрд теңгені құрады. 2026 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша жалпы құны 97 млрд теңге болатын 68 мың шарт жасалды.

Осы саладағы цифрландырудың маңызды тетіктерінің бірі – 2025 жылғы қарашадан бастап штаттық режимде жұмыс істеп тұрған «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі» ақпараттық жүйесі. Бүгінде жүйеге бизнестен 41 мыңнан астам өтінім түсіп, өңделді. Верификация нәтижесінде Тізілімге 10 мыңнан астам отандық тауар өндіруші енгізілді.

Тізілім негізгі мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және ірі сатып алу алаңдарымен біріктірілген. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 52 мыңнан астам сатып алу, ал «Самұрық-Қазына» АҚ ақпараттық жүйесі арқылы 6,7 мыңнан астам сатып алу жүргізілді.

2026 жылдың соңына дейін ақпараттық жүйені Бірыңғай жеке кабинетпен интеграциялай отырып, оны өнеркәсіптік пайдалануға енгізуді аяқтау жоспарланып отыр.

Бизнесті қолдау: мемлекет кәсіпорындардың капиталға қолжетімділігін кеңейтті.Кәсіпкерлерді жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде қолдаудың кең ауқымды құралдарын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің даму институттары ұсынады. Бұл жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс істеп тұрған қуаттарды жаңғыртуға, бизнесті кеңейтуге және экспорт көлемін арттыруға жағдай жасап, отандық кәсіпкерліктің дамуы мен экономиканың тұрақты өсуіне ықпал етеді.

Атап айтқанда, «Даму» қорының желісі бойынша 2024 жылдан бастап 2026 жылғы тамызға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жобаға жалпы сомасы 2,2 трлн теңге көлемінде кредиттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 4 674 жоба субсидиялау, 3 633 жоба кепілдік беру, 1 998 жоба жеңілдетілген қаржыландыру құралдарын пайдаланды.

Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша, «Даму» қоры шағын және орта бизнестің 13 мың жобасына 2,2 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетті. Бизнестің қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттырудың маңызды құралы ретінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылғы сәуірде кепілдік қорларының тетігі іске қосылды. Бұл механизм кәсіпкерлердің банк қаржыландыруына қолжетімділігін кеңейтіп, бюджетке түсетін жүктемені азайтты. Аталған тетік аясында 3 мыңнан астам кепілдік беріліп, отандық бизнестің тұрақты дамуына қосымша мүмкіндік жасалды.

Ірі бизнесті қаржылай қолдауға Қазақстанның даму банкі бағытталған. Өткен жылы банк 77 инвестициялық жоба мен экспорттық операцияны 2,3 трлн теңге сомасына қаржыландырды. Нәтижесінде, 10 ірі өндірістік нысан жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында жылына 90 мың автокөлік шығаратын толық циклді мультибрендті автомобиль зауытының құрылысы, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы жалпы қуаты 200 МВт жел электр стансаларының құрылысы және басқа да стратегиялық нысандар бар.

Қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығуын Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдайды. Агенттік металлургия, машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да салалардағы 131 экспорттаушыға 653,7 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті. Ірі мәмілелер қатарында Sapa Trade Company  ЖШС қарызын сақтандыру, «Шин-Лайн» ЖШС айналым қаражатын толықтыру, сондай-ақ «Прима Құс» ЖШС құс етін өндіру зауытының құрылысына берілген қарызды сақтандыру бар.

Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңдеу секторы кәсіпорындарына көрсетілген қолдау көлемі 418,5 млрд теңгеге жетті. Қолдау құралдарын 69 шикізаттық емес сектор кәсіпорны пайдаланды, оның 61%-ы шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі.

Шикізаттық емес сектордағы инвестициялық белсенділікті  Qazaqstan Investment Corporation (QIC) жүйелі түрде арттырып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, құрылымның жаңа инвестицияларының көлемі 13 есеге өсті. QIC қатысатын қорлар арқылы өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, инфрақұрылым және технологиялық жобаларды қамтитын 15 жобаға 787,5 млрд теңге көлемінде қаржы тартылды.

Жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Астана халықаралық қаржы орталығы базасында тікелей инвестициялар қорларының жаңа архитектурасының қалыптасуы болды. Негізгі жоба ретінде ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған, мақсатты көлемі $4 млрд-қа дейінгі Kokzhiyek Fund L.P. және экспортқа бағдарланған ауыл шаруашылығына, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға инвестиция салатын, мақсатты көлемі $1 млрд-қа дейінгі Adal Fund L.P. құрылды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша өткен жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі рекордтық 549 млрд теңгені құрады. Бұл 8,5 млн гектар алқапта ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Осы кезеңде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені рекордтық көлемде астық алды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, астықтың жалпы өнімі 27,1 млн тоннадан асты. Уақытылы әрі қолжетімді қаржыландыру диқандарға егіс және егін жинау науқандарын оңтайлы агротехнологиялық мерзімде өткізуге мүмкіндік берген негізгі факторлардың бірі болды.

Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ бірлесіп ұсынған қаржыландыру көлемі 1,1 трлн теңгені құрады. Бұл – отандық агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың ең жоғары көрсеткіші.

Қаражат көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңартуға, ауыл тауар өндірушілерінің айналым қаражатын толықтыруға, сондай-ақ өңдеуді дамытуға және азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыруға жұмсалды.

Отандық тауар өндірушілерге елеулі қолдауды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ көрсетеді. Қаралған қаржы жаңа кәсіпорындар құруға және жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға бағытталады. Кәсіпорындар заманауи жоғары технологиялық жабдықтарды енгізіп, өндірістік желілерді жаңартып, өнім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда. 2024-2026 жылдары қор 153 отандық тауар өндірушіге жалпы сомасы 943 млрд теңгеден астам қолдау көрсетті.

«Бәйтерек» холдингінің даму институттары жұмысының негізгі бағыттарының бірі – азаматтарды қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету. 2025 жылы «Отбасы банк» тетіктері арқылы 77 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» тарапынан тұрғын үй құрылысын қолдау көлемі 700 млрд теңгеден асты. Бұл шамамен 3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік берді, бұл елдегі көппәтерлі тұрғын үйді жалпы енгізу көлемінің 22%-ын құрайды.

Толық өндірістік цикл – өнеркәсіптік тәуелсіздіктің негізі

Қаржылық ынталандыру нақты сектордың дамуымен тығыз байланысты. Үкіметтің басты назарында Президент қойған міндетті жүзеге асыру мақсаты тұр, ол – ел ішінде шикізатты терең өңдеуден бастап, қосылған құны жоғары дайын өнімді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды құру. Локализацияны дамыту импортқа тәуелділікті азайтуға, отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға және жаңа жоғары өнімді жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Осы жұмыс шеңберінде 2024 жылдан бері Қазақстанда ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жеңіл өнеркәсіпте мақта өңдеудің толық циклін қалыптастыру негізгі векторға айналды: мәселен, Түркістан облысындағы  TURAN  АЭА аумағында «Түркістан тоқыма» ЖШС LIHUA GROUP-пен бірлесіп иіруден бастап дайын үй тоқыма бұйымдарын шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын толық өндірістік циклді заманауи тоқыма кешенін салады. Кәсіпорын мақтаны терең қайта өңдеп, жаңа текстиль өнімін шығарады. Онда 1,3 мың жұмыс орны құрылады.

Қазақстандық автомобиль жасау саласы сапалы динамика көрсетіп отыр, мұнда кәсіпорындардың құзыреті бұрынғы ірі тораптық құрастырудан бүгінгідей шағын тораптық құрастыру операцияларын орындауға ауысқан. Соның арқасында кейбір автомобиль маркалары бойынша локализациялаудың орташа деңгейі 40%-ға жетті. 2024-2025 жылдар аралығында қуаттылығы жылына 70 мың авто болатын Kia Qazaqstan және мультибрендтік Astana Motors Manufacturing Kazakhstan автозауыттары пайдалануға берілді. Соңғысы жылына Changan, Great Wall Motor және Chery үшін 120 мың авто шығарады.

