Парапауэрлифтингтен әлем чемпионы Гузал Ергешева Ұлыбританияда қайтыс болды

Қаралы хабарды тележүргізуші Әдел Оразалинова әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді.

Қазақстандық спортшы, парапауэрлифтингтен әлем чемпионы Гузал Ергешева 8 тамызда Ұлыбританияда қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Параспортшы соңғы уақытта күйеуімен бірге Ұлыбританияда тұрған.

Қаралы хабарды тележүргізуші Әдел Оразалинова әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді. Оның айтуынша, Гузал Ергешевамен 30 жылға жуық уақыт бойы жақын дос болған.

Оразалинованың мәліметінше, спортшы түнде ұйықтап жатқан кезінде талмасы ұстап, қайтыс болған. Қайғылы жағдайдан бір күн бұрын Ергешева күйеуінің туыстарымен уақыт өткізіп, кейін досымен кездескен.

«Ол жүрегі махаббатқа толы, сүйікті, жарқын, алға қойған жоспары көп және достыққа адал жан еді», – деп жазды Әдел Оразалинова.

Қазір Гузал Ергешеваның отбасы оның денесін Қазақстанға жеткізу мәселесін ұйымдастырып жатыр. Осыған байланысты Әдел Оразалинова әлеуметтік желідегі оқырмандарынан Ұлыбританиядан Қазақстанға репатриация жасау тәртібі туралы ақпаратпен бөлісуді сұрады.

Сондай-ақ ол Қазақстан консулдығының өкілдерімен байланыс орнатуға көмектесуді өтінді.

Айта кетейік, 2017 жылы Гузал Ергешева Канадада өткен бойы аласа спортшылар арасындағы пауэрлифтингтен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған.