Бүгін Respublica партиясының кандидаттары Ақтау қаласындағы бірқатар кәсіпорында болып, өндіріс жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz
Алғашқы кездесу «OPTIMUM» жобалау институтында өтті. 2000 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания мұнай-газ саласына ғылыми-зерттеу, жобалау және инжиниринг қызметтерінің толық циклін көрсетеді. Институт кен орындарын игерудің барлық кезеңіне – геологиялық барлаудан бастап өндірістік инфрақұрылымды жобалауға дейін қатысып келеді.
2021 жылы кәсіпорын Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды.
Кездесу барысында Құрылтай депутаттығына кандидат Мейрамгүл Мәдәлі инженерлік кадрлар мен отандық сараптаманың ел экономикасын дамытудағы маңызына тоқталды.
«Қуатты экономика тек өндірістен тұрмайды. Кез келген ірі өндірістік жобаның артында инженерлер, жобалаушылар мен білікті мамандар тұрады. Олар – елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын азаматтар. Сондықтан мұндай кәсіби құзыреттердің Қазақстанда дамып, өз елімізде қызмет етуі біз үшін аса маңызды», – деді Мейрамгүл Мәдәлі.
Келесі нысан – «WEST HIM TECHNOLOGY» ЖШС-нің өндірістік цехы, ол қазақстандық кәсіпорын жуу, тазалау және дезинфекциялау құралдарын өндірумен айналысады. Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Сәкен Қарин отандық өндірісті қолдау дәл осындай кәсіпорындарды қолдаудан басталатынын айтты.
«Отандық бизнесті қолдау дегеніміз – дәл осындай кәсіпорындарға жағдай жасау. Олар Қазақстанда өнім шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың қосылған құнын қалыптастырады. Біздің міндетіміз – қазақстандық өндірушілердің өндірісін кеңейтуіне, инвестиция тартуына және әділ бәсекеге қабілетті болуына қолайлы орта қалыптастыру», – деді Сәкен Қарин.
Үшінші кездесу Маңғыстау өңірлік электр желілік компаниясында өтті. Кәсіпорын облыс аумағында электр энергиясын жеткізу және тарату қызметін жүзеге асырады. Компанияның электр желілерінің жалпы ұзындығы 5,4 мың шақырымнан асады.
Кездесу барысында партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров Respublica партиясының жаңартылған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, еңбек ұжымдарымен кәсіпкерлікті дамыту, отандық өндірісті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек жағдайын жақсарту мәселелерін талқылады.
Respublica партиясының Ақтаудағы үгіт-насихат жұмыстары қала тұрғындарымен, жастармен, блогерлермен және партия жақтастарымен өтетін кездесулермен жалғасады. Күн соңында 700-ге жуық қатысушыны жинайтын партия жақтастарының форумы өтеді.