Сонымен қатар құрамдас база да кеңейтілуде: Саран қаласында Tengri Tyres шина зауыты іске қосылды, Алматыда Hyundai мультимедиялық жүйелерін, HVAC модульдерін және еден жабындарын шығаратын Kazakhstan Mobility Engineering және автоорындықтар шығаратын Almaty Autoparts Production кәсіпорындары, ал Қостанайда автокомпоненттердің мамандандырылған Локализациялық орталығы жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығы және теміржол машиналарын жасауда «АгромашХолдингKZ» базасында John Deere техникасын өндіруді бастау, Valmont Industries компаниясының Valley жаңбырлатып су шашу машиналарын локализациялау, Астанада швейцариялық Stadler жолаушылар вагондарын құрастыру және Wabtec локомотив зауытында локализация деңгейін 45%-ға жеткізу маңызды қадам болды.

Сонымен қатар  XCMG Group-пен (Barys Truck Manufactory ЖШС) арнайы техникалар, Саранда Samsung компаниясының теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығару және Алматыдағы Xiaomi теледидарларын құрастыру жолға қойылған.

Сондай-ақ  Петропавл қаласында «ҚАЗТЕХМАШ» машина жасау зауыты» ЖШС-ның өндірістік алаңында LiuGong әлемдік брендінің жол-құрылыс техникалары өндірісі ұйымдастырылды.

Металлургия мен химия өнеркәсібінде үлкен диаметрлі болат құбырларды («ТЭМПО-Казахстан»), алюминий қаптамасын (QazAlPack), алюминий радиаторларын (Silumin of Qazaqstan), сондай-ақ сұйық шыны, натрий силикаты және метилэтанол шығаратын зауыттар іске қосылды.

Мұндағы жүйелі нәтижені кешенді мемлекеттік қолдау қамтамасыз етіп отыр. Өнеркәсіптік жобаларға «Бәйтерек» холдингінің даму институттары арқылы ұзақ мерзімге жеңілдікпен қаржы берілуде, 21 инвестициялар туралы келісім жасалған, «Атырау», «Ақтөбе», «Қорқыт Ата» және «Алатау» ИСЛК»-ларды қоса алғанда 11,1 трлн теңгеден астам инвестиция тартқан 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр.

Жалпы алғанда, ішкі тұрақты сұраныстың, ЕАЭО мен Орталық Азия нарығына шығу мүмкіндігінің болуы, шикізат базасы мен өнеркәсіптік преференциялар инвесторларды қарапайым құрастыру өндірісінен отандық қосылған құнның жоғары үлесі бар толыққанды тізбектерді қалыптастыруға көшуге ынталандырып отыр.

Ірі кәсіпорындардың айналасындағы шағын және орта бизнес

Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Үкімет ірі кәсіпорындардың айналасында тұрақты ШОБ желісін құруды көздейтін кәсіпкерлікті дамытудың жаңа моделін қалыптастыруда. Тауарлар мен жиынтықтауыштарды өндіруге, қызметтер көрсетуге және сервис жасауға қатысы бар өңірлік бизнесті дамытуға басты назар аударылып отыр. Бұл тәсіл өндірістік кооперацияны кеңейтеді, ел ішінде қосымша құнды локализациялауға және құруға ықпал етеді.

Мұндай экожүйені қалыптастыру үшін мемлекет бизнесті қолдаудың қаржылық құралдарын жетілдіруде. Негізгі тетіктердің бірі – 2025 жылы іске қосылған «Өрлеу» жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы. Ол жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге, кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға және өңдеуші өнеркәсіп, агроөңдеу, логистика, білім беру, сондай-ақ денсаулық сақтауды қоса алғанда, экономиканың басым секторларында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға бағытталған.

2025 жылы «Өрлеу» бағдарламасы аясында 588 млрд теңге сомасына 2 278 жоба қаржылай қолдау алды. Бағдарламаның жинақталған портфелі ірі индустриялық-экономикалық орталықтар мен индустриалды дамыған өңірлерде ең жоғары белсенділік көрсетті. Тартылған қаражат көлемі бойынша Алматы қаласы (104 млрд теңгеге 319 жоба), Астана қаласы (90 млрд теңгеге 268 жоба), Алматы облысы (56 млрд теңгеге 150 жоба) және Шымкент қаласы (52 млрд теңгеге 182 жоба) көш бастап шықты. Қаржының едәуір көлемі Қостанай (30 млрд теңге), Қарағанды (29 млрд теңге) және Ақтөбе (23 млрд теңге) облыстарына бағытталды.

