Қазақстандық альпинистер, «Jasa Team» командасының мүшелері Омар Асербеков пен Григорий Щукин үш күн бойы Іле Алатауының биіктігін бағындырып, таудың 19 шыңын біртұтас үздіксіз маршрутқа біріктірді. Траверстің ұзындығы 27 шақырымнан асты, ал көтерілу кезіндегі биіктіктің жиынтық көөрсеткіші 4000 метрден асып кетті. Маршрут Чкалов шыңынан Қаныш Сәтбаев шыңына (Советтер шыңы) дейін жалғасып, «Халықтық траверс» деген атқа ие болды.
Альпинизмде траверс – аңғарға түспей, бірнеше шыңды бірінен соң бірін бағындыру дегенді білдіреді. Ол жоғары төзімділікті, техникалық дайындықты және тәуекел жағдайында шешім қабылдай білуді талап етеді. Бұл маршрут үздіксіздігімен ерекшеленді. Үш күн бойы спортшылар күрделі биік таулы рельефпен қозғалып, асуларда түнеді және техникалық тұрғыдан алғанда күрделі учаскелерден өтті.
Маршруттың 19 шыңды біріктіруі символдық мәнге ие. Бұл сан Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген 19 негізгі міндетпен үндеседі. Тауда маршруттың жекелеген учаскелерін баспай өту мүмкін емес екені сияқты, стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру барысында да бірізділік, нақтылық және командалық жұмыс талап етіледі.
Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны кезеңінде дәл осы спорттық нәтиже қосымша қоғамдық мәнге ие болып отыр. 19 шыңды бағындыруды бір міндеттен екіншісіне қадам-қадаммен, жеңіл және қысқа жолдарға жүгінбей өту арқылы алға жылжу идеясын бейнелейтін символдық бастама ретінде қарастыруға болады.
Қазақстанның Альпинизм федерациясын басқаратын Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов мұндай бастама спортта да, мемлекеттің дамуында да маңызды құндылықты айқындайтынын атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі еліміздің дамуының негізгі тірегі ретінде спортты ілгерілетуге, тәртіпті нығайтуға және еңбектің рөлін арттыруға көңіл бөліп келеді. Бұл қағидаттар Қазақстан Халық партиясының бағдарламасында да көрініс тапқан. Оның өзегінде еңбек адамы және оның мемлекеттің тұрақты болашағына қосатын үлесі тұр. Тауда да, өмірде де тәртіпсіз, жауапкершіліксіз және командалық жұмыссыз шыңға жету мүмкін емес. Маршрутты бірізділікпен өту – еңбек, табандылық және бірлескен күш-жігер арқылы елді қалай дамытуға болатынын көрсететін көрнекі модель. Әрбір шың күш-жігерді талап етеді, олардың барлығы бірігіп ортақ нәтиже қалыптастырады, – деді Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов.
«Халықтық траверстің» әрбір шыңы дамудың жекелеген бағытының метафорасы іспетті: ол әлеуметтік әділеттілік пен еңбек адамына қолдау көрсетуден бастап, инфрақұрылымды, білім беруді, технологиялар мен өңірлерді дамытуға дейін игі бастамаларды қамтиды. Мұндай жолды бір сәтте жүріп өту мүмкін емес. Ол төзімділікті, жауапкершілікті және түпкі мақсатты нақты түсінуді талап етеді.
«Jasa Team» мүшелері ұстанатын альпинизм философиясы әмбебап қағидаттарды көрсетеді: нәтиженің шынайылығы, жеке жауапкершілік және аса жоғары жүктеме жағдайында команда болып жұмыс істей білу. Бұл құндылықтар қоғамның тұрақты дамуына негіз болады және еліміздің ұзақ мерзімді міндеттерін жүзеге асыру тәсілдерімен үндеседі.
«Халықтық траверс» тек маңызды спорттық жетістікке ғана емес, күрделі рельеф арқылы тәуекелдерді ескере отырып, бірлескен күш-жігермен алға жылжудың көрнекі бейнесіне айналды. Қазақстанның негізгі даму міндеттерін жүйелі түрде шешу үшін дәл осындай тәсіл қажет. Халық партиясы мұны халықтың қолдауымен жүзеге асырады.