Елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті биыл да еліміз бойынша ең танымал әрі сұранысқа ие жоғары оқу орны мәртебесін сақтап қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
2026 жылғы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық конкурс қорытындысы бойынша бұл оқу орны рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Биыл Еуразия ұлттық университетін шамамен 4 500 грант иегері таңдаған. Бұл – Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі ең жоғары көрсеткіш. Айта кетерлігі, оқуға түскен дарынды жастардың сапалық құрамы өте жоғары. Университет табалдырығын аттаған талапкерлердің 3 500-ге жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) 100-ден 140-қа дейінгі ең жоғары балл аралығында нәтиже көрсеткен.
Бүгінде жастар арасында еңбек нарығының талабына сай келетін практикалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Биылғы грант иегерлері де ЕҰУ-дағы келесі негізгі бағыттар бойынша білім беру бағдарламаларын көптеп таңдаған:
Педагогика және тәлімгерлік;
Инженерия және өндіріс;
Өңдеуші өнеркәсіп пен құрылыс;
Жаратылыстану ғылымдары.
Университеттің үшінші жыл қатарынан үздік нәтиже көрсетуі туралы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов өз ойын былай деп білдірді:
"Үшінші жыл қатарынан ЕҰУ-ды ҰБТ-дан ең жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлер таңдауда. Бұл – мектеп түлектері мен олардың ата-аналарының университетке деген сенімінің айқын көрінісі. Жекелеген білім беру бағдарламалары бойынша шекті балдың 127-ге дейін көтерілгеніне қарамастан, бұл үрдістің сақталуы ерекше маңызды. Бұл дарынды жастардың ЕҰУ-да білім алуға деген жоғары қызығушылығын дәлелдейді», – деді университет басшысы.
Еуразия ұлттық университеті заман ағымына сай білім бағдарламаларын үнемі жаңартып отырады. Жаңа оқу жылында магистратура деңгейі бойынша еліміз үшін өзекті екі жаңа бағдарлама іске қосылады. Олар: «Жарық техникасы» және «Цифрлық криминалистика» мамандықтары. Бұл бағыттар болашақта отандық ғылым мен технологияның дамуына үлкен серпін бермек.
Жалпы алғанда, бүгінде қара шаңырақта білім берудің барлық сатысы қамтылған. Оқу орнында: Бакалавриаттың – 86 бағдарламасы;
Магистратураның – 118 бағдарламасы;
Докторантураның – 59 бағдарламасы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар іскерлік орта мен басқарушы кадрларды даярлайтын EMBA, MBA және DBA бағыттары бойынша 13 арнайы білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. ЕҰУ-дың бұл көрсеткіштері оқу орнының ел игілігі үшін сапалы маман даярлаудағы көшбасшылық орнын тағы бір мәрте айқындап берді.