2026 жылдың басынан бастап «Өрлеу» бағдарламасы аясында 23 млрд теңге шамасында тағы 131 жоба қаржыландырылды. Биыл қаражаттың ең көп көлемін Ақтөбе облысы тартты, онда ірі бастамаларды жүзеге асыру есебінен 7,4 млрд теңгеге 12 жоба қаржыландырылды. Жоғары қарқын Астана (4 млрд теңгеге 24 жоба), Алматы (3,7 млрд теңгеге 21 жоба) және Шымкент (1,4 млрд теңгеге 12 жоба) қалаларында, сондай-ақ Қарағанды (0,7 млрд теңгеге 8 жоба) және Абай (0,7 млрд теңгеге 10 жоба) облыстарында сақталып отыр.

Қаржы екінші деңгейлі банктер мен «Даму» қорының бірге қаржыландыру шарттары арқылы ұсынылып отыр, бұл ретте түпкі қарыз алушы үшін мөлшерлеме 12,6%-дан аспайды. Қаржыландырудың максималды көлемі инвестициялық жобалар үшін 7 млрд теңгеге және айналым қаражатын толықтыру үшін 3,5 млрд теңгеге жетеді. 

Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2025 жылдың соңында бекіткен «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендердегі, аудан орталықтарындағы және шағын қалалардағы микро және шағын кәсіпкерлік жобаларына қолдау көрсетіліп келеді. Жергілікті өндіріске, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуге, қолөнерге және аймақтық қосылған құн тізбегін құратын басқа да бағыттарға басымдық берілген. Қызметтің басым түрлерінің тізбесін әкімдіктер аумақтардың мамандануын ескере отырып айқындайды.

Кәсіпкерлерді қолдау несиелерді субсидиялаудан және инженерлік желілерге қосылудан бастап үй-жайларды, жер учаскелерін беруге және оқытуға дейінгі қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық шараларды қамтиды. Осы жылдың шілде айының соңындағы жағдай бойынша мамандар 127 аудан мен 16 қалаға 146 рет барып, кәсіпкерлерге 1,8 мыңнан астам кеңес берді. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2026 жылы 24 млрд теңге қарастырылған, бұл 5 мыңға жуық жаңа жобаны қолдауға мүмкіндік береді. Тамыз айының басында жалпы сомасы 18 млрд теңге болатын 266 жоба қолдау тапты.

Қабылданып жатқан шаралар ірі кәсіпорындардың айналасындағы отандық жеткізушілердің желісін кеңейтуге, сондай-ақ өнімді, сервисті және мердігерлік жұмыстарды локализациялауға ШОБ тарту үшін жағдай туғызады. Бұл өндірістік кооперацияны дамытуға, өңірлерде жұмыспен қамту мен бизнес табысының өсуіне, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.

Энергетикадағы қазақстандық мазмұн үлесі

Отандық өндірушілерді қолдаудың жеке бір бағыты жабдықтарды, тауарлар мен қызметтерді ең ірі тұтынушылардың бірі саналатын энергетикалық сектормен де байланысты.

Үкімет Энергетика министрлігі атынан жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы қазақстандық мазмұн үлесін ұлғайту жөніндегі шаралар кешенін жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Негізгі міндет – отандық өндірушілерден сатып алу көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар ұлттық өнеркәсіптің ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ететін мемлекеттің, ірі операторлар мен бизнестің өзара іс-қимылының тұрақты жүйесін құру.

Отандық өндірушілерді қолдауды күшейту үшін заңнама жетілдірілуде. Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттарында тауарларды сатып алу кезінде жергілікті қамтудың ең аз үлесі бекітіледі, елішілік құндылық бойынша міндеттемелерді орындау үшін жауапкершілік күшейтіледі. Отандық өндіруші болған жағдайда сатып алу қазақстандық тауар өндірушілер арасында жүргізіледі, ал елішілік құндылықтың ең аз үлесі жұмыстар мен қызметтерде 50% және жобалау жұмыстарында 80% деңгейінде белгіленген.

