TikTok әлеуметтік желісінде «Золотая женщина» лақап атымен танылған Байзақ ауданының 41 жастағы тұрғыны Лайло Қасымова тікелей эфир кезінде балағат сөздер қолданғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жамбыл облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, әйелге бірнеше рет ескерту жасалып, профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Бірақ ол бұл әрекетін тоқтатпаған. Сонымен қатар тікелей эфирлер барысында өзінің кәмелетке толмаған балаларына қатысты да балағат сөздер айтқан.
Осыған байланысты полиция, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мен басқа да мүдделі қызметтердің қатысуымен балалардың тәрбиелену және тұру жағдайларына тексеру жүргізілді. Қазіргі уақытта балалар әкесінің қарауында.
«Жедел медициналық жәрдем бригадасының тексеруінен кейін Лайло Қасымова ем қабылдау үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін лайк пен донат үшін TikTok-та шектен шыққан тоғыз қазақстандықтың жауапқа тартылғаны хабарланған еді. Олардың қатарында Лайло Қасымова да бар. Балағат сөздер, төбелес, жалған ұрлау көріністері және хайп үшін түсірілген эфирлер құқық қорғау органдарының назарына іліккен.
ІІМ цифрлық кеңістіктегі бақылауды күшейтетінін мәлімдеген.