Еліміздің Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған секілді ірі мұнай-газ жобаларына ерекше көңіл бөлініп отыр. «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» және NCOC операторларымен бірлесіп қазақстандық тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің үлесін жыл сайын ұлғайтуды, ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасуды, жаңа өндірістерді локализациялауды, сондай-ақ белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша компаниялардың басшылығы үшін KPI енгізуді көздейтін жергілікті қамтуды дамытудың бес жылдық бағдарламалары жүзеге асырылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша осы бағдарламаларды орындау елішілік құндылықты арттыру және отандық өндірушілердің ірі мұнай-газ жобаларына қатысуын кеңейту жөнінен оң серпінді көрсетті.

Мұнай-газ саласындағы машина жасауды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. IMBC орталығымен бірге ірі операторлардың қажеттіліктері де зерделенді: нәтижесінде, 19 перспективалы тауар санаты анықталды, 120 мыңнан астам позиция қаралды және жоғары сұранысқа ие 160-тан астам өнім түрі анықталды. Олардың негізінде өндірістерді Қазақстанда локализациялау үшін нақты бағыттар қалыптастырылды.

Бүгінде  Қазақстанда мұнай-газ саласына арналған бірегей жабдықтардың 10 өндірісі локализацияланды, олар – бекіту арматурасы мен бақылау-өлшеу аспаптарынан бастап химиялық реагенттерге, композиттік материалдарға және коррозияға қарсы жабындарға дейінгі өндіріс орындары. 2027 жылға дейін әлемнің жетекші өндірушілерін тарта отырып, сұранысқа ие өнімдердің тағы 15 өндірісін локализациялау жоспарлануда.

Сонымен бір мезгілде мұнай-газ компаниялары мен отандық өндірушілер арасында ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу тәжірибесі де кеңейтілуде. Егер 2024 жылдың қорытындысы бойынша, мұндай ұзақмерзімді келісімдердің сомасы 21 млрд теңгені құраған болса, 2025 жылы ол екі еседен астам, яғни 49 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Оң динамика 2026 жылы да сақталмақ. Министрлік импортты алмастыру әлеуетін анықтау мақсатында сатып алуларға тұрақты негізде талдау жүргізіп келеді, сондай-ақ мұнай-газ саласы үшін жабдықтар мен қызметтерді жеткізуге қазақстандық өндірушілердің қатысуын кеңейту бойынша жер қойнауын пайдаланушылармен бірлескен кеңестер ұйымдастырылуда.

Шаралар кешені елішілік құндылықты нығайтуға, өнеркәсіптік базаны кеңейтуге және қазіргі заманғы өндірістерді локализациялауға бағытталған. Бұл мұнай-газ саласының импортқа тәуелділігін төмендетуге, технологиялық құзыреттерді дамытуға, инвестициялар тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

Отандық өндірушіні қолдау – экономикалық өсудің жаңа моделінің негізі

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында ұлттық экономиканы одан ары жаңғырту және азаматтардың әл-ауқатын дәйекті түрде арттыру үшін берік құқықтық және институционалдық іргетас қаланды. Жергілікті өндірісті дамыту, қазақстандық қамту үлесін кеңейту және бизнесті қаржылық қолдау жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыру негізгі конституциялық бағдарларға тікелей жауап бола алады.

Мемлекет қабылдайтын барлық шаралар нәтиже беруде: өндіріс пен инвестиция көлемі өсуде, отандық кәсіпорындар саны артуда, ШОБ үшін мүмкіндіктер кеңеюде, қазақстандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтардағы позициясы нығаюда. 

Толық өндірістік циклды құру, ШОБ-тың аймақтық белдеуін тиімді локализациялау және дамыту – өнеркәсіп пен ел экономикасының орнықты дамуының негізіне айналуда.

Осылайша, отандық тауар өндірушілерді ынталандыру өнеркәсіптік саясаттың ағымдағы құралы ғана емес, мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіндегі Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық тәуелсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігінің басты драйверіне айналып келеді.